Өзбекстанның өмірі

Өзбекстанның өмірі

Өзбек халқы өз елін қарызға батырмай, нарықтан алып өткен Ислам Кәрімовтің ерен еңбегін ерекше бағалайды. Алайда қаттылығымен, кейбір сәтте қатыгездігімен Ислам Әбдіғаниұлы тарихта қалды. Әндіжан оқиғасында сақалды уахаб-сахабтардың айылын жидыру үшін әскері арқылы оқ жаудырды. Белсенділерін шетінен 25 жылға сұраусыз түрмеге тоғытты. Өзбекстан соның нәтижесінде діни экстримизмді сап тиды. Әлбетте биліктің қос тізгінін ұстауда қаттылық қажет шығар, алайда Кәрімов экономиканы дамытуда сыртқы қақпасын тарс жауып, жабық мемлекет дәрежесінде күн кешті. Жұмыссыз қалған миллиондаған еңбек мигранттары ТМД жағалап кетті.

13 жыл Үкімет басында отырып Кәрімовтің қателіктерін ішіне түйген Шавкат Мирзиёев бірден Өзбекстанның  сыртқы, ішкі саясаттағы бағытын өзгертті. Тізгінді қолға ала сала инвесторларға қақпасын ашып, ішкі кәсіпкерлікті дамытуға барынша мемлекеттің ресурсын қолдануға кірісті. Көршілес елдермен  сауда-саттықты күшейтті. Әдетте кәсіпкерлерді салықпен жасқайтын билік осыдан кейін сауда жасаған адамның тілекшісіне айналды. «Кәсіпкерлерді қолдау жылы» деп биыл орта және шағын бизнеске арнауының астарында сондай себеп жатыр. Үстемесі аз, жеңілдетілген несиені шаруасын дөңгелетуге шамасы келетіндерге әлдеқашан үлестіре бастады. Екі жылдың ішінде Қазақстанға 3-4 рет келген Мирзиёевтің өз білгені ішінде, әдебімен жылы жымиғанымен, экономикалық мүдде түн ұйқысын төрт бөліп жүргені белгілі. Қазақстанмен сауда-саттықты екі есеге арттырып, әуе және теміржол қатынасының жандана түсуіне себепкер болып жүр. Көрші президенттің аяқ алысына мемлекет басшысы Н. Назарбаев та жоғары баға берді.

Білесіздер ме, Ақтөбе облысында 52 өзбек азаматы автобуста тірілей өртеніп кеткенде, Мирзиёев елінен бірінші өзі кешірім сұрады. «Миллиондаған өзбек өзгенің босағында жүріп, күн көруі тиіс емес. Елде, отбасының жанында, бала-шағасының ортасында жұмысын істеп жүрген бақытты отағасын көргім келеді. Мен Өзбекстанда сол жағдайды жасау үшін бар күш-қуатымды сарқимын», - деп өзіне уәде, еліне серт берді.

Соның нәтижесі соңғы екі жылда ресрубликаның  әлеуметтік-экономикалық ахуалы бой түзеді. Бюджет қызметкерлері мен оқытушылардың, дәрігерлердің еңбекақысы айтарлықтай өсті. Құрылысы қарқын алды. Елдің мұң-мұқтажын біліп отыруға Шавкат Мирзиеев халықпен тікелей байланыс орнату мақсатында арнайы қабылдау орталықтарын ашқызды. Бұрын Кәрімовтің кезінде елге шікірейе қарайтын шенеуніктерді тәубесіне келтіріп, бұқарамен тығыз қарым-қатынаста болудың үлгісін көрсетті. Популистік әрекеттен бойын аулақ ұстай жүріп, билік пен халықты жақындастырды.

Ішкі нарыққа қомақты қаржы салған шетелдің қалталы азаматтарына жағдай жасап жатыр. АҚШ-та өзбек ұлтының диаспорасын жинап кездескен Шавкат Мирзиеев елге бизнес ала келуге шамасы келетін кәсіпкерлерге қаратып, «Ұшағымда бәріңізге де орын бар. Елге ала кетейін. Бізде бір-ақ Отан. Ол - Өзбекстан», - деп тебірене сөйлегенде толқымай қол шапалақтамаған өзбек қалмады.

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ