ҚАСҚЫРҒА ҚАҚПАН ҚҰРУ ҚҰПИЯСЫ

ҚАСҚЫРҒА ҚАҚПАН ҚҰРУ ҚҰПИЯСЫ

…Арланын да, қаншығын да ызаландырып бірде жеті күшігін алдым. Мен қайда барсам – сонда барады. Қорқып, сақтанып, иығымнан қосауызымды тастамадым. Мен барған жерде бірлі-жарым қойды, малды жаралайды. Мен бір үйге кірсем, сол үйден кеткенімше құмның ар жағында жатады. Жауын жауып тұрғанда ізіне түстім де, қақпан қойдым. Қолға түсіре алмадым. Санам санға, ойым онға бөлініп ақыл сұрап едім, Қырқымбай қария жақсы кеңес берді:

– Бетінше кеткен қасқырдың соңынан жүру – білместік, – деді ол, – қасқырдың жасырынды жері болады. Соны табу керек. Өз жолының шетіне боғын тастайды немесе сарыған жерін тапқан дұрыс. Ескі ақыр, көне құдық, сарыған жеріне қақпан қойған жөн болады. Соны табу керек. Қасқыр әккі ғой. Ол жерге үш, жеті, он төрт күнде бір соғады. Жалпылама, әйтеуір, қақпан қоюға болмайды. Оған түспейді де. «Менің соңыма түседі» деп, біраз қашып жүріп, ұмыттырып, ескерусіз келеді.

Сөйтіп, Қырқымбай қарияның ақылын алып, жылқы бағылатын Жошы құдық маңынан сарыған жерін тауып, қақпан салдым. Санап жүрдім. Үш күн өтті. Оралып соқпады. Жеті күн өтті.  Келмеді. Он төрт күн өтті. Бүгін қалай болмасын келуі керек деген оймен барсам, қақпанды тышқан ашып тастапты. Оны көре сала, қасекең секем алып, су ішісімен тұра жөнелген екен. Қап дедім. Бірақ, қайтар жолына да салып ем – соған түсіпті. Бұлардың біреуі қақпанға түссе, екіншісі бір апта сол маңнан серігін іздейтін, сөйтіп жүріп екіншісі де түсіп қалатын «аңқаулығы» тағы бар.

– Қақпан қалай салынады?

– Мәселен, сарыған бұта түбіндегі орнын домалақ етіп қазып, бетінің топырағын былай қойып, қақпанды жасыра көміп, шөппен жауып, жылқының қурап  қалған тезегін сеуіп, ескі топырақпен қайта жабамын. Менде қасқырдың кесінді сирағы бар, сонымен із салып, бетін шыбықпен тырнаймын. Иіс, із қалмау үшін аяғымды шөппен орап байлап жүремін. Із-таңба салмай, қақпанды қоя салсаң оны баспайды да, жоламайды. Қақпан бетінде түңлік киіз бар. Түңлік асты – шұңқыр. Қасқырдың аяғы киізді басып қалғанда тиек-серіппе ағытылып кетеді де, қандыауыз темір сирақты қабады.

– Қасқырдың өзіңіз байқаған ерекшеліктері қандай?

– Қасқырдың ерекшелігі көп қой. Ол апанын суға екі-үш шақырым жерден қазады. Маңайындағы оншақты шақырым көлеміндегі отарға тимейді. Қоздап, далада қалып қойған кейбір саулыққа тимегенін көзіммен  көрдім. Ал апаны маңайынан адамды көрсе болды – бөлтіріктерін алып ауып кетеді.

Мылтықбай Ерімбетов