Зульфия Габидуллина: Қазақстаннан шыққан тұңғыш Паралимпиада чемпионы

Зульфия Габидуллина: Қазақстаннан шыққан тұңғыш Паралимпиада чемпионы

Зульфия Габидуллина 50 жасында Қазақстаннан шыққан тұңғыш паралимпиада чемпионы атанды. Қарттығына қарамастан өз рекордын жаңарту үшін барын салып, талмай еңбектенуде.

- Зульфия,сәлеметсіз бе! Қалыңыз қалай?

- Сәлеметсіз бе! Менде бәрі жақсы. Қазір Азия ойындарына дайындалып жатырмыз, мен күніне 4 сағат дайындаламын, 2 сағат жаттығу залында, 2 сағат хауызда.

- Спортта жүргеніңізге 30 жыл. Бірақ 2007 жылдан бері кәсіби тұрғыда айналыса бастадыңыз. Осы жайында айтып берсеңіз.

- Ол кезде бізде клубтар мен база болмады. Біз әрқайсымыз жеке-жеке жаттығатынбыз. Алайда адам нақты мақсат қойса діттегеніне жетеді. Мен ем-дом алып, жағдайымды оңалтқанымда спортқа келе бастадым. Бірте-бірте маған хауызға түсуге рұқсат берді. Негізі үйде дайындалатынмын.

- Үйде қалай дайындалдыңыз?

- Үйде жүзу жаттығуларын жасайтынмын, қолым мен арқамды шынықтыратынмын. Ол кезде интернет деген жоқ, жүзу туралы кітаптар оқимын.

- Қазіргі жағдай мен ол кездегі жағдайды салыстыруға келмейді. Тіпті, жүріп-тұру қиын болатын.

- Дұрыс айтасыз, ол кезде үйден хауызға дейін 1 сағатта баратынмын. Қайтарда да солай. 2 сағат жүземін. Үйге келіп тағы дайындалатынмын. Мен алдыма нақты мақсат қойып, соған жетуге барымды саламын. Ал 2007 жылы біз Талдықорғанда, Қазақстан чемпионатында болдық. Сол кезде біздің кураторымыз Саттар Ерғалиұлы мені кәсіби тұрғыда айналысуға шақырды. Ол тегін үйретті.

- Ол сіздің алғашқы ұстазыңыз ба?

- Ол менің алғашқы ұстазым және әлі де менімен бірге жұмыс істейді. Ол бұрын боксшы болған, интернатта оқыды, құрама сапында болды. Денсаулығына байланысты спортты тастауына тура келді.

- Бірінші кезекте сізге не үйретті?

- Ол өзіме сенімді болуды үйретті. Біз бірге 2007 жылы бастадық, ал 2010 жылы сайысқа бардық. Алайда жеңіс бұйырмады. Жасымның үлкендігіне байланысты спортпен айналыспайтынымды айттым. Ол қаймықпа, біз енді бастадық, жеңіс әлі алда деді. 90 жылдары менің арманым жайлы сұрады. Мен олимпиада ойындарына қатысқым келетінін айттым. Айтқанымдай айдай келді. 12 жылдан кейін мен олимпиадаға қатыстым. Сол кезде бапкерім сен жеңуді емес, олимпиадаға қатысуды армандадың. Сенің тілегің орындалды деді.

- Рио-де-Жанейроға сіз алтын алып, рекордты жаңарту үшін бардыңыз ба?

- Жоқ, шынымды айтсам мен рейтинтгте үшінші болдым. Бізде көп жиын болды. Бізді жақсылап дайындады.

- Қай кезден бастап сіздерді жақсылап дайындай бастады?  

- Шамамен 2015 жылдан бастап. Ол кезде Калетаев еді, кейіннен Боранбаев болды. Боранбаев өз қолына алды. Біз Колорадода, олимпиадалық орталықта болдық. Ол жерге барып тұрып, медаль алмау - ұят. Біраз спортшы нәтижесін жақсартты. Мен де жеңе бастадым.

- Алғашқы жеңіске жеткен сәтіңізді еске түсіріңізші.

- Қатты толқыдым. Жеңгенімді білгенмен, олимпиада чемпионы болғанымды кейіннен сездім. Бапкерім тіпті билеп кетті. Барлығы мені суретке түсіріп жатты, көзіме жас үйірілді. Барлығына қуаныштың көз жасы екенін айттым. Көк байрағымыздың желбірегені мен үшін мақтаныш. Әнұранымыз шырқалды. Олимп шыңына көк туымыз көтерілгенде тіпті көз жасымды тыя алмадым.

- Қазір сіз елдің мақтанышысыз. Сізді бәрі біледі. Алайда қысылтаяң кездері газет сатқан күндеріңіз де болды.

- Менің қызым қатты ауырды. Ота жасату керек болды. Қызым 9 айлық болғанда анамнан айырылдым. Әрине бәрін анам жасайтын. Қаражаттан қысылдық. Қызымды бала-бақшаға апарған соң, газет сатуға шығатынмын. Жүріп-тұруым қиындай бастаған соң, мен неше түрлі зат сата бастадым. Табысыма азық-түлік аламын. Қыста шыға алмайтынмын, жәрдемақыға баламды емдеттім.

- Ол кезде жәрдемақы қанша еді?

- 12, 14, 16 мың. Өте аз болатын. Мен үйдегі заттарды сататынмын. Хабарландыру жазатынмын, келген адамдарға қызымды емдетуіме ақша керек, саудаласпаңдар деп айтатынмын. Адамдар түсіністікпен қарады. Заттар ескі болғанымен, сапалы болатын. Үйде тек шкаф қалды. Қазір қызымның жағдайы жақсы. Бірте-бірте үйге керек заттарды сатып алдым. Маған жақсы адамдар жолықты. Мысалы, диван алып, жәрдемақымнан бөліп төлейтінмін.

- Қалайша осындай жаста әрдайым бабыңызда жүріп, жақсы нәтиже көрсетесіз? 

- Менің жағдайымда әрқашан спортпен шұғылдану керек. Егер жаттықпасам қолдарым ауырады. Бұлшық ет дұрыс жұмыс істеу үшін үздіксіз жаттығу қажет. Олай болмаған жағдайда қасықтың өзін әрең ұстаймын. Арбамның дөңгелегін айналдыра алмай қаламын. Бұлшық еттерім қалпына келу үшін кем дегенде 1 сағат жаттығуым керек. Мен бала кезден емес, тек 24 жасымда бастадым. Сондықтан болар әлі де көп нәрсе істей аламын.

- Сізді 2020 жылғы Паралимпиада ойындардан көре аламыз ба?

- Иә, олимпиадаға қатысып, жеңгім келеді.

- Не дегенмен сайыпқыран спортшы ретінде қатысасыз, қаншалықты қиын?

- Иә, жауапкершілік өте көп. Жасым келсе де, аянып қалмаймын.

- Олимпиада ойындарынан кейін бапкерлікке ойысу туралы жоспарыңыз бар ма?

- Ол жайында ойлағанмын. Менің ойымша, кеңес бергенім дұрысырақ. Баланы қай спорт түріне беруге болады дегендей. Мен балаларды өте жақсы көремін. Менің кеңесіме жүгініп те жатады. Балалары мүгедек ата-аналар менен ақыл-кеңес сұрайды. Қазір бізде бәрі бар, кел де спортпен айналыса бер. Тіпті үйде де айналысуға болады. Өзім солай бастағанмын. Ата-аналарға балаларына аса қамқорлық көрсетіп, қатты әлпештеудің қажеті жоқ екенін айтқым келеді. Құласа, қайта тұрады, есесіне шынығады, сабақ алады. Менің де алдымда көп кедергілер кездесті, бірден чемпион болған жоқпын ғой.

- 5 жасыңызда  болған апаттан мүгедек болып қалдыңыз. Сол кезден бастап арбамен жүресіз. Сізді алға не нәрсе ұмтылдырады?

- Ата-анам және туыстарымның қолдауы. Әрине мені еркелетті, бірақ есіріп жіберген жоқ. Қызым ауырғанда кезінде анама қаншалықты қиын болғандығын түсіндім. Ол өз көзімен мені көлік қаққанын көрді. Ол жағдайдан кейін анам есеңгіреп қалды. Өзі тым жүдеу болатын. Біз ата-анамызды тірі кезінде бағаламаймыз ғой. Өмірден өткеннен соң ғана қадірін біліп жатамыз. Қазір бәріне ата-анаңды көзі тірісінде қадірле деп айтамын. Мен сол кезде анамды қатты ренжіттім. Апаттан неге арашалап қалдың деп кіжіндім. Жанымды жегідей жеп, өмір сүргім келмейтінімді айттым. Ол қатты ренжіп кетіп қалды. Қызымды босанғанда анамды түсіндім. Мен ренжіткен едім. Аяғым ауыр кезде түсік жасауды ұсынды. Келіспейтінімді айттым. Дәрігерлер кейін қартайғанда не болатынын ойлауды ескертті. Қызымның жағдайын жасай алмайсың деді. Мен қолымнан келгеннің бәрін жасайтынымды айттым. Қазір қызымда бәрі бар.

- Сізбен әңгімелескенімізге қуаныштымын. Сұхбатыңызға рақмет!

- Сіздерге де көп рахмет!