Әр әннің болады екен-ау тағдыры

Әр әннің болады екен-ау тағдыры

Осы әнді алғаш естіген кезде ақ көңілімді баурап, ән шумақтарын тез жаттап алдым. Үлкен сахнаға Нұрлан Өнербаев алып шықты. Ұмытпасам, «Тамаша» бағдарламасында алғаш шырқалған болу керек. Көбісі бұл әнді сағыныштан туған ән екен деп ойлайды. Арғы жағын қазбаласаң, қасірет жатыр. Сағыныштан сартап болған бауырлардың орындалмаған арманы жатыр.

- Мен бұл әнді алғаш естігенде қабылдай алмадым. Ержан Белғозиев «Бауырды аңсауды» алғаш орындағанда «жақсы ән екен» дедім де қойдым. Тарихын айтып берді. Жол апатынан қайтыс болған інісіне арнап шығарылған ән екенін білдім.  Арада екі-үш жыл өткенде өзімнен кейінгі тетелес інім жол апатынан қайтыс болды. Інім қайтқаннан кейін сахнаға шығып ән айту, елдің алдына шығу өте ауыр болды. Өзім қатты қиналып жүрдім. Содан күндердің бір күнінде осыдан үш жыл бұрын Ержанның айтып берген әні есіме түсті. «Әй, сондай бір ән бар еді» деп. Содан Ержанды тауып алып, қайтадан жаңағы әнді айтқан кезде менің іздегенім, менің жаныма керек, менің еңсемді басып жүрген жағдайға ем болар осы ән екенін түсіндім. Басқа түскенде басқаша болады екен», - деп әнші Нұрлан Өнербаев телеарнаға келгенде сұхбат барысында сыр етіп шерткен еді.

Иә, бауыры жол апатынан қайтыс болған кезде Ержан Белғозиев тіпті кісі баласына тіл қатудан қалыпты. Содан бір күні зайыбы екеуі қайынатасы Тұманбай Молдағалиевтің үйіне барғанда Тұмағаң:

- Ержан, гитара тартатын өнерің бар. Сөзін өзім жазып берейін, сен әнін шығар, - деп қайғысына ортақтаса, шығармашылықпен ішін шиырлаған шерді шығарсын деп ұсыныс жасаған екен. Көп ұзамай Ержан өлеңге музыка жазып, әншілердің назарына ұсынды.

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ