Жансая Әбдімәлік: Ата-анам менің кәсіби шахматшы болуым үшін пәтерлерін сатқан еді

Жансая Әбдімәлік 8 жасында әлем чемпионы атанды. 13 жасында Анатолий Карповпен ойнап, бір партиясын жеңді. Қазір спортшы қыз 18-де. 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы үздік шахматшы. Биыл әйелдер арасындағы шахматтан өтетін әлем чемпианатында тағы бір белесті бағындырмақ. Назарларыңызға қазақстандық үздік шахматшы қыз Жансая Әбдімәліктің «Sports Nation» бағдарламасына берген сұхбатын ұсынамыз.

 - Жансая, қайырлы күн. Қалыңыз қалай?

 - Бәрі жақсы, рақмет. Мен қазір ерлер құрамасымен бірге дайындалып жатырмын. Бабым келісті, жақында ғана Армениядағы турнирде ойнадым. Дайындығым жаман емес.

-  Ерлер құрамасымен бірге жаттығу өз қалауыңыз ба?

 - Иә, өз қалауым. Ерлер құрамасы мықты ойыншылардан құралған. Маған сол қызық болды. Егер жеке матчтарды алатын болсақ, маған әйелдер құрамасына қарғанда, пайдалырақ. Әйелдер құрамасында мен онсыз да біріншімін,сондықтан осында қызықтырақ.

 - Әр кезде, әр түрлі тәлімгеріңіз болды. Николай Перегудов, қытайлық гросмейстер Жанг Жонг. Ал қазір кім?

-  Қазір мен украиналық гроссмейстер Захар Яфименкомен дайындаламын. Ол әлем чемпионы Владимир Крамниктің секунданты болған. Сондай-ақ Украина құрамасында 2800-ден аса пункт жинаған. Біз 1,5-2 жылдай бірге жұмыс істеп келеміз. Оның дайындау тәсілі, сараптамасы маған ұнайды.

 - Жалпы, соңғы 5 жылда қанша тәлімгеріңіз болды?

 - Соңғы бес жылда 3 тәлімгерім болды. Бір тәлімгермен белігілі бір деңгейге жеткен соң, оның бар білгенін үйреткеніне көзің жетеді. Одан ары өсуің керек. Басқасын таңдайсың.

 - Ондай сәттерде, екі бөлек кету қиын шығар?

 - Оңай емес. Алайда кәсіпқой болғың келсе бәріне көнесің. Бапкерлер категорияға бөлінеді. Бірі-бірінен асып түседі. Сондықтан әр түрлі тәлімгермен жұмыс істеуге тура келеді.

-  Жалпы шахматта балды қалай есетпейді? Элита қатарына кімдер кіреді?

-  Негізі 2700 балл элита деп саналмайды. Алайда Қазақстанда бұл балға жақындаған, не асып кеткен шахматшы жоқ. 2700 балл жинау өте қиын. Егер жетіп жатсаң сен супер кәсіпқойсың. Алайда әрдайым барыңды салуың керек. Мысалы, қазіргі менің рейтингім 2481 пункт. Әр турнирде ең көп дегенде 25 пункт жинайсың. 300 пункт жинау үшін әлі талай турнирге шығуым керек.

 - Қазақстандықтар арасында сол баллға жақындаған сіз ғой?

 - Әйелдер арасында, иә мен. Ерлер арасында 2600 жинағандар бар. Олар ересектер. 2700 балдан асып түсу үшін біраз тер төгу керек.

 - Күніне қанша сағат дайындаласыз?

 - 3 сағаттан 6 сағатқа дейін. Жиындарда 8 сағатқа дейін дайындаламыз. Таңертең 4 сағат, түстен кейін 4 сағат. Бұл максимум. Бар қажыр-қайратымызды сарқып тастаймыз. Қазір үйреніп жатқаныңды кейін қарысыласыңа қолданасың, әлем чемпионы боласың. Соны түсінгенің қанаттандырады. 10-12 сағат дайындалатын шахматшылар бар дегенге мен аса сене бермеймін. Осыншама уақыт бойы 100 пайыз дайындалу мүмкін емес.

 - Шахматтағы басты мақсатыңыз?

 - Әйелдер арасында әлем чемпионы болу. Мен биыл нокаут жүйеде әлем чемпионатына бірінші рет шығам. Сайыс қарашада өтеді, қазір дайындалып жатырмын. Бұл бала кезден көздеп жүрген мақсатым. Мен 7 жасымнан бастап әлем чемпионы болуды армандадым. Енді міне,соның мүмкіндігі туып тұр.  

-  Менің білуімше, сізді шахмат секциясына әкеңіз берген. Ол сізді ағаңызбен бірге дайындалып, шахматшы болғаныңызды қатты қалаған.    

 - Иә, алғашында ағаммен бірге бастадым. 3 жылдан кейін ол шахматқа емес, сабаққа ден қоя бастады. Мен шахматта қалдым. Ол ерлер арасында халықаралық шахмат федерациясының «шебері» атанды. Қазір ара-тұра маған қарсы ойнайды. Ол қазір Германида оқып жатыр. Шахматтан кеткеннен кейін жеңіл атлетикамен айналысты. 1,5 жылдың ішінде жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионы болды. Содан кейін оны да тастады.

 - Алғашында шахматпен айналысу қаншалықты қиынға соқты? Шахмат ерекше ақыл-ойды қажет етеді. Мықты әріптестерің мен тәлімгерің болуы керек.  

 - Иә, басында қиын болды. Бірден мықты нәтиже көрсете алмайсың ғой. Ата-анам шахматпен айналысуым үшін бәрін істеді: қарызға ақша алды, пәтерімізді де сатты. Шығын шықпай, кіріс кірмейді.

 - Сол кездер есіңізде болар?

 - Мен кішкентай болатынмын. Олар маған қиындықтарды сездірмеуге тырысты. Менің мақсатым, шахматпен айналысып, әлем чемпионатын жеңу болды. Әкем 10 жасыма дейін менімен бірге айналысты. Қазір де ол шахмат тақстасына қарап отырып, бәрін қарапайым тілмен түсіндіріп бере алады. Мұндай ата-ана екінің бірінде жоқ. Кішкентай кезімнен бастап қазірге дейін бәрін үйретеді.

 - Шахмат балалық шағыңызды ұрлаған жоқ па?

 - Жоқ, мен жарыстарда өзім секілді балалармен араластым. Бірге саяхаттадым. Менің балалық шағым керемет өтті.

 - Шахматпен айналысамын деп оқуыңыз нашарлап кеткен жоқ па?

 - Жоқ, мен қатар алып жүрдім.  

 - Демек, шахматқа да сабаққа да үлгердіңіз ғой?

 - Иә, мен сабақты үйде оқыдым. Шахматшылар үшін қиын емес. Біздің есте сақтау қабілетіміз жақсы дамыған. Барлық пән болмаса да мен математика мен физикадан қалыс қалған жоқпын.

-  Сүйікті пәніңіз?

 - Жалпы орыс тілі мен әдебиетін жақсы көремін.

 - Гуманитарлық бағытты ұнатасыз ғой сонда?

 - Иә,алайда математикадан да жақсы болдым.  

 - Озат оқушы болдыңыз ба?

 - Иә.

 - Сіз әу бастан қатарыңыздың алды болдыңыз. Сіздің мақсатыңыз басқа болды.  Бұл достарыңызбен ара-қатынасыңызға әсер етпеді ма?

 - Болды… Бірақ айтарлықтай емес.  

 - Бала кезіңізде достарыңыз көп болды ма?

 - Шынымды айтсам, жоқ. Менің достарымның барлығы шахматшылар, ал сыныптастарымнан достарым болмады. Мен ешкіммен біте-қайнасып араласпадым. Өйткені әрдайым сапарда болдым. Ортақ тақырыбымыз болмайтын. Олар көбінесе өздері туралы, ал мен шахмат жайында, чемпионат жайында айтатынмын. Мен негізі адамдармен араласа аламын. Мектеп қабырғасында тек амандық сұрасудан әрі аспайтынмын.

 - Сіз қазір білім алып жатырсыз. Болашақта кім болғыңыз келеді? 

 - Мен бұл туралы әлі ойланудамын. Қазір колледжде оқимын.  

 - Әлі 2 жыл оқисыз, мамандығыңыз қандай?

 - Бағдарламашы. Маған компьютерге шахматты бірлестірген қызық. Ал бағдарламашы боламын ба, алдағы уақытта оқуды жалғастырамын ба, әлі нақты шешпедім. Мен көбінесе әлем чемпионаты туралы ойлаймын.

 - Алайда, оқуыңызда жалғастырасыз ғой?  

 - Әрине. Мен кәсіпқой шахматшы боламын, бірақ сабақты да қатар алып жүремін.  

 - Сіздің карьераңызда көптеген ойындар 7 сағаттан асатын. Осынша уақыт қалай жақсы ойын көрсетуге болады?

 - Ойын кезінде уақыттың қалай өткенін байқамай қаламыз. Толық партияда уақытты есептейсің. 7 сағаттың қалай өткенін білмейсің, алайда, партиядан кейін шаршағаныңды сезесің. Үздіксіз ой үстінде отырасың, ойынның барлығын бақылап, есептеп отыру оңай емес, ешкіммен сөйлеспейміз, шығуға да болмайды. Қиын, алайда спорттың аты спорт.

 - Бұның бәрі тәжірибе. Ұзақ уақыт жақсы ойын көрсету үшін не істеу керек.

 - Спортпен айналысу керек. Әркім өзі қалаған спорт түрін таңдайды. Мен шахматтан бөлек күніге жүзуге барамын. Бапкерім бар. Формамды қалыпта ұстауға тырысамын. Кей шахматшылар футбол ойнайды, кейбірі тенниске барады. Арасында жаттығу залына да барамын. 6 сағат шахмат, 2 сағат физикалық дайындық. Міне, менің жұмыс күнім осылай.

 - Тәртіпке бірден үйрендіңіз бе?

 - 11 жасымда Сингапур шахмат академиясына кеткеннен бастап жүйелі тәртіпке үйрене бастадым. Ол кезде кестеміз тығыз болатын. Мен Бразилиядағы әлем чемпионатына дайындалдым. Таңғы алтыда тұратынмын. Анам ұйықтап жатқанда мен тұрып, өзіме таңғы ас дайындаймын. Кітап оқитынмын, 1,5 сағат эндшпиль көретінмін. Одан кейін анам ұйқыдан тұрады, бірге қытайлық гросмейстерге баратынбыз.  

 - Сіз әрдайым сапарда жүресіз. Оның барлығына қаражат қажет. Жалпы, шахматтан ақша табуға бола ма?

 - Мықты шахматшылардың демеушілері бар. Бізге қазір біршама жеңіл болды. Өйткені кейбір шығындарды демеушілер мен федерация төлейді. Ересектер арасындағы чемпионаттан ақша табуға болады. Балалар арасындағы сыйақы қомақты емес.  

 - Сіздің демеушілеріңіз бар ма?

 - Маған қазір федерация мен қателеспесем Самұрық Қазына демушілік көрсетеді.

 - Қазақстандағы шахматтың деңгейі қаншалықты көтерілді?

 - Қазір біраз көтерілген. Әлемде бізбен санасады. Бізде әлем чемпионы атанған балалар өте көп. Біздің әйелдер командасы өте жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Барлығы да жас, әрі мықты. Запас керек. Бізде команда бар, алайда мықты запастағы қыздар аз. Күшейту керек. Ерлер құрамасында да осылай.  

-  Сіз жассыз, 18-десіз. Өзіңізден үлкен әріптестеріңіз қаншалықты тең деңгейде қабылдайы?

 - Үлкендер жағы менсінбеген кездері де болған. Мен барлығымен достасып, командаға тез сіңісіп кеттім. Біздің құрамада запаста ойнайтын тағы 3 қыз бар. Оларды да әрдайым жақын тартамыз. Мысалы, 15 жастағы Әсел Серікбай деген қыз бар. Ол бізбен Азия чемпионатына барады. 3 айдан кейін Грузиядағы әлемдік шахмат олимпиадасыа қатысады. Бұл оның бірінші командалық маңызды ойыны.

-  Ырым, наным сенімге қалайсыз?

 - Әртүрлі жағдай болады. Дәптерді ашып, кітапты оқисың.Сол күні жеңіске жетесің. Соны қайталап істеу керек деп ойлайсың. Бұрын жеңіске жету қандай киім кигеніңе байланысты деп ойлайтынмын. Кейін анам оның бәрі киімге емес, қалай дайындалғаныңа байланысты екенін түсіндірді. Көптеген спортшылар секілді мен де белгілі бір ырымдарға сенемін.

-  Кездескен қарсыластарыңыздың ең мықтысы Анатолий Карпов па?

 - Иә. Ол әлем чемпионы. Жыл өткен сайын оның деңгейі төмендеген жоқ, керісінше. Әр жаста шахматты әр түрлі түсінесің. 15-16 жасымда менің рейтингім өскен жоқ. Дайындалуындай ақ дайындалатынмын, алайда бірдеңе жетіспейтін. Өсе келе күнделікті тәжірибе керектігін түсіндім.

 - Депутат болғыңыз келетіні рас па?

 - Рас. Бұл ой 2008 жылы келді. Мен сол жылы Вьетнамдағы әлем чемпионатын жеңдім. Оның алдында Азия чемпионы болғам. Мені депутат Гүлмира Исинбаева Астанаға шақырып, Мәжілісті, өздерінің жұмыстарын  көрсетті. Маған қатты ұнады.

 - Денгенмен сонда жұмыс істеуге ниет бар ма? Әлде қазақстандық шахматқа өз үлесіңізді қосқыңыз келе ме?

-  Әрине, бұл – менің басты мақсатым. Ол кісі мені заң қабылданатын залға апарды. Ол кезде кішкентаймын, маған ұнады. Менің мақсатым – спорт, шахматты көтеру. Мен қазір беліглі бір жолды жүріп өттім, ата-анаммен бірге қандай қиын кезді өткергенімді түсіндім.

-  Демалысыңызды қалай өткізесіз?

 - Мен балық аулауға, Шымкентке атама барамын. Ол табиғат аясындағы керемет демалыс. Шахмат менің түсіме де кіреді. Ал мен балық аулауға табиғатқа шыққанда шахмат туралы мүлде ойламаймын.  

 - Шахмат сізге не үйретті?

 - Өте көп нәрс еүйрендім.

 - Соның ішіндегі ең мықты үйренген дағдыңызды айтып берсеңіз?

-  Ерекше есте сақтау қабілетім. Есіме тез сақтаймын. Алайда адам аттары мен телефон номерлерін жаттай алмаймын. Тек әкемнің номерін жатқа білемін.

 - Жансая, сұхбатыңызға рақмет!

 - Сіздерге де рақмет.