Орхон жазбасы

1973 жылы Алматы іргесінен Орхон-Енисей таңбасымен жазылған үлкен қойтас әлемдік археология ғылымында «сенсацияға» айналды. Күллі Кеңес Одағының ғалымдары тастың біздің дәуірімізге дейінгі VI-IV ғасырға тиісілі екенін ғылыми қисындарды келтіре отырып жазды. Қазақ Ғылым академиясының  мүйізі қарағайдай акадимиктері С.Кеңесбаев, А.Қайдаров көшпенділерде жазудың болғанын нақтылауға бұл тастың  таптырмас дәлел екенін айтты.

1973 жылы салмағы 8 тонналық  тасты салтанатты түрде Алматының көшелерімен алып өтіп, Ғылым академиясының алдына қойды. Бірнеше ғалым ғылым кандидаты, ғылым докторы атағын қорғау үшін күндіз-түні ғылыми еңбек жазып жатты. Алайда кенеттен бұл тастың тарих қойнауынан келе жатқан археологиялық дерек емес, «Қыз Жібек» көркем фильмінің декорациясы үшін пайдаланған тас екені белгілі болды. Оны  декораторлар С. Маловтың «Моңғолия мен Қырғызстандағы ескі түркі жазбалары» кітабына қарап, жазбаларды ұқсатып қашаған. Төлеген рөлінде ойнаған Құман Тастанбековтің өзі де декораторларға көмектесіп, қолына  балға алып қашап жатқан көрінісі әлі күнге бар.

Осы жалған «сенсациядан» кейін Ғылым академиясының ғалымдары «Қазақфильм» киностудиясының қызметкерлеріне ренжіп, екі ұжым бір-бірімен ұзақ жылдар мүлде араласпай қалған.