«Пожарный машинамен суық күзде су шашты»

«Батыр Баян» көркем фильмінің соңғы сәтінде жоңғар қызы Лағдамен қашқан Ноянның ажалы туған ағасынан болмай ма?! Адырнасын шіреп тұрып Батыр Баян Лағданы да, Ноянды да садақпен атып өлтіреді. Жаңбыр нөсерлетіп, қос ғашық құшақтасқан күйі құлайды.

«Кино Көкшетауда 2,5-3 бойы түсірілді. Лағданы, яғни жоңғар қызын сомдаған біздің актрисаның суға түсетін сәттері бар. Сол бір сәттер күннің суық кезіне тап келді. Өздеріңіз білесіздер, кинода 2-3 минутта өтіп кететін көріністер бір күн бойы түсірілуі мүмкін. Сондай бір суға түсіп жүрген сәтте жаурағанымыз есімізде. Үстімізде ештеңе жоқ. Бұтымызда дамбал, сонымен суға бірнеше қайтара түстік. Кейін көріністі көріп отырып, сол кездегі тоңғанымызды еске түсіреміз де, тіпті бозарып та кетеміз. Пожарный машинамен жаңбыр жасаймыз деп су шашты», - дейді Ноян рөлінде ойнаған актер Кеңес Нұрланов.

Қалай айтқанда да бұл көркем фильм қазақ өнерінің тарихында қалған туынды болды. Батыр Баян рөлінде ойнаған Жұмахан Әбдіқадіров көпшілік көрерменнің қазірге дейін көз алдында. Әлі күнге Жұмекеңді тараздықтар «Батыр Баян» атап, атағын асқақтатып келеді.

«Батыр Баян» көркем фильмін түсірудегі машақаты, қиындығы мен қызықты сәттері жөнінде жуырда «Хабар» арнасындағы «Бір туынды тарихы» бағдарламасынан көрсетіледі.

Нұрлан Қазиұлы