ҚАСҚЫРДЫҢ ҚАСИЕТІ

ҚАСҚЫРДЫҢ ҚАСИЕТІ

            Осы бір түз тағысын тілге тиек еткенде, елең етпейтін жан жоқ шығар. Табиғатына дүлей долылық, қайтпас қайсарлық және жанкештілік тән қасқырға қазақ халқы «ит-құс», «ұлыма» деп жанама ат қойғаны мәлім.

Жәнібек ауданының орталығына ертеректе Ақоба ауылынан көшіп келген Рамазан Сопақов – әңгімешіл, қарапайым жан. Алпысты алқымдаса да, әлі күнге ширақ қимылдайды. Қолы шебер. Ауыл шаруашылығы жұмыстарына етене араласып, техниканың тілін тапқан, қайнаған еңбек ортасында шыңдалған азамат. Аңшылықты кәнігі кәсіп қылмаса да, қасқыр жайын біраз тілге тиек етті. Қызыға құлақ түрдім.

– Ақоба ауылдық округінде Мәңгүр елді мекеніне қарай Қамал атты жан-жағын сор қоршаған арал бар, Қошайдың тұсында. Сол маңға көршілес Орда ауданындағы Сайқын ауылынан келетін Насыр атты аңшы жиі баратын. Оның бір қолы шолақ еді, – деп еске алады ол. – Дегенмен қарымдылығы сонша, сыңар қолмен құдықтан он шелек су тартып ала беретін. Астында жуас, жайбасар торысы болды. Насыр Қамал сорын жиі барлайтын. Жалпы, қасқырдың қаншығы 1,5-2 жылдан соң күшіктейтіні белгілі. Қасқырлар апанын көктемде ерте әзірлейді. Алдымен, қазылған жас топырақты тырмалап жайып тастайды. Жазғытұрым «қопсытылған» жерді қалың шөп басып, апанның аузын жер бедерінен айыру қиын болатынын олар жақсы біледі. Әйтсе де, Насыр көзін ашпаған бөлтіріктерді ұясынан тез табатын. Аралдағы жыра-жарлауыт болсын, жазық болсын, қазылған апанның кірер аузынан бөлек амал-айласы мол аң бөлтіріктері жатқан түпкірдің нақ төбесінен тесіп, ауа кіретін саңылау қалдырады. Аңшы оны «буылдырық» деп атайды. Кейде тышқанның інін де пайдаланады. Насыр сол саңылаудың үстінен тап басып, борпылдақ топырақты қазып, енді-енді ғана бауырын көтеріп келе жатқан көк «күшіктерді» оңай олжасына айналдырады. Олардың терісін сыпырып алады да, қаншық қасқыр (реті келсе оны атып та алатын) алаңдамас үшін ұяластардан бір-екі ұрғашысын тірсегінен қиып тастап кетеді. Кемтар бөлтіріктер сол маңнан ұзамай өсіп-жетіледі. Ұрпағын өрбітеді. Бірақ болашақ ізбасарлары Насырдың қанжығасына тағы да байланып жатады. Құр қол қайтпайтын аңшы осы дағдысын жылма-жыл қайталайды. Кейде тірсегінен қиылған бөрі баласын аяқтанып кеткенше, өзі қолымен жемтік тасып, ауыздандырып отырады.

           Насырдың кәнігі тәжірибесі туралы Рамазан ағаның ауылдасы, марқұм ақсақал Орынғали Балталин де кезінде өз естеліктерімен бөліскен еді:

– Ауылымызға жиі келетін. Ылғи үстіне қара түсті тұтас комбинезон киіп жүретін. Бір қолы кемшін екені рас, – деген еді ол. – Өз кәсібіне астындағы атын жақсы баули білгенін байқайтынбыз. Себебі қасқыр қазған үңгірдің аузына ол атымен бірге келеді де, шылбырын бір аяғына байлап, қолындағы қапшығымен апанға тікелей кіреді. Бөлтірікті аулап болған соң немесе қауіпті сезсе, шылбыр жібін тартыңқырап белгі береді. Мініс көлігі сол сәтте аңшыны сүйреп алып шығады. Жылқының қасиетіне таңдана бас шайқаушы едік.

Жалпы, Насыр төңіректе бұл аңның мекен қылған барлық нүктесін жатқа біліпті…

Рамазан ағамыздың айтуы бойынша, қасқырлар жүйрік болып келгенімен, ұзаққа бармайды. Көлікпен қуғанда сағатына 80-90 шақырым жылдамдықта шапқанмен, тез болдырады. 1,5 шақырымнан соң шапшаңдығы екі-үш есе баяулайды.

Ол бірде таныс жігіттермен Ащыөзек өзені тұсында бір бөріні қуғынға салғандарын әңгімеледі. Әлгі бөрі екінші бетке жүзіп өтеді. Бірақ оны сол жақтан бақылауға алып тұрған қошанкөлдік жігіттер тақымдарындағы «копейка» атты кеңестік кезеңдегі «Жигулимен» қарсылайды. Ащыөзектің жағасына келгенде, жан-дәрмені қалмаған көкжал жанкештілік жасап, темір көліктің өзіне ауыз салған көрінеді. Айбар шеге атылған арлан жеңіл көліктің алдыңғы қақпағын тісімен екі қарыс қып айырып түсіріпті. Екі тісі түбінен қатар сынған. Жанталаста өжет қасқырдың құйрығы дөңгелекке басылып қап қолға түсіпті.

Рамазан Сопақовтың айтуынша, түз тағысының әрқайсысының өзіндік иеленген жер аумағы болады екен. Апанының маңында жайылатын мал атаулыға тиіспейтін көрінеді. Өзге аймақтан келген қандыауыз ғана қауіп төндіреді. Адамдарға деген кегі, ызасы болмаса, көкжал-қожайын «меншікті аумағын» жеке қорып, аталастарын жолатпауға тырысады.

Қасқырлар артынан аңдушы түссе, жымын білдірмеуге өте сақ. Мәселен, жалғыз болсын, топ болсын, қалың жыныс арасына жасырынғанда бірінің ізін бірі дәл басып, кірген тұсына қарама-қарсы қарап жатады. Осылай із кескен аңқұмар жігіттердің біреуі арланның соңынан түсіп, қолына от ауыз бердеңкесін тікелей ұстаған күйі ұйысқан қалың тобылғыға кіреді ғой. Орталық тұсқа дендей кіргенде, қос қасқыр көзге ұшырай кетеді. «Сасқан үйрек кері жүзедінің» керін жасап, шүріппе басқанда оқ көкке қарай қаңғып кетеді. Абырой болғанда, қандыауыздың екеуі де қос қапталға үрке қашыпты.

– Жастау кезімізде ауылдан аңшылыққа құмар бір топ адам қасқыр аулауға шығамыз, – дейді Рамазан Сопақов. – Арасында атқамінер азаматтардан (бұл күнде марқұм болған) Шалгез Мұхамбетқалиев пен Зұлпықар Әбдірешев те бар еді. Сол жылдары қасқыр малға көп шабуылдады. Қойдың тегене құйрығын ойып түсіретін еді, шіркіндер! Негізгі мекендерін білеміз. Жиембеттің арғы бетіндегі Қопа атты аумақта сор бар. Сондағы қалың ұйысқан қамысты торуылдай бардық. Қыста қамыстың ортасы жылы болғандықтан, сор көзіне жақын түрлі аң мекен қылып жатады. Ат шаптырым аумақты, алдымен, жіппен тартылған кергімен қоршап тастаймыз. Кейін бір топ кісі құралдар арқылы айқай-шумен жат дыбыстар шығарып, түтін салып, қалың жыныс ішінен тағы біткенді үркітеді. Қоян болсын, қабан болсын жан-жаққа зытып береді. Бір таңғаларлығы, қасқырлар керме қып тартылған жалаң жіпті аттамай, тіп-тіке арнайы қалдырылған ашық бөліктен шығады. Сол сәтте нысанаға ілінгенін атып үлгереміз. Бұл әдісті бірнеше мәрте қолдандық та, – деді ақсақал.

Тыңдап отырған мені таңдандырғаны, аласапыран сәтінде арландардың «ала жіпті» аттамағаны. Жырынды боп келетін жыртқыштың бұл әрекеті жұмбақ боп көрінді. Тектілік пе, әлде…

– Ауылдағы бір иттің әрдайым жоғалып кететіні әңгіме болды. Сөйтсе, қасқырмен жұптасып жүреді екен. Апаны да жақын маңда болып шықты. Көктемде әлгі ит сонда күшіктеді. Будан бөлтіріктердің үшеуін ауылға алып келдік. Бұлардың мінезі бірінен-бірі бөлектеу жаратылған. Біреуі қолға үйренсе, біреуінің ызақорлығы шексіз дегендей. Ақыры құтаймады, бұл нәсілдер түрлі жағдайда, түрлі мерзімде өліп тынды, – деді аға бір әңгімесінде.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ Орал өңірі