Өнермен өрілген өмір

Өнермен өрілген өмір

Беу, дүние-ай! Жақсылардан да қалған жалған ғой бұл өмір! Журналист, жазушы, өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім дүние дидарынан озыпты. Әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың Парижде орындаған «Балқадиша» әнін шетелдің мұрағатынан тауып алып, жариялаған Жарқын аға еді. Жақсылыққа жаны құмар Жарқын ағаның еңбегі 2017 жылы өткен бас қаладағы «ЕXPO» жәрмеңкесінің эталонына айналды. Ұзақ жылдар Әміренің аты аталмай, бейіті қараусыз құлап жатқан атақты әншінің қорымын жөндетуге жан ұшыра жүгірді. Оны біреу біліп, біреу білмейді. Одан өзге қазақ музыкасында ән-күй тарихын зерттеп, елеусіз кеткен, көмескі тартқан талай күйші, жыраудың туындыларын жарыққа шығарды.

Бір кісілігі жоқ, адам баласына жасым үлкен еді деп дауысын салмақтап сөйлемейтін. Ашық, қарапайым. Кез-келген адаммен тіл табысып, шүйіркелесе кететін азамат еді. Өнер тақырыбы Жарқын аға үшін жанына ең жақын дүние. «Хабар» телеарнасының  «Өмір жолы» бағдарламасында Әміре Қашаубаев, Нұрғиса Тілендиев, күйші Аққыз Ахметқызы туралы ел біле бермейтін тың деректермен толықтырып талай мәрте сұхбат берді. Жасы келсе де тілдесуге келіскен жерге ауырсынбай жетіп, өнер үшін өмірден өткенше адал қызмет етті. Жарқын ағаның бейнесі жадымызда сонысымен сақталады.

Нұрлан Қазиұлы