ДӘРМЕНСІЗ ДӘРІГЕР

ДӘРМЕНСІЗ ДӘРІГЕР

Еліміздің медицинасын айтамын да айдың күні аманында ауруханаға аяқтай барған келіншекті Астанада өлтіріп алды.Көзін маса шағып соған шағынып барған әйелді аяғын алдына қаратып алып шығады деп ешкім ойламаған. Сонда біз қандай мемлекетте тұрып жатырмыз? Масқара ғой! Шетелдік дәрігерлер жатып алып күлмей ме? Енді келіп ақталу үшін, «одан біз тек ем-дом жасауға келісім құжатына қолын қойдырып үлгермедік»,- дейді. Өзі аллергиямен аурады екен, өзі.... өзі... әйтеуір бір жатқан мойындасу. Сол аллегриядан басқа денсаулығында кінәрат жоқ. Бір-біріне жала жауып ұрысып жатқан қатын-қалаштың әңгімесі секілді.Қалай айтқанда да ол ауруханада тұр ғой. Дәріден қалшылдаған келіншектің ағзасына сараптаманы әділ жасаймыз деп қалалық денсаулық сақтау басқармасы тағы да қайырды. Бұл бірінші жағдай емес.

Шындап келгенде Денис Теннің өліміне де дәрігерлер кінәлі. Министр Біртановтан бастап «дәрігер қолынан келгенін істеді, арашалай алмай қалды»,-деп ақталды. Ал кейбір дәрігерлер жедел жәрдем көлігінде қан тоқтататын қарапайым жабдық болмаған деген байлам жасады. Ол қисынға келеді. Негізі жедел жәрдемге санаты жоғары дәрігерлер жоламайды. Жұмысы мазасыз, жалақысы мардымсыз. Онда көбіне-көп ауылдан көшіп келіп қалалық жерде жан бағып жүрген медицина қызметкерлері жұмыс істейді.Ақиқаты осы.

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ