ҚЫТАЙДЫҢ ҚУЛЫҒЫ

ҚЫТАЙДЫҢ ҚУЛЫҒЫ

   

Кейінгі кездері Қазақстанның Қытаймен қарым-қатынасы шамадан тыс жақындап кетті. Ал біздің бұл ел туралы білетінімізден білмейтініміз көп. Ал көбірек біле жүрсек, одан пайда көрмесек, зиян шеге қоймаспыз. Негізінен ежелден келе жатқан бұл алып елдің құпиялары аз емес. Солардың бірі – «Қытайдың 36 айласы». Таяуда ғаламторда ол туралы бір азаматтың еркін аудармамен жазған дүниесі жарияланыпты. Оқып көрдік. Сосын оны оқырман назарына ықшамдап ұсынуды ұйғардық.

Бірінші айла: Күлкінің артына пышақ жасыру айласы  – орайы келмеген кезде барынша ақкөңіл, бейшара, аңқау, сабырлы болу, бірақ құпия түрде барлық әзірлікті толассыз жасау, жағдай пісіп-жетілгенде арыстандай айбаттанып шыға келу.

           Екінші айла: Қарсы жағада өртті тамашалау айласы  – егер жаудың ішінде алауыздық өршіген кезде жауға соққы берсең, олар алауыздықты тастап, саған қарсы біріге бастайды. Сондықтан алауыздық туылғанда одан алыстау керек, сонда алауыздық асқынып, жау быт-шыт болады.

          Үшінші айла: Біреудің пышағын қарызға алып адам өлтіру айласы  – Басқалардың қолымен адам өлтіру. Өз күшіңді ысырап етпей, өзгелерді жауыңа қарсы салып, басқалардың күші арқылы жеңіске жету.

         Төртінші айла: Ебің келсе ешкі жетелеу айласы  – ілік іздеу, азырақ тесік болса соның кеңеюіне, азырақ жыртық болса соның дал-дұл болып жыртылуына қол жеткізу. Жаудың азырақ қателігінен толық пайдалану, ине өткен жерден жіп өткізу.

           Бесінші айла:Шығыстан қылаң беріп, батыстан соққы беру айласы  – бетінде күліп, құшақтап тұрып, арқадан пышақ ұру. Оңнан былай, солдан олай шығу, сөйтіп жауыңды қаймықтыру, есін шығару, алдап торға түсіру;

Алтыншы айла: Көрінеуде жол жасап, көмескіде көпірден өту айласы  – жаудың ішіне кіріп алып, ішінен ыдырату, жалған өсек тарату, бір-біріне айдап салу.

           Жетінші айла: Жоқтан бар жасау айласы  – жалғанды расқа айналдыру; ашық-әшкере көрініп, жалған көрініс жасап, жаудың күдігін арттырып, сасқалақтаған сәтте бас салу.

Сегізінші айла: Ебің келсе ешкі жетелеу айласы  – ілік іздеу, азырақ тесік болса соның кеңеюіне, азырақ жыртық болса соның дал-дұл болып жыртылуына қол жеткізу. Жаудың азырақ қателігінен толық пайдалану, ине өткен жерден жіп өткізу.

 Тоғызыншы айла: Ұстау үшін босату айласы  – жауды қашырсаң, онда оны титықтатып қу, бірақ қайта шабуға мәжбүрлеме («Қайта шапқан жау жаман»), жаудың қуатын сарқуға, шаршатуға тырыс, тірегін бұз, сүйенішін құлат, бірақ берілуге орай қалдыр, сөйтіп барар жер, басар тауы қалмағанда сені жақтайтын, бағынатын болады

Оныншы айла: Сабанды сабалап жыланды шошыту айласы  – жауды толық барлап, бақылап алмай іске кіріспеу, күдікті нәрселерді абайлау, қақпан басудан сақтану, әр қадамды сенімді аттау.

Он бірінші айла: Отты отыннан айыру айласы  – күшің жетпесе, жауды ерегістірмей, жұмсақ айланы қолдан. Жұмсақ қаттыны, әлсіз күштіні жеңеді. Бірден қатты күшке салу жеңісті қиындатып, табысты ауырлатып жібереді. Жаудың негізгі күшімен айқаспай, оның тірегімен, сүйенішімен айқасу, азық-түлік, қазына-мүлік, қару-жарақ, дос-жаран секілділерін қолға келтіруге, бүлдіруге кірісу.

           Он екінші айла: Суды шалпылдатып балық ұстау айласы  – жауды ұлғайтпауға, жөргегінде тұншықтыруға, әлсіз кезінде ойрандауға, әсіресе жау қалаймақан болғанда, ішкі қайшылығы асқынып аласапыран болғанда басып алуға тырысу керек. Ондай жағдайда олардың бір бүтін жүйелі қарсылығы болмайды, бірін-бірі құртады.

Он үшінші айла: Қабығыңа алтын жалату айласы  – салтанатты, керемет көрініс жасап жауды сескендіруге, назарын басқаға аударуға, шошытуға, үрейлендіруге, өздігінен келісім жасауға мәжбүр етуге болады. Жауды жылтырақ нәрсемен алдап апанынан шығаруға, жылтыр нәрселермен есін шығарып, сатқындарын сатып алуға болады. Адамдар көргеніне сенеді. Көргені керемет болса жүрегі сескенеді, абыржиды, алаңдайды.

Он төртінші айла: Есікті бекітіп ұрыны қамау айласы  – егер жауды қуғанда оған қашып құтылу орайын қалдырсаң, онда ол сол орайға жету үшін жанын салып күресетін болады. Егер оған еш қашып құтылу жолын қалдырмасаң, онда ол ұсталады. Сондықтан жауға жау қосылмасын десең жауды қоршап, қаумалап, шашау шығармай бағындыруға тырысу керек,

           Он бесінші айла: Басып алу үшін көмектесу айласы  – ұсақ мемлекеттерде қиыншылық болғанда оларға көмекті аямай беріп, көмектесу сылтауымен оны өзіне қосып жеп алу.

Он алтыншы айла: Үй төбесіне шығушының сатысын құлату айласы  – ең маңыздысы жаудың шабуылшысын құрту, артқы азық-түлік, құрал-жарақ секілді негіздік нәрселерінен айыру. Негізгі тірегін құртсаң қалғаны сенің ырқыңда.

           Он жетінші айла: Сұлу әйелмен аздыру айласы  – сұлу әйелмен алдау, аздыру, әлсірету. Әсіресе жауыңның қолбасысын, сардарын сұлу әйел арқылы аздырып, екі ойлы етіп, құпиясын ұрлап, бөлшектеп құрту.

Он сегізінші айла: Жансызды сатып алу айласы  – жансыздықты пайдалану, құрған тұзағыңа жауыңның түсуіне көмектесетін жансыздарды көп пайдалану, тіпті жауыңның жансыздарын мол ақшаға сатып алып, түрлі жолдармен өзің үшін жансыз болуға мәжбүрлеп, жаудың жоспарын тығырыққа тіреу.

Он тоғызыншы айла: Бейшара көріну айласы  – өзіңді қинап, жазалап, бейшара көрініп, сол арқылы сенімділігіне кіріп аласың да, ары қарай ішінен іреп соя бастайсың. Алдымен зиян шексең де жақсылық жасауға тырысасың. Тасың өрге домалап алған соң енді шын сырыңды паш етіп, пайда беретін жамандық жасауға кірісесің.

Жиырмасыншы айла: Түк шықпаса қашып құтыл айласы  – бәрібір жеңе алмайтының белгілі болғанда шегіну, бой тасалау, бүкіл қосынды сақтап қалу үшін жол беру керек. Дегенмен кейде қашудың өзін қулыққа айналдыруға болады. Мысалы, өтірік шегініп, жауды қуалатып,  жау қуалап шаршағанда,  негізгі қосыннан алшақтағанда, жеңісіне масайрағанда, кеудесін ұрып кекірейгенде, сауыт-сайманын шешкенде, қайсарлығын әлсіреткенде, сергектігін жоғалтқанда қайта тап беріп тарпа бас салу.

Дайындаған – Т. Тұран