Алтайдың ар жағынан келген ару

«Алтайдың ар жағынан келген ару» әнінің авторы Тынышбай Рахымов бірде отбасында дастархан басында отырып:

- Әй, қазағым-ай. Не деген алаңғасыр, сөздің байыбына бармайтын халық, - деп реніш айтыпты.

Дәл сол кезде «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін Сәкен Қалымов қалың көрерменнің ортасына алып шығып, әннің атағы да, абыройы да асқақтап тұрды. Өсектің де өршіген кезі екен. «Ойбай, Тынышбай қатын-бала шағасын тастап, Қытайдан келген қызға үйленіп, Үрімшіге тайыпты» деген жел сөз Тәкеңнің де отбасының құлағына жеткен.

- Неге осылай өсектейді. Одан да ана әннің сөзіне мән бермей ме? Айтып тұрған жоқпын ба? Қалдым-ау тіл қата алмай, қарағым-ай. Қасыңа бара алмадым деп айтып тұрған жоқпын ба!? – деп.

Тіршілікте Тынышбай ағаның соңынан әңгіме ерген жоқ. Зайыбы Қарашаш екеуінің арасында жарасымды әзіл болған. Тыныш аға жұмысқа бара жатып екі ауыз сөзді қосағына үнемі қайталайды екен.

- Бірінші жұмысқа барам, түсте Одаққа (Жазушылар Одағы) барамын, кешке бір жаққа барамын, - дейді екен.

Негізі, Тыныш аға Әминаны бір-ақ рет көрген. Одан кейін көп ұзамай қайтыс болып кетті. Ал ән кейіпкері Әмина кейін Алматыға келгенде Қарашаш апаймен кездесіп, бірнеше мәрте Қытайға шақырып қонақ еткен.

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ