Жәнібектің жеңісі

Жәнібектің жеңісі

Тұрақты түрде болмаса да, ел қатарлы кәсіпқой боксті қалт жібермей қарауға тырысамыз. Әсіресе Геннадий Головкиннің осы кезге дейінгі кездесулерін мыңдаған жанкүйер спорт орталықтарынан, миллиондаған жанкүйер теледидарға телміре отырып, Генаның талай мәрте гүрзі жұдырықтарына куә болды. Қазақстандық спортшының Сауль Альвареспен  соңғы жекпе-жегі жылдар бойы Гена үшін жанкүйер болған қауымның еңсесін түсіргені анық. Біреулері «әлемдік спортта да әділдік жоқ» деп байлам жасаса, енді  бірі «Генаның жеңісі әлі алда» деп жұбатты. Негізі Гена соңғы сәтке дейін жеңіске жететініне сенімді болып, жеңімпазды жариялаған кезде рингтен түрі түтігіп шығып кетті. Жарайды, бір спортшыға бұл қалай айтса да аз абырой емес. Айтпағымыз басқа.

Елімізде кәсіпқой боксқа әлдеқашан кетсе де, оның қасында Олимпиада чемпионы болған  Данияр Елеусіновтың жанкүйерге сыйлаған бокстағы бір керемет жетістіктеріне көз жеткізе алмай жүрміз. Көп жағдайда техникалық тұрғыда ұпай санымен қарсыластарын тек аз-кем басымдылығымен жеңіп жүр. «Гена» деп жаны қыдырып, жеңісі үшін тілекші болып жататын жанкүйерлерді тура Даниярдан таппайсың. Осы олқылықтың орнын жуырда Жәнібек Әлімханұлы толықтырды.

Жәнібектің рингте өзін ұстау тактикасы да бөлек.  Өте жылдам қозғалады. Қарсыластан жылдам қозғалысы арқылы ашылған, осал тұсын күтеді. Оны және тиімді пайдалана алады да. Сосын қашанда соққысында зіл бар. Оны қарсыластарына сездіре біледі. Жуырда ғана Америкада Жәнібек Вон Александерді  шаршы алаңда жеңіп, кәсіпқой бокстағы  рейтингісі шарықтап шыға келді. Қарақшылығы үшін 11 жыл түрмеде жазасын өтеп шығып, рингке оралған Вонды жанкүйерлері ауыздан тастамайтын. Атақты спортшы өткен жылы түрмеден шыққан күннің ертесіне спорт залына барып жаттығуын жалғастырған. Жазасын өтеп шыққалы бергі 7 қарсыласын жайпап, елдің аузында жүрген Вонға Жәнібек тегеурінді тосқауыл қоя білді. Арақашықтықты сақтай жүріп, Жәнібек қара баланың «қалпағын» қайырды. Кәсіпқой бокстегі Жәнібектің осы бір басымдығы Геннадийден кейінгі жеңістің жалғасы бола береді деп сенемін.

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ