Ақаудан болған ұшақ апаты

Ақаудан болған ұшақ апаты

Құдай бетін аулақ етсін,  алайда ұшақ апатын естігенде жан түршігеді.  Авиациялық апаттар тізіміне жуырда ғана Индонезиядан ұшып шығып, теңізге құлаған «Boeing 737 MAX» ұшағы да кірді. Бір сәтте 200-дей адамның өмірі киноның лентасындай айналып барып, үзілді. Суыт хабар, суық хабарға жаһандағы жұрт елең етті. Ажалдан, төтеннен келген кеселден сақтандырылған кім бар дейсің?!

Ғаламторда, әлеуметтік желіде салон ішінде иманын үйіріп, аят оқыған көпшілікті көргенде жан жүрегің шым етпей қоймайды. Ұшақтан секіруге, апаттан қашуға ешбір мүмкіндік жоқ. Алланың әмірі дегеннен басқа лажың жоқ. Теңіздің табанына батқан ұшақтан ешбір тіршілік белгісі табылмады.

Айтпағым, сол ұшақтың құлау себебін анықтаған мамандардың қорытындысына қатысты болып отыр. Сөйтсе «Boeing 737 MAX» ұшағының осы түрінде жылдамдықты көрсететін тетіктен ақау шыққан. Ол ақау тікелей самолеттің  төменге құлдилауына ықпал жасайды. Ұшақ тізгіні басқарусыз кетеді. Осыған орай «Boeing 737 MAX» маркалы ұшағын иелігінде ұстап отырған әлемдегі 45 әуе компанияға шұғыл хабарлама жіберілді.  Айтулы маркадағы 246 ұшақ жолаушылар тасымалымен әлемнің әр түкпірінде жүр. Индонезияның ұлттық көліктегі қауіпсіздік  комитетінің төрағасы Сурджанто Танджоно «қара жәшіктегі» ұшқыштардың жанталас дауысында осындай қауіп-қатердің айтылғанын мәлімдеді. «Boeing» компаниясына тетіктерді мұқият қарауды қаперіне салды. Ал, апатқа ұшыраған ұшақ тура 2 ай бұрын тамызда зауыттан шығыпты. Су жаңа. Түптеп келгенде осындай қателікке жол берген «Boeing»компаниясы да жүздеген адамның ажалына жауапты. Сонда ұшақ қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ИКАО ұйымы ай бақты ма? ХХІ ғасырда осыншалық жауапсыздыққа жол берген кім?  Мыңдаған адам, жүздеген инженер бірігіп жинайтын ұшақтар сынақтан өтпейтін бе еді осы?! Осы сұрақтар апат техникалық ақаудан болды деген кезде көкейіме еріксіз оралып келе береді.

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ