«Жас қалам» әнінің авторы кім?

Әнші, сазгер Қорабай Есенов орындайтын «Жас қалам» әніне байланысты сан түрлі қисын, болжаммен айтылған долбар бар. Иә, бұл ән талай қазақ жастарының қиялын қанаттандырып, ғашықтық отын маздатты.

Кездессем ұрлана қараймын,

Асаудай тулайды жас жүрек.

Мен сені жаныма балаймын,

Сен үшін менде бар бір тілек.

- деп басталатын әнді  талай ауыл жасөспірімдері жастар кешінде, көшенің қуыс-бұрышында гитарамен айта жүріп ер жетті. Көңілге ыстық бұл ән әлі күнге шырқалып келеді.

Ал атақты әннің авторы туралы жаңсақ, қисынсыз пікір көп. Негізі бұл ән көбіне оның орындаушысы Қорабай Есеновке телініп кетіп жүр. Бұл осынау әнмен елге танылып кеткен Қорекең  басында әннің авторын тиянақтап, елге жариялап айтпауынан шықты. Сонымен әннің тууына себеп болған жағдайды тілге тиек етелік.

Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауылының  қазақ жастары кешкілік орыстың «Сорвала я цветок полевой» деп басталатын әнін жамырай айтатын кез екен. Сол кезде жас ақын Төлеубек Жақыпбайұлы жиналып отырған ауыл жастарына «осы әдемі әуенге қазақша мәтін жазып берсем, орындайсыңдар ма?» - деп сауал тастаған. Ауыл балалары қуана келісіп, ертеңіне уәделі әннің мәтінін қолдарына алып шырқаған. Ал ғашықтық әнінің кейіпкері болатыны белгілі. Төлеубек Қытайда оқуға түспек болып жүріп Шыңжаң институтының химия факультетінің 2 курс студенті Әйтенге ғашық болып қалады. Ауылдан келген, киімі олпы-солпылау,  өзінен ересектеу  Төлеубекті қыз жанына жуыта қоймайды.

Төлеубектен екі жас кішілігі бар Әйтенді жақсы таныған, қазірде 80 жастан асқан Жабайыл Бейсен естелігіне бір сәт мән берелікші.

«Төкеңнің мінезі албырт: қуанса да, қайғырса да лып етіп бетіне шығады, ішінде ешнәрсе жасырмайды. Сондықтан да басынан өткен махаббат хикаясын айтудан жалықпайды. «Сең соққан балықтай болып қалдым. Әйтенге деген махаббатым күннен-күнге өршіп барады. Осыны қалай, қандай сөздермен жеткізсем?» - деп ортаға сауал тастайды. Сол тұста Қуандық Шаңғытбаевтың аударуымен қазақша «Ләйлі-Мәжнүн» хикасының жарық көріп, кітап қолдан-қолға өтіп тұрған кезі болатын. «Шын қиналсаң, Ләйліден айырылған Мәжнүндей болған екенсің, Төке…» деген менің сөзімнен кейін алтын тапқан адамша қуанды. «Міне, міне! Ләйліден айырылған Мәжнүн!» деп жазамын деп, қаламына жармасқан. Кейін мәтінде сол сөздер өлең жолдары болып өрілді….»

1956 жылы Төлеубектің «Жас қалам» әні Қытайдағы қазақтар арасында танымал ән болып тарағанда Қорабай ағамыздың жасы небары сегізде болыпты.

Әрине ол әннің екінші рет ел ішінде танымал болуына Қорабай Есеновтің қосқан еңбегі ерен. Ол әнді қазірде қарағандылық әнші  Сейіл Аяған нақышына келтіре орындап, клип түсірді.

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ