Қырғыздардың «киллері»

Қырғыз айтыс ақындары Оразалы Досбосынов десе мысы басылып, сөзден де, әзілден де ұтылатынын күні бұрын білетін. Оған себеп те бар. Оразалы дүниеге келген Тегістік ауылы - тонның ішкі бауындай қырғыздармен қоян-қолтық араласып отырған елді мекен. Арғы-бергі тарихты, қырғыз бен қазақтың қарым-қатынасын жақсы білетін Ораз айыр қалпақты ағайынға сөзден есе жібермеді. Тереңнен толғайтын тарих тақырыбынан бастап, ешбір қарсыласының намысына тимей, ақырын сөзбен жығатын әзілімен әрқайсысын жеңіп жүрді. Бір рет қана Бішкекте өткен айтыста Оразға тола қырғыз бас бәйгені бермей, өздерінде алып қалып, обал жасағаны бар. Есесіне 2006 жылы Алматы қаласында өткен Махамбет Өтемісұлына арналған халықаралық айтыста Оразалы Қырғызстанның Елмербек, Жеңішбек атты мықты ақындарымен айтысып, жеңді. Туғанбай Әбдиев деген Қырғыстанның халық әртісі, айтыс ақыны, сыйлы ел ағасы шынаршақтай Ораздың ойлы сөзіне, орынды әзіліне разы болып:

Баладан қалдым, қалдым деп,

Айналып кете барам да айылыма (қаз: ауылыма), - деп жеңілгенін ашық мойындап ерге тән ірілігімен еліне қайтты.

Сөз түсінетін ел ғой. Қырғызстан айтыс қоғамдық қорының төрағасы Садық Шернияздың өзі Жүрсін Ерманға келіп, «мына Оразалы  қырғыз айтыс ақындарының «киллері» болды ғой» деп әзілді-шынды айтқаны бар. Содан кейін күллі айтыс ауылы Оразды «Қырғыздардың киллері» деп атап кетті.

13 сәуірде сағ 12.15-те «Хабар» телеарнасында көрсетілетін «Бір туынды тарихы» бағдарламасында Оразалы Досбосыновтың шығармашылығы, өмірі, отбасы қамтылады. Қараңыздар!

Нұрлан Қазиұлы