Көкте болған апат

Көкте болған апат

Өрімдей жас жігіттер. Әрқайсысы бір отбасының асыраушысы, әкесі, ағасы, баласы. Жуырда ғана Қызылорда облысында әскерилердің тікұшағы құлап, 13 отбасы әп сәтте қара жамылып қалғаны белгілі. Сарбаздар ел қорғауда өлім құшса, әлбетте ерлікке баланар еді, ал мына ажал әуе техникасының істен шығуынан келді. Дәл осы Ми-8 тікұшағы 1988 жылы зауыттан шығыпты. Пайдаланғанына 30 жылдан асқан тікұшақтың мамандардың айтуынша әлі 8 жылдық ғұмыры бар екен. Алматыда күрделі жөндеуден өткен. Десе де, біздің әскеріміздегі болсын, төтенше жағдайлар комитетіндегі болсын әуе көліктерінің көбі ескірген. Осыдан тура 11 жыл бұрын  Қызылорда  облысының  әкімі М. Құл-Мұхаммед мінген дәл осындай тікұшақ та жұрттың көзінше жалп етіп жерге құлады. Бес адам ажал құшты. Ішінде әріптесіміз, әкімнің баспасөз хатшысы Сахитжан Бермағанбетов те кетті. Ол ұшақтың да техникалық жағдайы оңып тұрмаған еді. Міне ескі Ми-8 қасіреті қайта жалғасып отыр. Ресейдің өзінде де «Ми-8» тікұшағы мың жерден сенімді техника болғанымен, ескіргеннің аты ескірген, өзге тұрмақ өздерінде құлауы көбейіп барады. Оның қасында бізде жүрген техникалар әбден қалжырап, «шаршаған».

Мемлекеттік комиссия «қара жәшікті» тауып, зерттеуге кіріскенімен әзірге қорытынды шығара қойған жоқ. Олар да жақын күндері бір байлам жасайды. Десе де, ҚР Қорғаныс министрлігінің әуе күштері басшысы Дәурен Қосанов тек үш қисын айтып болжам жасады. Апат әуе техникасының  бұзылуынан, ұшқыштар қателігінен, ауа-райының қолайсыздығынан деген себеп-салдар ішінде бәрібір бірінші себепті айтпаса да соған меңзеді. Ауа райының қолайсыздығында басқа 3 тікұшақ мақсатты жеріне жетті, ал осы техниканы ең мықты ұшқыштар тізгіндеген деп көнерген көліктің тек күрделі жөндеуден шыққанын айтты. Қалай айтқанда да, 13 отбасы асыраушысыз, әйел жесір, бала жетім қалды. Өзекті сол өртейді.

Нұрлан Қазиұлы