Кінәлі кім?

Кінәлі кім?

Өткен жексенбіде әлем жұртшылығы Хабиб Нурмагомедов пен Конор Макгрегор арасындағы жекпе-жекті таң азанмен сарыла күтті. Екі сағаттай өзге кездесулерді өткізіп, әлем жекпе-жегіне өзегі талып жетті. Ешбір күмәні жоқ, Хабиб Конорды таза жеңді. Негізі, палуан жекпе-жекке боксшымен болсын, дэюдоист, тхеквондист болсын, тырп еткізбейді. Сол тактикаға салып, Хабиб айласын асырды. Ең басты айтпағымыз - жеңіс соңындағы төбелес. Макгрегордың әріптесі Диллон Дэнис  октагон сыртынан дағыстандық жігітке сөз тигізді. Намыстанып кеткен Хабиб темір тордан жеңіл секіріп, ғайбаттаған тренерге қол тигізіп үлгерді. Жігіттік тұрғысынан Хабибтікі дұрыс болды. Тілі ұзын Диллонға сол соққы «сауап» болды. Бұл төбелесті біреулер «шоу» үшін істеген деген қортынды жасады. Енді келіп Хабибтің белдігін бермей, жеңімпаздығына тиесілі  2 миллион АҚШ доллар ақшасын аудармай, комиссияның қарауына қаратып қойды. Жанкүйерлердің көбі «бұл эмоция» болды деп байлам жасады. «Байдың асын байғұс қызғанады» дейтін ештеңесі жоқ. Негізі, әркім сөзіне өзі жауап беруі тиіс. Неге Конор бастаған команда ауыздарына ие болмайды? Енді келіп UFC төрағасы: «Белдікті бергізбеуіміздің себебі - Хабиб фанаттар наразылығына тап болады», - деген желеу айтты. Біреу спортшыны ғайбаттаса, айып емес  те, сөзі үшін сабаса, ол айып. Бұл шешім де негізі спорттан гөрі саясатқа бұрған бұйда секілді.

Осы жекпе-жек соңында жазушы, драматург Рахымжан Отарбаевтың оңашада айтқан әңгімесін еріксіз есіме түсіріп отыр.

«Қай жылдары Америкада әлем кітапханашыларының конгресі өтетін болып, Қазақстан тарапынан академиялық кітапхана директоры ретінде делегация құрамында бардым. АҚШ-та өткен алқалы жиында маған да трибунадан сөйлеудің сәті келді. Америкалықтардың  руханиятта жасап жатқан әділетсіздігін ашық, дәлелмен айттым. Осы материктің  ежелгі тұрғындары үндістердің аянышты халін, жойылып бара жатқан дәстүрін тілге тиек еттім. Зал сілтідей тынды да бір кезде, менің баяндамамды тоқтатты. Даудың көкесі басталды. Маған «Америкаға енді аттап бастырмаймыз» деген байлам жасалды. «Көрмегенім Америка болсын» деп кеттім. Елге келгеннен кейін де олар сыртқы істер министрлігі арқылы менің атыма шағым  түсіріп, басымды шырғалаңға салды», - деп танымал драматург өткен өмірін бір сәт көз алдына елестеткені бар.

Сол секілді мына жекпе-жекте де мен үшін әділетсіз байлам жасалды. Енді әзірге комиссияның жауабын күтіп, әліптің артық баға тұруға тура келеді. Егер екі-жақты да жазалайтын болса, онда сөз басқа!

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ