СЕЗБЕППІН ӘКЕ ЕРТЕРЕК...

СЕЗБЕППІН ӘКЕ ЕРТЕРЕК...

 

Жасыратын несі бар, бәрін де Алла көріп, біліп тұр, мен әке қадірін білдім деп айта алмаймын. Он екі жасымда әкем қаланың мектебінен білім алсын, ауылда болса тең құрбысынан қалып қояр деп Қарағандының интернатына әкеліп тапсырды, содан ба, әлде тұқымымызда бар ма, жатбауыр болып өстім. Ауылымды, әке-шешемді сағынып жүрегім езіліп жүргені есімде жоқ, ата-ана дүниеден өткен соң, жастық шақ келмеске кеткен соң ғана көп дүниенің парқын түсініп жүрген жағдай бар. Осы оқысын деп қалаға шығарып салып, кемпір мен шал болып екеуі сопиып, айлап-жұмалап күтіп, жылы-жұмсағын сақтап, қаладан келетін автобустың дауысын аңдып, кешқұрым үйге кіре алмай жүрген шешем көзге елестейді.

Әкем қанда й жағдайда да сағынғанын көрсете қоймаушы еді, қандай жағдайда да суық қанды болатын, ел тағдырына, не тарихқа қатысты әңгіме болмаса, кейде бір ұтымды сөзді естіп қалмаса, өзге жағдайда көңіл күйін көрсетпеуші еді. Тек қаладан келіп, қонып, таңертең тұрғанда аяқ киімімнің ұлтарағы жаңаланып тұрғанына қарап таң қалушы едім, бірақ онда да ойланғаным шамалы. Енді қарасам әкенің ұлға деген сағынышының, қамқорлығының ең мықты белгісі екен ғой.

Өз басым қазақ «әке асқар тау, шеше сол таудың бауырынан аққан бұлақ, балалар сол бұлақты жағалай шыққан құрақ» деген сөзін дұрыс көрем. Әке отбасы үшін шынымен асқар тау, тек оны жанында жүргенде аңғармайды екенбіз. Тікелей тәрбиемен көбінесе анамыз айналысқан сияқты, бірақ онда да біздерді «әкеңе айтамын, әкеңнен ұят болады» деп әке беделімен жасқап тәрбиеледі, жұмысқа үйретті.

Қазіргі күні ақымақ әйелдердің балаларының көзінше әкелерін боқтап, төбелесіп абыройын кетіріп, асқар таудай әкені жермен жексен еткенін көргенде «әке асқар тау, шеше сол таудың баурынан аққан бұлақ» деген ғибрат сөз тағы да еске түседі. Ана деген мөлдір бұлақ сияқты болу керек-ау, ал біз оны долы өзенге айналдырып алдық. Тауды құлатқан әйелдің енді келіп балаларын бағындыра алмай, паналайтын маңында ештеме жоқ далбақтап жүргенін көп көрдім. Әйел күйеуін жеңеді, бірақ ішінен шыққан баланы жеңе алмайды.

Әкенің орны дегенде қазақтың «әке балаға сыншы» деген сөзі де еске түседі. Неге қазақ бұл мақалды «Әке мен шеше балаға сыншы» деп айтпады ? Оған себеп біреу-шешелердің көпшілігі ішінен шыққан баласының кем кетігін көре алмайды, балаларының ішіндегі әлсізін, өзімшілін қорғап, өз бетімен күн көреді-ау дегендерінің аузынан жырып алып соған беріп, шыр-пыр болып жүргенін көресің. Әйтеуір аман жүрсе болғаны дейді. Әке болса баланы жақсы көрсе ақылымен жақсы көреді. Өмір бәйге болғандықтан әкеге баласының жүйрік болып алға шыққаны, қолынан келсе атаның атын, халқының атағын шығарғаны маңызды. Бес саусақ бірдей емес, жылқының бәрінен жүйрік шықпайды, шабан атты баптағанмен ол өзгеден озып келмейді. Әкенің орны отбасында, қоғамда дұрыс болса бізден жүйріктер көп шығады.

ЖАМБЫЛ АРТЫҚБАЕВ