«АРМАНЫМ БОП НЕГЕ ҚАЛМАДЫҢ-АЙ?!»

 

Шіркін-ай, осы әнді естіген сайын балқып кетемін. Еңгезердей еркек болғаныммен, жүрегім, тінім мың қыздан да сезімтал, нәзік екенін өзгелер біле ме екен?!)Деседе шығармашылық ұлды ұл, қызды қыз деп таңдап жата ма? Тыңдарман талғамы деген  биік тұғырдан қарайды ғой. Әні де, сөзі де әп дегеннен ғарыштық кеңістікке алып шығып,қиялыңа қанат бітіретін осы ән тыңдайтын қазақ болса өлмейді.

 Сенің от құшағыңда

 Дүниені ұмытып талқысыдым.

 Жүрегімді өртеді жан ыстығың.

 Мынау байтақ әлемде тек екеуіміз

Жүргендейміз айналып ғарышты мың. 

                 Өлеңің авторы - Фариза Оңғарсынова. Әнін Гүлнәр Шәмшиева жазған. 

 - 1990 жылы Атыраудан көшіп келіп, Алматыда «Ақ желкен» журналында істеп жүрдім. Фариза апай бас редактор. Бір күні  ол кісінің өлең жинағындағы «Әйел монологі» өлеңіне көзім түсіп әнін жазғым келіп, іштей булықтым.Қайырмасын өзім қостым. Көп ұзамай әні де шықты. Кішкентай қызымды ертіп жатаханаға Гүлмира Ақүрпековаға әнді отырдатып көруге бардым. Гитараға салып еді, керемет ән шықты. Әнді «Тамашаға» шығарғымыз келіп содан жүгірдік. Ұлықпан аға салған жерден «әнің ұнаса аламын, ұнамаса шықпайды, ренжіме», - деп қысқа қайырды. Содан ол әнді жаздыртуға студияға апардық. Күн ұзаққа баламен сарылып, кезек күтуге мұршам болмады. Кішкентай қызымды ертіп үйге кетіп қалдым. Гүлмира студияда қалды. Ең соңғы болып Гүлмира  «Әйел монологін» орындағанда  бірінші Ұлықпан аға қуаныпты. «Мынау керемет ән, керемет», - деп шаттанған екен. Сөйтіп ән қалың қазақ арасына қалықтап кетті.  

НҰРЛАН ҚАЗИҰЛЫ