Кеседен төгілген күй

- Әйел болсам бір сәрі, еркек басыммен дүкендерден кесе іздеуді дағдыға айналдырдым. Сатушылар қайырылып қарап қалатын. Той-томалаққа барсам да, кесе іздеп, әр қасықпен дыңғырлатып отыратын әрекетіме әйелім басында күле қарағанымен, кейін елдің көзіне ерсі болып көрінбесін деп қойғызды.

Бұл ақтөбелік музыкант, кесемен алғаш күй төгілдіреген, кеседен керемет әуен шығаратын Тельман Ермағамбетовтің сөзі.

 

- Алғаш рет кесеге әуестігім жастау күнімде басталды. Қазанғаптың «Шынаяқ тастаған» күйін оркестрге шығару үшін, әсерін әрлей түсу үшін кесенің дыбысын шығаруға алғаш әрекет жасадым.Ол кез 1990 жыл болатын. Екі кесемен күйге қосқан сазым шынымен ойымнан шықты.  Содан кеседен әуен шығаруға әуестігім арта түсіп, уақыт өте келе әуендерді  оркестр, ансамбльдерге қостым. Кесенің мүмкіндігі шектеулі болғандықтан өз алдына дербес әуен жасауға келмейді. Деседе кей әндер мен күйлерге көбірек қосуға болады. Халық әнінен «Елигай», Құралай Сәтмұхамбетованың «Аппақ гүлдер», орыстың «Миллионы алых роз» секілді мелодиялары кесемен орындауға сұранып тұр.

- Негізі кесемен әуен шығару - әлемде жоқ өнер. Идиофондар яки түрлі бұйымдардан, ыдыс-аяқтардан шығатын дыбыстар тобына жатады пиялафоным. Ресми түрде зияткерлік меншік түріне тіркеткен жоқпын. Жұрт «не сенен басқада кесе жоқ па, әлдеқашан кеседеден әуен шығады ғой» дегесін бір жағынан тіркетуге де құлқым бармады. Десе де, Қытайдан бір өнерпаз шықты кеседен тәуір  әуен шығаратын. Солардың меншігінде кетпес үшін пиялафонымды тіркетемін деген шешімге келдім», - деді сөз соңында музыкант Тельман Ермағамбетов.

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ