САУЫТБАЙ БОСАДЫ, САЯСИ ҚАМАУДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ НЕ БОЛМАҚ?

САУЫТБАЙ БОСАДЫ, САЯСИ ҚАМАУДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ НЕ БОЛМАҚ?

Адвокат Абзал Құспан сотта Қазақстан мақұлдап келіскен халықаралық пактілерді негізге ала отырып, Сайрагүлдің босауына себеп болды. Жақсы ғой, боталарын боздай іздеген ананың бүгін маңдайы жарқырап, жүзіне күлкі үйірілді. Қуаныш, шашу. Десе де, түйін осымен шешілді ме? Ол Қытайдың саяси қамау түрмесі туралы көп ақпарат біледі. Онда мыңдаған қазақ жігіттері қамауда жатыр. Сайрагүл  тау арасында қазақтарды қамайтын 2 түрме барын жариялады. Олардың қатын бала-шағасының ортасына әр шаңыраққа бір-бір қытайдан кіргізіп қойды. Еркегі жоқ үйге әдетте өзге адам кірмейді. Ал, қысық көздер залымдықтың  сырық бойламайтын тәсіліне барды.

Сырт көзге күлімдеп тұрғанымен, қытайдың аз ұлтқа келгенде тіні қатты. Қытай 11 миллион ұйғырды тоз-тозын шығарып, мешітке баратын шалдарын таң азанмен көшеге шығартып, гимнастикасын жасатып, мазақ еткендей болды. Дүниежүзілік ұйғырлар конгрессінің төрәйімі Рабия Қадірдің Қытайға қатысты өткір пікірін оқығанда жаның шошиды. Ұйғырға менің бес қайнаса сорпам қосылмайды ғой, тек іштей қазақ қасқаны да осылайша сорлатып жатыр ғой деген ой келеді.

Әдетте, Біріккен Ұлттар Ұйымы, халықаралық адам құқын қорғау ұйымы халықаралық  ратификацияланған заңдарды алға тартып, төрелік жасап, билігін айтып жатады. Алайда ресми Пекиннің «ішкі ісімізге араласпа» деген қысқа жауабын естіп, тосылып қалады.

Жарайды, Сайрагүл босады, ал түрмеде жатқан қазақ жігіттерінің тағдыры ше? Бала шағасын бағып қалған әйеліне арқа сүйеп, «отағасы» болып отырған қытайды қайтпекпіз?

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ