Қоянды жәрмеңкесінен қалған жәдігер

Қоянды жәрмеңкесінен қалған жәдігер

Қазақтың тарихын, әдебиетін парақтап отырып, Қоянды жәрмеңкесі деген сөзді оқта-текте көзің шалады. Жалпы бір түсінікте сол жерде көпестердің сауда жасап, қос тіккенін білесің. Ендігі әңгіме арқауы сол жәрмеңкенің тарихынан қалған жәдігерге арналады.

1848 жылы Ялуторск көпесі Варнава Ботов Қызылжарға мал айдап бара жатқан саудагерлердің алдынан шығып, Қарқаралы маңында өзінің өндіріс тауарларын ұсынады. Алғаш өзен жағалауына киіз үйлер тігіліп, сауда жылда қыж-қыж қайнай түседі. Қытайдан Ресейге, Қазақстанға өтетін тауардың негізгі легі осы жолда болғандықтан, Ресей көпестері мен қазақтың бай саудагерлері жер аяғы кеңи сала Қояндыда бас қосатын дәстүр қалыптасты. Малын айдап келіп, төрт түлігін жайып-бағатын шүйгін жер де жәрмеңке маңында жетерлік.  1869 жылы ресми түрде Батыс Сібір Бас басқармасы жәрмеңке ұйымдастыруды қолға алады. Патша үкіметі жәрмеңкеден алым-салықтың көптеп түсуіне мүдделі болғандықтан,  1889 жылы телеграф тартып, 1894 жылы банк бөлімшесін ашты. Қазынашылық үйі іске қосылды.

Дәл сол кезде Ресейден салмағы зілдей сейфтер әкелінді. Бір жарым ғасырлық тарихы бар ескі сейфтердің алды Мәскеуде 1857 жылы құйылған. Саудадан түскен салық, қомақты табыс сол сейфтерде сақталыпты. Шойын темірден жасалған сейфтің барлық сақтандыру, қауіпсіздік механизмдері әлі күнге мінсіз істеп тұр. Жәрмеңке жабылғаннан кейін кеңес заманында ауыр сейфтерді сүйреуге ешкімнің зауқы болмағандықтан Қарқаралы аудандық қазынашылық бөлімінде тұра берген. Одан бері тәуелсіздік алғалы сейф қаржыгерлердің қызметіне жарып келді. Енді осы жәдігерді қазынашылық аудандық өлкетану мұражайына өткізеді. Қарқаралы мұражайы сөйтіп Қоянды жәрмеңкесін құнды жәдігерлермен толығып, өткен тарихты көзбен көріп, қолмен ұстайтындай жағдайда көпшіліктің назарына ұсынады.

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ