Ашуланған Батыр Баян

Қазақ ортасына танымал болып кеткен «Батыр Баян» көркем фильмінің соңында батыр санаулы сарбазбен кектеніп жоңғарларға шаппай ма?! Жоңғар батыры Жоржыны жекпе-жекте атынан аударып түсіріп, буындырып өлтіреді. Көркем фильм желісі бойынша, Абылайдың рұқсатынсыз жауға шапқан Баян батырға қазақ әскері арашаға түспейді. Сосын қаптаған жоңғар батырды найза ұшымен көтеріп, ажалын азапты етеді. Ал осы көріністі түсіру қаншалықты сәтті шықты? Осы сауалға жауапты актердың өз аузынан естідік.

«Жоңғар әскерінің киімін киіп алған, кілең білекті деген орыс-қазағы бар каскадерлерді алып келді. Режиссерлер мені көтеріп алу үшін найза қадайтын тұғыры бар арнайы темір кеудеше дайындатты. Өзімнің салмағым бар, сыртымнан киген дулыға, сауытым бар барлығы 150 келідей болды. Әлгілер жабылып мықшыңдап көтеріп, төбелеріне шығара бергенде мені жерге құлатып алды. Екінші рет көтере бергенде де сол жағдай қайталанды. Екінші рет аттардың арасына шаң-шаң болып құлағанда шындап ашуға булықтым. Әлгілермен керісіп, төбелесуге дейін бардым. Басқа амалын таппасаңдар мен бұл «жоңғарлардың» мына қорлығына төзбеймін дедім режиссерлерге. Барлығы ұзақ ойласты. Соңында жіңішке тросқа іліп, кәдімгі құрылыс кранымен көтеретін болды. Солай жасады да. Тросты көрермендерге байқатпау үшін көріністі операторлар төменгі жағынан түсірді», - дейді актер Жұмахан Әбдіқадіров сөз арасында.

Әлбетте, кино үшін қас-қағым сәтте көрсетіліп өткен бұл көріністің соңында әуреңге-сарсаңға қалудың мың бір машақаты жатыр. 1993 жылдардың басында түсірілген көркем фильм техникалық сапа тұрғысында сын көтермегенімен, идея, мазмұны жағынан көтпеген кинолардан әлдеқайда оқ бойы озық.

Осы көркем фильде көрермен көрмейтін, аңдамайтын құпияларын байқағыңыз келсе, жуырда «Хабар» телеарнасынан шығатын «Бір туынды тарихы» бағдарламасын қараңыз.

Нұрлан Қазиұлы