ӨЛІМ МЕН ӨМІР АРАСЫ

ӨЛІМ МЕН ӨМІР АРАСЫ

  Күңіренген күздің қоңыр кеші. Батысқа бағытталған күн қызара батып, ұясына еніп барады. Қанкүрең кеш деп осыны айт. Дала бірте-бірте қараңғылық құшағына кіріп, намаздыгер уақыты таяп қалды.

   Нағашысы жиенғұрыққа берген Мақсаттың жалғыз байталы бар-тын. Үш күн, үш түн қарасын көрсетпегесін қасқыр атаулыға жем болдыма деген Мақсаттың көңілі көрдей суып, іздеуге аттанған болатын. Таң қылаулап білінген шақта шыққан  Мақсат кеш бойы жоғын іздеумен болды. Дегенмен, жақсылық алдынан жарылқап, байталын  тауып, ауылға қарай бет алды. Алда ұзақ түн...

     Түн пердесін түсіргенде қай пендені болмасын ой арбап, үміт пен күдік, қорқыныш пен қуаныш, қобалжу мен өрекпу жаулап алады емес пе?! Осындай сәттер бойын билеген Мақсат астындағы торысын сипай қамшылап, желе жортудан шоқыраққа ауысты.

   Мың болғыр жануар-ай, жүрісі қандай, шіркіннің, бір соқпайды-ау. Ертоқымға отырған күйі үстінде бейнебір аспанда қалықтаған құстайсың-ау. Алайда, бала кезден естіген қорқынышты жын-перілер туралы әңгімелер еске түсіп Мақсаттың тұла-бойын тітіркентіп, жүрегінің пернесін үзіп кетердей күйге бөлеуде. Ол сонда да жақсы сәттерді ойлауға тырысып бағуда. Кәдімгі мақпал түн. Құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Тек әлгіндегі үрей билеген сезімнен соққан жүрегі бір тынар емес. Жол бойы сағыздай созыла түскен ағаштардың ырғалып, жапырақтарының сыбдыры еріксіз естіліп қалса болды, жүрегінің дүрсілі одан бетер жиілеп кетеді. «Үлкендерден қайдан ғана естіп едім сол әңгімелерді. Әй, сорлы басым-ай. Ендігәрі алыс жолға жападан жалғыз шықпайтындай, түн қатып жүрмейтіндей болған едім ғой, сонда. Әй, пәтшағар, Мақсатым-ай!» деп өткен-кеткендерді еске түсіріп, өз-өзімен арпалысып келеді. « Оқасы жоқ, ер жігіт мұндайды көру керек. Баяғы батыр бабаларымыз түн жорып, мола басына қонып, дала психологиясын бойларына сіңірмеп пе еді. Сол бабаларымыздың бойымда қаны бар менің- Мақсаттың қорқуы тіптен жөнсіз»-деп кейде кейде жұбатып та қояды өзін.

   Сүт пісірім  уақыт өтер-өтпестен шоқытып келе жатқан торы ат кілт тоқтай қалып, құлағын жымқырып, осқырынып, жер-дүниені басына көтере ащы кісінеп жіберді. Бұнысы тегін емес еді. Алда жаманшылық тұр-ау шамасы. « Бөрілер, бөрілер!» деп тілі күрмеліп қалды Мақсаттың. Жетегіндегі ту байтал да қорыққаннан кейін қарай шегіншектеп, оның тақымына қысқан шылбырын тартып барады. Адамның ойы расында да ұшқыр екен-ау.  Осы кезде Мақсаттың ойы оң жақта Жыландысайы барын ұқты. Талай рет осы жерде тентектік жасап, жыланның жұмыртқаларын бұзатын. « Неде болса, сол саймен қашқан жөн. Ой-шұқыры маған бес саусақтай таныс»,- деді де торының тізгінін жалма-жан оңға бұрып, тебініп қалды. Жараулы торы да осыны күткендей, адырнадан атылған оқтай зулап берді. Әбден жазғы отқа жардай боп семірген жетектегі ту байталдың жүрісі діңкені құртты. Қорс-қорс етіп қалмай келеді. Жан тәтті деген осы емес пе?! Жетегімдегі байтал мен астымдағы торы атым да ажалмен  жүзбе-жүз келгендерін сезгендей шапқан үстіне шаба түсуде. Мақсаттың да өмір сүруге деген құлшынысы минут сайын тіпті секунд сайын арта түсуде. Ырылдаған бөрілердің даусы  ара-тұра естіліп қояды.  Шамасы олар да артарынан бір елі қалар емес.»Аш бөрі ештеңеден тайсалмайды» дегенді бала күннен естіген Мақсат та торыға қамшыны үсті-үстіне басып келеді. Жыландысайдың жеткізетін түрі жоқ. Жобамен екі шақырымдай шапқан сыңайлы.  Бірақ алдынан сай көрінбеді. Анау жылдары осы сайдың түбінде ескі комбайнның қаңқасы жатқан-ды. Ауыл адамдары сайдың тұсын содан жобалап білетін. Оны да темір жинайтындарға тапсырып, көрші Мұқаш жора-жолдастарымен бір «думандатып», қарсылық көрсеткен әйелін сабап алған-ды. «Әй, Мұқаш-ай отбасын асырау деген мүлдем есіне кіріп шықпайтын сабаз ғой!»,-деп қояды ішінен Мақсат, артынан ажалы қуып келе жатса да осындай ойға беріліп. Бір кезде таяқ тастам жерден сайға түсетін ескі сүрлеуді көрді. Аттың басын соған бұрып, ылдиға қарай ағызды ай кеп. Сайды жағаласа қорқыныштың кетерін сезген торы да иесін айтқызбай ұқты. Сол сәтте таң да рауандап ата бастаған-ды. Жарды жағалай қашқан торы ескі көпірді дәл тауып, одан өтіп, ауыл қарасы көрінегенін сезді. Көлді бөгеген ескі бөгетке жұлқына алып, шығып, бөгеттегі тура жолмен тағы да құйғыта шапты. Ту байтал ырсылдаса да, жем болатын мінез байқатпады. Торы қайда тартса, бұл да сонда баратын түрі бар.

  Күн найза бойы көтерілгенде ғана Мақсат ауылға кірді. Күздің салқын лебі оның жанарын әбден қарып қалған ба, көзден жас парлай берді.  Ауылға жақындасымен әлгі аш бөрілер бұдан жылыстап қалып қойды. Ажалдан аман алып қалған торысын терлеген жалына қарамай қайта-қайта сүйе берді.

  Өріске малдарын жетелеген адамдар да абыр-сабыр. Мұның тажалдан қалай құтылғанына сенер емес. Көрші Мұқаш та басқалардан бұрын үлгіріп қалып, әкесі Ғалиға ұлының аман-сау жоғын түгендеп әкелгеніне «құтты болсын!» айтып қалуда.  Оны естіген Мақсат әлгіндегі қорқыныш билеген сәттегі Мұқаш туралы ойы есіне түсіп, ақырын жымиды. «Әй, Мұқаш-ай...Әй, өмір-ай, үміт пен күдік, қорқыныш пен қуаныш жалғасқан!» деп күрең күздің салқын ауасын кеудесін кере жұтты да, !Тәттісің ғой, өмір-ай ..»,-деді.

 

Достанбаева Айғаным Мирамханқызы