Құдықтың қақпағы

Құдықтың қақпағы

Әдетте, бір тосын оқиға болған кезде ғана шара қолданатын халықпыз ғой. Оған дейін етіміз үйреніп кеткендей болып бір қалыпта жүреміз. Ақтөбеде лифтіге қыстырылып, тележүргізуші келіншек оқыстан қаза болып еді, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев барлық көпқабатты үйлердің лифтісін тексеруге тапсырма берді. Жуырда Астанада мектеп оқушысы айдың күні аманында канализациялық құдыққа түсіп, қайтыс болды. Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов дереу барлық ашық жатқан құдықтардың қақпағын түгендеп, қаладағы коммуналдық қызметті аяғынан тік тұрғызды. Қар астында ашық-шашық жатқан құдықтардың аузы бітеліп, біршама бүтінделіп қалды.

Десе де, Бақытқа бұрынғы қала әкімі Әсет Исекешов секілді ашықтық жетпейді. Құдыққа қатысты суыт ақпарды таратқан ақпарат агенттіктерінің мақаласының соңына жазылған оқырмандардың сөздерінен сондай пікір түюге болады. «Бақыт Сұлтанов Әсеттей ашық, жариялы болса» деген пікірлердің бір сыпырасына көз жүгіртуге болады. Әрине, мінез ұқсас бола бермейді. ҚР Президент Әкімшілігінің жетекшісі қызметіне тағайындарда Елбасы Әсеттің қала тұрғындарымен тығыз қарым-қатынаста болғанына ерекше баға берді. Қарапайымдылығы мен жұрттың сөзін тыңдай білетін иманжүзді Әсет туралы елдің ықыласы бөлек. Десе де, Бақыт та шаруақор әкім болуға барынша қарымымен кірісті. Тоқтаусыз екі күн жауған қарды тазалау үшін арнайы техникалардың бәрін көшеге шығарды, жұмылдырып жатыр. Әлі де жаяу жүргіншілер жолын жұмысшылар тазалап жүр. Екі күнде әжептәуір көлік кептелісі болды. Елдің аузына қақпақ болған кім бар?! Жылы төсекте жатып, әкім атаулысын сынайтын диван батырлары да шамасы жеткенше сөз жебесін шіреніп тұрып атып жатыр. Өз тіршілігі оңып тұрмаса да, сынауға келгенде қамшы салдырмайтын талай адам күнделікті өмірде де жолыңда мың кезігеді.

Айтпақшы Бақыт Сұлтанов қала халқын ашық жатқан құдықтар туралы ақпарат беруге шақырғасын мен де өмірі аузына қақпақ бұйырмайтын екі құдықты айтып, әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жазып жібергенмін. Жарты сағат өткен жоқ, коммуналдық шаруашылық жетекшілері мекен-жайымды нақтылап сұрап, құдықтың қақпағын екі сағатта түгендеп жауып, жан-жағын бетондап кетіпті.

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ