Трансплантациялық тартыс

Трансплантациялық тартыс

Айтуға оңай болғанымен, ауыр тақырып. Трансплантация мәселесі туралы танымал хирург Жақсылық Досқалиев  соңғы 10 жылдан бері көп айтып жүр. Әдетте көп жағдайда трансплантацияға яки санаулы сағаттар бұрын қайтыс болған адамның органдары (жүрек, бүйрек, бауыр т.б.) науқасқа ауыстырылады.

Бұл тұрғыда әлемдік практикада медициналық  транспланциялық бизнесте Қытай көш бастап тұр. Әлбетте, миллиардтаған халқы бар Қытайда күніне жүздеген адам әр түрлі жағдайда қайтыс болып жатады. Өлім жазасына кесілген қылмыскерлердің  ағзаларын хирургиялық бөлімге апарып сыпырып алып, сол сәтте өзге адамға салып жатады. Әрине донордың қаны, инфекциялық дерттерден тазалығы қатаң тексеруден өтеді. Еуропадағы бұл қызмет түрі өте қымбат болғандықтан, әлем жұртшылығы Қытайға ағылып жатқаны анық. Кәрі құрлықта  500 мың АҚШ  долларына тең бауыр трансплантациясы мәселен Қытайда 50 мыңға бағаланады. Десе де, науқастың трансплантациядан кейін дертінен толық  айығып кетеді деген кепілдік жоқ. Науқастардың тек 70 пайызы ғана өзгенің ағзасын қабылдайды. Қалған 30 пайызы операция кезінде, операциядан кейін көз жұмады. Алайда одан өзге амалы таусылған науқастар тәуекелге бел буады.

Қазақстанда қайтыс болған адамның ағзасын алу заң аясында рұқсат етілгенімен, моральдік жағы өте ауыр. Әр адам, біріншіден, өз ағзасы «ханталапайға» түспесі үшін көзі тірісінде арнайы хат жазып қою керек. Сол кезде ғана дәрігерлердің пышақ тигізуге құқы қалмайды. Оған жүрегі дауалайтын кім бар? Жүрсең, хат жазып. Әркім Алладан келетін әмірге тәуелді ғой.  Ал туыстары ертерек араласпаса, мәйіттің  жарамды органдарын  өзге сырқатқа алуға заң рұқсат беріп қойған. Жуырда Ақтөбеде ауыр соққыдан қайтыс болған адамның екі бүйрегі ауруханада үмітсіз жатқан екі әйелге салынып, аяғы туыстарының жанжал шығарумен аяқталды. Жақсылық Досқалиев сол жағдайға байланысты Ақтөбеге барып, тараптармен кездесті.

«Мен өзім құжатқа қол қойдым. Бүгін өлсем де ағзамды беремін. Өзмнің ауруханамда рұқсат еткеніме қатысты ақпарат тастадым. Қазақстанда тірі адамдар мен жануарлардың донор бола алатыны заңда көрсетілген. 2012 жылы 63 адам донор болса, 2016 жылы 248 адам донор болуға келісім берді. Донордың жақын туысқаны болуы міндетті емес», — дейді бұрынғы денсаулық сақтау министрі.

Дәрігер ретінде Досқалиевтің алаңдайтындайы бар. Жүрегі, бүйрегі, бауыры ауыр дертке шалдыққандар ауруханада өз донорын сағаттап, минуттап тосатындай жағдайға жеткен. Елімізде 3000 адамның үміті тек трансплантацияда. Қайтыс болып кетіп жатқаны қаншама? Дәрігерлік тұрғыда дұрыс, алайда адам ретінде, пенде ретінде қалай боларын қайдам?

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ