Головкиннің балалық шағы

Головкиннің балалық шағы

Боксшы Геннадий Головкиннің  балалық шағы сүреңсіз өткен. Қарағанды қаласындағы Майқұдық ауданы дәл сол тоқсаныншы жылдардың ортасында нашақорлар мен маскүнемдерден аяқ алып жүргісіз болған.  Сол себепті болар, небір қылмыстың көбі Майқұдықта тіркелетін. Басқа тұрмақ, Қарағанды қаласының тұрғындарының өзі іңірде Майқұдыққа аттап баспайды екен. Сол ортада өскен бала Гена талай төбелесіп,  өзге ауданның балаларымен алысқан. Қатарластарына еріп, насыбай атуды үйреніпті. Дидарынан мейірім төгіліп тұрған балақайдың  талай сотқар жағасынан алғанда  Гена есесін жіберумеу үшін  таяқ жесе де, соңына дейін төбелеседі екен. Сөйтіп жүргенде Генаның қос ағасы сары баланы сүйреп, бокс секциясына апарыпты.  Өзгеден таяқ жемесін деген ағалық қамқорлықтары болса керек. Футболға деген сүйіспеншілігі  жолда қалды. 10 жасында қолғап киген Генаның алғашқы балалық бокс кездесулері жеңілуден басталды.

Әкесі Геннадий өмірбақи шахтер болса, шешесі химиялық зауытта лаборант болған. Саяжайға барып, егін егіп, ләззат алған қарапайым еңбекқор отбасының өзгелерден ерекшелігі де болмады. Бертін келе «әкем орыс, шешем кәріс ,ал мен болсам таза қазақпын» дейтін әзіл аралас сөзімен Геннадий күллі  ұлтты өзіне баурап алды. 

«Гена бокске қатысты, облыс чемпионы, республика чемпионы болды» деген жаңалықты ести бастаған көше тентектері  Головкиннен аяғын тартқан. Оның үстіне ауласында Грей атты неміс итін асыраған Гена одан кейін көше төбелесіне араласпайтын болған. Сөйтіп жасөспірім Генаның үлкен спорттағы даңғыл жолы басталды. 2000 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысты. 2001 жылы Қазақстан құрамасы сапына кірсе, 2003 жылы әлем чемпионы болды. 2004 жылы Олимпиадаға қатысып күміс жүлдегер атанды. Көп ойланбастан кейін кәсіпқой бокске кетіп, мұхит асты. Азуын айға білеген талай білекті боксшыларды рингте сұлатты. Осы нәтиженің бәрі Генаның жігері мен табандылығынан арқасында жүзеге асты. Егер ондай ерік жігер болмағанда Майқұдықта қайта-қайта қылмыс жасап, түрмеден көз ашпаған бұзақының бірі болып қалар ма еді?!

Иә, өмірі жеңіліп көрмеген Генадийдің соңғы жекпе-жегін көптеген көрермен әрқилы бағалап әлек. «Осы бір масайрап кетіп еді, өзіне де сол керек», - деп диваннан басын көтеріп пікірін айтқан талай білгішсымақты көзіміз көрді. Өзінде шаруасы жоқ, жұртты сынауға келгенде алдына жан салмайды. Қалай айтса да,  спорттың аты спорт. Жеңілістің кермек дәмі  Геннадийдің жігерін жанай түсері анық. Ендігісін уақыт көрсетеді.

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ