ҚАЗАҚ ҮШІН ҚЫРЫҚТЫҢ ҚАДІРІ

Қазақ халқы үшін «қырық» киелі сан деп есептелген. Қажет десеңіз, баланы қырқынан шығару мен марқұмның  қырқын беру деген ұғымда байланыс бар. Қырық күнде бала шетінемесе «осы дүниелік адам» деп есептеген, ал марқұмның қырқын бергеннен кейін еті мен сүйегі ажырайды деген түсінік бар. Бір қызығы ол ғылымда да дәлелденген.

         Қырқынан шықпаған немесе уақытынан жай шығарылған бала әлсіз, аурушаң болады. Қол-аяғы ширақ ерте жетіліп келе жатқан ер баланы отыз күнге жеткізбей, қыз баланы 30 күннен асқаннан кейін де қырқынан шығара береді. Ал атауы шартты түрде «қырқынан шығару» деп қала берген. Қырқынан шығару үшін таңдалған күні үйге туған-туыстардан, ауылдан әйел адамдар жиналады. Бұл салтқа ер адамдар қатыстырылмайды. Жиналған қонақтар арасынан елге сыйлы, қадірлі үш әйел таңдалып қойылады. Олардың бірі - тырнағын, бірі-шашын алады. Үшіншісі нәрестені қырық қасық суға шомылдыру рәсімін өткізеді. Қайнаған суды суытып, ішіне қырық бұршақ не басқа да дәндер мен күміс тиындар салады. Оған қоса қыз болса жылтырақ алқа-моншақтар (күміс), ер бала болса бірнеше асық салынады.

       «Қырқынан шығару» – дәстүрінің өзі бірнеше рәсімнен, ырымнан тұрады. Қуанышқа жиналған қауымға қырық шелпек пісіріп таратады. Бұдан бөлек «иткөйлек» деген де бар. Бұл да осы рәсім кезінде өткізіледі. Сәби дүниеге келген алғашқы күні кигізілген киімді иткөйлек деп атаған. Оны кіндік шешесі арнайы жаңа туған шақалаққа арнап, тігісін сыртына қаратып, кең-мол қылып тігеді. Бұл балаға тігісі батып, қолы жеңінен шығып бет-аузын тырнап тастамас үшін. Қырқынан шығаратын күні осы  иткөйлекті бала көтере алмай жүрген келіндерге ырым қылып береді. Егер ондай әйелдер жоқ болса, иткөйлекке құрт-ірімшік, тәтті-құтты орап иттің мойнына байлап жібереді. Ауыл балалары әлгі  итті ұстап ішіндегісін тәбәрәк етіп бөлісіп алады. Бұл қазір уақытта жоқ әрине, дегенмен, келген қонақтар жыртысқа салып қант-кәмпитін, сарқытын бөлісіп алып кетеді.

https://youtu.be/