Өмір өтті-ау зырғып ағып

Көзі тірісінде қадірін білмей, өлгеннен соң ұлықтайтын екі ұлт болса, соның бірі - қазақ. Айтыс ақыны, журналист, ақын Есенқұл Жақыпбековтің өмірі тура осы өлшемге келеді. Мейрамбек Бесбаевтың «Өмір өтті» деп қоңыр дауысымен елге танымал болған бір әнінің өзі неге тұрады!

Ескі доспен кездескенде,

Есім шығып шын қуанып,

Өмір өтті ау зырғып ағып, зырғып ағып.

Өсем деген ұлды бағып,

Кетем деген қызды бағып.

Өмірімнің бара жатыр, жұлдызы ағып.

- деп өлеңмен өмірді өрген Есағаның өз өкініші де көп. Алматыға барып, жұмыс істегенмен үйі жоқтың күйі жоқ демей ме, жаз мезгілінде шырша түбіне түнеп жүрген ақын диуанадай болып жүнжіпті. Ауылдағы отбасының әбіржігенін көрген ол Алматыдай шаһарда тұруға шамасы келмегесін ауылда жүрді. Мектепте мұғалім болды. Той жағалай ән айтты, асабалық жасап, жан жалғады. Кейін аудандық газеттің бас редакторы болды. Елге барғанда Есағаңа өз дәрежесінде құрмет  көрсетілді деп айта алмайсыз.   

«Ең болмаса, екінің бірі алып жатқан «Ауданның құрметті азаматы» деген атақты да бермеді. Есенқұл екінің бірі емес еді ғой. Өлерінен бір ай бұрын әкімқаралар «Құрметті азамат атандырамыз» деп сәлем жолдапты. Осы бір болмашы құрметті Есенқұл қатты тосқан ғой. Жиналыста «Құрметті азамат» атанғандардың қатарында аты-жөні аталмай қалғанда Есенқұлдың қандай күйге түскенін түсініп отырған шығарсыз? Өлгеннен кейін екі том кітабын шығарыпты. Өздері үшін...»

Бұл Шымкенттік айтыс ақыны Әселхан Қалыбекованың күйініштен айтқан сөзі.

«Әсия екеумізге кездескен сайын Есенқұл «Қыздар-ау, менің атағым қайда? Айтысқа бәріміз қатар шыққан жоқпыз ба?» дейтін. Мұңды да түсінетін адамға айтады. Біздің қолымызда не билік бар дейсің! «Есенқұл-ау, ел-жұртың бар емес пе?» деп құтылатынбыз. Есенқұл да мен сияқты «Халық ақыны» атануы керек еді. Алматы облысында ақынын бағалайтын бір азаматтың табылмағанына қынжыламын».

Әсекеңнің осы сөзі Есенқұл ағамыздың шығармашылығына әдеби талдау жасауға түрткі болып «Сардарфильм» студиясының шығармашылық тобы «Хабар» арнасына арнайы дайындалатын «Бір туынды тарихы» бағдарламасына ұсынды. Қараңыздар!

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ