«Алтынай» әні кімге арналған?

Әнші Ұлықпан Жолдасовты қалың көпшілікке танымал еткен «Алтынай» әні қазақтың емес, көңілі кіршіксіз таза, көзі жәудіреген қырғыздың қызына арналған. Ешқандай да жігіттің қызға ынтық болғаннан, іңкәр сезімінен туған емес. Әннің әуеніне елтіп кетпей, бір сәт өлеңнің мәтініне көңіл бөлейікші.

Алатауды айналып,

Ош аспаны ойланып.

Әлем бір сәт қалғандай

Кірпігіңе байланып.

Ей, Алтынай!

Әнге кейіпкер болған ару сол Алтынай Сулейманова қазірде Канадада тұрады. Ән мәтінің авторы Шымкенттегі атақты ақын апамыз Ханбибі Есенғараева.

- 1991 жылы тамызда Қырғызыстанның Ош қаласында Құрманжан Датқаның 180 жылдығы өтетін болып Шымкентке шақырту келді. Ош облысының Алай аймағын басқарған абыройлы Құрманжан арудың аруағына күллі қырғыз құрметпен қарайды. Содан Шымкенттен облыстық атқару комитетінен Шамшудин Қабіров пен мен ақын ретінде делегация құрамында бардық. Барған бетте мені көзі ботадай жәутеңдеген, жүрегі мен ниеті тап-таза, ұқыпты, сыпайы Алтынай Сулейманова деген қыз күтіп алды.Сырттан келетін қонақтардың әрқайсына адам бекітіледі ғой, сол бойынша Алтынай маған жауапты болыпты. Әп дегеннен тіл табысып кеттік. О, Алла, бір көргеннен шүйіркелесіп, бір күннің ішінде апалы-сіңлідей бауыр басып қалдық. Құрманжан Датқаның шарасы керемет өтті. Трибунаға шығып сөз сөйледім. Қырғызстан Республикасының сол кездегі президенті Асқар Ақаев ерекше ықылас танытып, қайта-қайта рахметін айтты. Сөйтіп үш күн  бір күндей болмай өте шығып, Алтынаймен қоштасатын кез келді. Көлікке мінгелі жатқанда Алтынай жылады. «Хан бүбе, сизди кыя албаймын го. Мени таштап кайда барасыз? Сизди сагынамын го», - деп егіл-тегіл жылағанда, еліктің лағындай қыздың көңілін жұбатарға сөз таба алмай тосылдым. Елге келгенде көз алдымнан Алтынайдың жарқ еткен бейнесі, қоштасар сәттегі кейпі кетпей қойды. Алтынай әні жарыққа шықты.

Жанарыңның жарқылы

Жалт еткен сол қалпың-ай.

Құрбаның боп өтермін

Мен жолыңда, Алтынай.

Ей, Алтынай!  

Өлең қалай жазылып болды, бес композитор жан-жақтан «Алтынайға» таласты. Ел өз керегін таңдап алады ғой, сол сазгерлердің ішінде Құралай Сәтмұхамбетованың композициясы озық шықты. Ол ән орындаушысын тауып, Ұлықпан Жолдасовтың бағына байланды.

Ал Алтынай сол кезде Ош қаласындағы зауыттардың бірін басқарды. Сағынғанда Бішкек арқылы Ташкентке ұшақпен келіп, одан бері Шымкентке көлікпен жетіп 4-5 мәрте мауқын басып апасына келіп кетті. Қайбір жылдары Қырғызстанда топалаң болған кезде Ақаевты елі жабылып тағынан құлатып, бездіріп жіберген еді ғой. Сол кезде Алтынай Америкаға кетті. Сөйтсе, Алтынай мен Асқар Ақаевтың зайыбы институтта қатар оқыған дос екен. Аманшылығында шет ел асып кетіп, одан кейін Канадаға көшіп, сонда тұрақтап қалды.

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ