Танымал тұлғаның тағдыры

Танымал тұлғаның тағдыры

Әлемдік кино өнерінде аты қалған Чарли Чаплиннің комедиялық жанрда бағы жанғанымен өмірде бақытты болды деп айту қиын. Бейнеттің басы балалық шағында-ақ басталды. Чарлидің әкесі Чарльз де әлем таныған актер болғанымен шақалақ ұлы мен әйелін тастап, ішімдікке салынып кеткен. Анасы Ханна жоқшылықтың зардабын көп тартып, Чарлиге тамақты әзер тауып беретіндей дәрежеде өмір сүрді. Анасы да жергілікті театрда актер болып жұмыс істеді. Қиыншылықтан, іштегі өкпеден әбден азарланған анасының кейде саханада ән салуға шамасы келмей, дауысы шықпай қалатын. Осындай сәтте сахна сыртында тұрған 5 жасар Чарли анасының шарасыздығын көріп, шыдамай сахнаға шығып кететін. Осы кезден ақ бала актердің шеберлігі байқала бастады.

Десе де, анасы Ханнаның кейін есі ауып, психикалық ауруханада жатты. Әкесі Чарльз сол кезде ғана баласын жетелеп өз үйіне алып кетті. Әкесінің қолына барғанда да берекесі болмады. Әкесі ішкіліктен бас алмай жүргенде Чарли газет сатып, жан жалғаудың жәйімен жүрді. 1899 жылы бишілер тобына қосылып, би өнерінің қыр-сырын меңгере бастады. Мас адамның әрекетін салумен аты шыққан Чарли 18 жасқа толғанда Америкаға шақырту алды. 1919 жылы Чаплин жеке киностудия ашып, комедиялық фильмдерін түсіріп, атағы шаршы әлемге тарады.

6 рет үйленген актер тек 54 жасқа толған шағында Уна О’Нилмен бас қосып, ғұмырының соңына дейін бірге болды. 3 ұлдың, 5 қыздың әкесі атанды. Антиамерикалық өткір пікірлері үшін АҚШ танымал актерді елінен қуып шықты. Отбасымен Швейцарияда тұрды. Америка 1972 жылы «Оскар» сыйлығын ұсыну үшін санаулы күндерге ғана виза беріп, шектеулі мерзімнен кейін еліне қайтарды.

Нұрлан Қазиұлы