Түркменстанда нан тапшы

Түркменстанда  нан тапшы

Оқта-текте қолыңа пульт алып, телеарналарды ауыстырып отырғанда Түркменстанның телеарнасына көзің түседі. Әлемде құдды бір түркмендерден бақытты ұлт жоқтай орталық алаңындағы салтанатты шаралары бітпейді. Той, мереке, қол шапалақ. Ел президенті Гурбангулы Бердымухамедовке гүл шоғын беріп, бір тізерлей отырып, қолын сүйген шенеуніктердің әрекетінде шынайылықтан гөрі, амалсыздық, жағымпаздық сезіліп тұрады. Жаймашуақ өмір. Мақтану жағына келгенде әдетте қазақ та қалыспайды, алайда түркмендердің «шаңына» ілеспейді  екен. Ақалтеке аттарын мініп,  алаңнан әрі өтеді, бері өтеді. Шынымен біз таныған Түркменстан сондай ма? Жоқ.

2017 жылдан бастап бұл елде бидайға қуаңшылық келіп, содан бері  өз ұлтына тойып жейтін қара нан тауып бере алмай отырған мемлекет. Ұн қат, нан тапшы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жұрт ұзынсонар кезекке тұрып, талонмен азық-түлік алатын еді ғой. Сондай кезекті түркмендердің арасынан дәл бүгінде кезіктіресің.

Мемлекет бекіткен бағадағы нанды алу үшін түркмендер таң азанмен кезекке тұрады. Кейбіреулері отбасымен барып нанның соңында жүр. Иә, тандыр нанды базардан да табуға болады. Алайда ондағы ұн бағасы қымбат. Қазақстаннан барған 50 келілік бір қап ұн біздің валютаға екшегенде 31500 теңге болады. Өздерінің сапасы төмен ұндары 23000 теңгеден асып жығылады.

Ұн қорының аздығын мемлекет Кәсіпкерлер одағынан көреді. Ал кәсіпкерлер биліктің заңмен шектеу қойғанынан Иран, Қазақстаннан ұн таси алмай отырғанын айтады. АҚШ долларына Түркменстандада шектеу қойылғалы кәсіпкерлердің қолы байланды. Өзге елден ұн таси алмай әуреге түсіп жүр. Оның үстіне әлемдік нарықта газ бағасы арзандап, түркмендер тақырға отырды. Ұн сатып алуға мемлекетте қаржы қалмаған.

Нанның аздығы аз болғандай, енді атқарушы билік тұрғындардан құжатын, тіркеу орнын тексеретін болыпты. Сорақылықтың да шегі жоқ. «Коммуналдық қызметке қарызы жоқ» деген анықтама әкелмей нан сатпайды екен. Қара шай мен қара нанға шүкіршілік етіп отырған ел көбіне нан мен нан өнімдерінен жасалған тағамды ішеді.

Екі жылға созылған азық-түліктің осы проблемасы елден мыңдаған тұрғындардың көшуіне себеп болды. Байрамали, Йолетен, Туркменгала  және Мургаб шаһарының көп тұрғындары үйінің есік-терезесіне тақтай қағып, шетелге көшіп кетіп жатыр. Ауыл-аймақтарда үйлерін тастап, тоз-тоз болып көшіп жүрген, шекара жағалап жүрген түркмендерді көруге болады. Бір-бірінен қарыз алып, шетелдегі туысынан қаржылай қолдау сұрап, елден кетіп жатқандарда есеп жоқ. Олардың көбі Ресейге, Түркияға, Кипрға кетіп жатыр. Еліміздің батысында шекарамыз іргелес көршінің қазіргі өмірі осындай жағдайда.

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ