Танымал тұлғалардың әдеттері

Танымал тұлғалардың әдеттері

1. Тақырыптың аты айтып тұрғандай әлемдік саясатқа, өнерге, ғылымға жаңалық әкелген, жаһандық өзгеріс енгізе білген танымал тұлғалардың әдеттері туралы әңгіме өрбітпекпіз. Мәселен, Иосиф Сталин. Мұртты көсемнің өзі бір ұнатқан киімін әбден тозып, тесілгенше тастамайтын дағдысы болған. Әсіресе, салтанатты шараларға киетін туфлиі өзіне қатты ұнағандықтан, өле-өлгенше киіп өткен. «Ол туфлидің тозғаны соншалық былғарысы әбден қажалып, жарылып-жарылып жыртылып кетті. Туфлидің табанының әбден «желінгені» соншалық  абыройсыздыққа қала ма деп уайымдайтынбыз,-деп мұртты көсемнің оққағары Алексей Рыбин естелік жазып кеткен.  Маңайындағы адамдары бірде дәл сондай сапалы, ыңғайлы туфли тіктіріп, Сталиннің күтушісі Матрена Бузова арқылы беріп жіберіп, диванның астындағы орнына қойғызады. Керек кезінде туфлине қол созған сұсты Сталин айқай шығарады. Ескі туфлиін қайтадан алғызып, салтанатты кештерге, ресми қабылдауларына сол ескі аяқ киімін киіп жүрді.

2. Ал, әлемнің жартысын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Наполеон Бонапарт ваннада ыстық суға жуынуды дағды еткені  соншалық күніге бірнеше мәрте ванна қабылдайды екен. Сол судың бабын жасап, ваннаны дайындауға арнайы күтуші ұстаған. Бонапарт ең кемі әр ваннаға түскен сайын сағаттап отырған. Келген адамдарды да сол жерде қабылдап, түрлі хаттарды да ваннада өзі айтқызып отырып жаздырған. Әскери экспедиция кезінде сарбаздары Наполеонның ваннасын арқалап әлекке қалады екен. Өлерінің алдында аралда оңашалау тұрған кезде де күні бойы ыстық ваннадан шықпай қойған. Сол арқылы әлем патшасы ләззат алған.

 

3. Әлемдік физика ғылымына жаңалық ала келген Альберт Эйнштейн ешқашан шұлық киместен өткен. «Шұлық тесіліп қалады, оны киюдің өзі түкке тұрғысыз»,-деп шұлыққа қатысты пікірін айтқан. Ресми кездесулерге, ғалымдардың ортасында өтетін жиындарға қонышы сәл биіктеу бәтеңке, туфли киіп, шұлығының жоғын байқатпайтын әрекетке барған.

4. Француз жазушысы Оноре де Бальзак түнде шығарма жазуға отырғанда қасына кофе қоймаса бастамайтын болған. «Кофе деген қаныңды сұйытып, шығармашылық ойлануға қабілет,құштарыңды ашатын сыйқырға ие. Кофе ішіп алсам ақ қағаз шимақталып шығармалар тізбегі жеңіл, өнімді болып түсе береді,-деп Бальзак кофеге деген ынтазарлығын жазған. Жылдар өте келе жазушының кофеге тәуелділігі артып, бірінен соң бірін ішетін болған. 48 сағатқа дейін тоқтаусыз жазатын дәрежеге келді. Деседе атақты жазушының ажалы да кофеден болды. Шамадан тыс ішілген кофе жүректі шыдатпай, жазушының өмірін жалмап тынды.  

5. АҚШ-тың  экс-президенті Барак Обаманың көліктегі кондиционерге қаралай жыны тырысады екен. Өзінің президенттік көлігіне мінгенде ешқашан кондиционер қостырмайды. Барактың оққағары Реджи Лав «мына қапырықтан жүрегімді қысып барады. Қазір есімнен танып құлауым мүмкін»,-деп бұрынғы президентке жалынса да қостырмайды. Ал көлік терезесін ашу қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін.

Фото: maximonline.ru

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ