КӨРІП АЛҒАН СҰЛУДАН, КӨРМЕЙ АЛҒАН ТЕКТІ АРТЫҚ

КӨРІП АЛҒАН СҰЛУДАН,  КӨРМЕЙ АЛҒАН ТЕКТІ АРТЫҚ

Тито Сыздықов ағам Керекуде Малайсарға батырға ескерткіш ашуға дайындық кезінде айтып еді. «Менің түрім шешеме тартып кеткен,- деп бастады ағамыз. Әкем өңді, биік адам еді. Кешегі жаһан соғысынан аман-есен келген соң, қызық қуып бірталай уақыт жүріп алыпты, бойдақ кезі.

Бір күні атамыз:

-Әй балам, не ойлағаның бар, түсімде атақты Нұрекеннің төрт ұлының ортасында дастархандас болып отырмын. Осында сол Нұрекеннің немере қызы бар, соған үйленесің,- дейді. Әкеміз:

Білмейді екенмін, көргем жоқ ол қызды,- деп сылтауратқан екен. Атамыз:

Көріп алған сұлудан, көрмей алған текті артық. Көру міндет емес, текті мен тексізді айыра білу міндет,- деп әкеміз Уақапқа Нұрекеннің немере қызын алып берген екен. Сол қыздан төрт ұл тудық, атамыз бәрімізге Нұрекен балаларының атын қойды. Нұрекеннің бел баласы Түйте Семей ішкі округінде дуан басы болған адам, менің атымды Түйте деп қойыпты, мектепке барғанда Тито болып кеттік».

Уақ Нұрекен бай қазақтың ішінен алғаш қажылыққа барған адамдардың бірі дейді М.Ж.Көпейұлы. Ол кісі тоқал қатынын ертіп, Бұхара арқылы үш-төрт жыл жүріп, Меккеге аман-есен барып келген екен. Оның баласы Түйте бірталай жыл ірі қызметтер атқарған, полковник шенін алған адам. Түйтенің баласы Темірғалы Семей облысынан ІІ Думаға депутат болып сайланған, ел ішінде көптеген игілікті шаруалар атқарған, ғылым мен дінге жасаған қамқорлығымен белгілі. Нұрекеннің өзге балаларынан тараған ұрпақ та солай, бірінен бірі өткен мықты.

Бұл жерде айтпағым Тито ағамыздың атасы Сыздықтың көрегенділігі, қазақтың текті атадан қыз айттыру салтының озықтығы, ұлдың әке кеңесінен шықпауы. Біз осы дәстүрден бертінде ғана айрылып қалғанға ұқсаймыз. «Көріп алған сұлудан, көрмей алған текті артық»- көкейде үйлену, үй болудың негізгі ережесі ретінде жатталып жүретін қағида !

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ