ҚОЯНШЫҚ

ҚОЯНШЫҚ

Қояншық ауруын медицина тілінде эпилепсия деп атайды. Ол туа бітті емес, жүре пайда болатын сырқат. Бірақ талып қалған немесе сандырақтағанның бәрін қояншық деу дұрыс емес. Өйткені оған уайымдау, қан аздығы, шаршау сынды басқа жайттар да себеп бола алады. Ал қояншық ауруына келер болсақ, бұл сырқаттың 250-ден астам түрі бар екенін айта кету керек.

Ел ішінде қояншық ауруы жазылмайды деген жаңсақ түсінік бар. Егер ауруды дер кезінде анықтап, дұрыс емдейтін болса қояншықтан құлан-таза арылуға болады екен. Ол үшін салауатты өмір салтын ұстанып, 5-10 жыл бойы, кейде өмір бойы күтініп жүруге тура келеді. Қояншықтың тек 20 пайыздайы ғана емге көнбейді.

Қазақстанда эпилепсияға шалдыққандар саны 300 мыңнан асады деген дерек бар. Оның 90 пайызы жас балалар. Дегенмен көрсеткіш бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Өйткені қояншықты жазылмайды деп дәрігерге көрінуді артық санайтындар әлдеқайда көп. Ол дұрыс емес. Дер уақытында дәрігерге қаралса адам қояншықтан түбегейлі жазылып кете алады. Ал уақыт өткізіп алса қояншық адам миының бар жасушасының жұмысын бұзып, жарамсыз күйге түсіруі мүмкін. Ондай жағдайда адамда психикалық ауытқу байқалады.

Қояншық, яғни эпилепсия ауруының белгілерін дәрігерлер екі топқа бөледі, бірі көзге көрінетін болса, екіншісі жасырын түрі. Аурудың көзге көрінбейтін түрі клиникалық жағдайда ғана анықталады. Әдетте көп ата-ана науқас талып қалғанда немесе денесі қалтырай бастағанда ғана қауіптенеді. Ал аурудың жасырын түрінде баланың ұйқысы мазасыз болып, ақыл ойы кеш, тежеліспен дамуы, ұйқы кезінде кейбір дене мүшелерінің дірілдеуі мүмкін.

Дәрігерлер қояншығы ұстап қалған адамның аузына қасық не өзге зат тығу дұрыс емес дейді. Ең дұрысы, адамды оң жаққа қаратып, басын төмен қарата ұстамасы қойғанша жатқызу.

«Ауырмаңыз!» газетінен.