КӨҢІЛ ҚОСЫ

КӨҢІЛ ҚОСЫ

Кезінде Арқада өткен атақты Ерденнің жалғыз баласы қайтыс болғанда, аяқ жетер жердегі ел түгел келіп, көңіл айтса да басын көтермей, сар­төсек боп сарғайып жатып алған оқиғасын біраз жұрт біледі. Сонда суық хабар тигеннен кейін Сыр бойындағы Досбол мен Шоқай ел арасы шалғайлықтан жетінші күні жетіпті. Үйге кіріп, көңіл айтып, бет сипаған соң арғы бергіні ақтара сабырға шақырып Досбол сөйлейді. Ерден оған да мызғи қоймайды. Сонда Шоқай дауға түсер адамдай қатулана шарта жүгіне отырып:

«Ей, батыр Ерден!

Басыңды көтер жерден!

Құдайға құдіреттімін деп,

Мейманасың тасып кеткен екенсің кердең?!

Мыңды айдаған әкең Сандыбай да қара жерге енген!

 Оны мына Шоқай көзімен көрген!

Әулие болсаң, әкеңді де, балаңды да алып қалуға әлің қане, келген?!

Көкті бу көтереді, жүйрікті ду көтереді, өлімді ер көтереді, ауырды нар көтереді?! Ер емес пе едің талай құқайды көрген?!

 Тағы да айтамын басыңды көтер жерден?!

Құнсыз беріп, пұлсыз алды, нең бар еді Құдайға берген?!» депті. Сонда Ерден төсегінен басын көтеріп:

«Уа, асып туған асылдар! Қайғырсаң да қан­шама, өлі артынан өлмек жоқ. Құрдымға хайыл кеткен соң, екі айналып келмек жоқ! Көтермесем басымды, көңілім өксік қаяулы! Ардақтыларым едің аяулы, саңлақтыларым едің санаулы! Көңілде қайғы, шемен-шер, төбелерің көрінбеген соң, күтіп жатыр едім, өздеріңдей асыл ерлерді жараулы!»,  деп, құшақтаса көрісіпті.

 Сонда атақты Ықылас қобызын күңірентіп «Ерден» деген күй шығарыпты. Оның өзі анау «Ақсақ құланнан» жалғанған желідей болып бүгінге жетті. Осы «Ерден» күйі негізінде Жезқазған өңірінде жыл сайын республикалық дәстүрлі қобызшылардың байқауы өтіп келе жатыр. Сонда қараңызшы, Ерден бұларды күтіп жатыр ғой, ара жолдың алыстығынан аптадан кейін келген күнде де көңіліндегі назы айтылып жатқан жоқ па?!. Міне, бір-бірінің қаяулы көңілдеріне асыл сөзбен дем беріп, жүз көрісіп, жүрек жылытысып, қайғысын бөлісіп, алдамшы дүниенің арзан күлкісіне алданбай бұл фәни жалғанда адам көңілінен құнды нәрсенің жоқ екенін дәлелдеп кеткен асылдар үлгісі. Бұл – салт, бұл – дәстүр. Біздің айтып отырғанымыз соның мысалдары ғана. Бұл күнде небір көңіл­жақын, қайғыңа ортақ­тасуы тиіс деген адамдарымыз қарға адым жерде тұрып бет көруге, жүзбе жүз көңіл айтуға бармай әлеуметтік желіде отырып «иманы саламат болсын» деп пікір жазған мың сан бейтаныс адамдардың арасына сіңіп жоғалып жатқан жоқ па?!. Торқалы той, топырақты өлімде керек  дейтін ағайынның арасын жалғап, азаматтың қайғылы көңілін емдеп жазатын көзге көрінбес қанша желі үзілді бұл күнде, қаншама сөз жоғалды. Қайран қазақтың дара болмысы сол қолға білінбес, көзге көрінбес нәзік те қуатты осындай жүздеген желілермен жоталанып тұрған екен-ау...

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ