ҚЫМЫЗДЫҢ ҚАСИЕТІ

ҚЫМЫЗДЫҢ ҚАСИЕТІ

       Жылқы сүті, яғни қымыз жыныс гармондарына жақсы әсер ететін ферменттерінің арқасында әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды. Құрт ауруларының алдын алады, ауырған адамның қайта қалпына келуіне жақсы ықпал етеді. Ал саумал қымызды ем ретінде буын ауруларына ішсе, тіпті пайдалы екен. Салданудың да алдын алады. Жаңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етеді. Демек, емізулі балаға да пайдасы орасан. Ашыған қымыз шөлді басып, қантамырды қордаланған зиянды қалдықтардан тазартады. Іш қатудың алдын алады. Бүйрек пен бауырды қанықтырып, қан тамырларын тазалайды. Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың бірден-бір емі. Қымыз адамның физикалық жағдайын да күшейтумен қатар, тәбет ашып, ас қорытуды жақсартуға ықпал етеді екен. Қымыз жыл маусымына байланысты екі, кейде үш түрге бөлінеді: жазғы қымыз, қысқы қымыз немесе күзгі қымыз деп айтылады.   Биені алғаш байлағанда ашытатын қымызды – уыз қымыз, алғаш рет құлындаған қулық биенің сүтінен ашытылатынды – қысырақ қымыз немесе ту қымыз, қымыздың үстіне саумал құйылып, келесі күні қотарылатынды – түнемел қымыз, ашып кеткен қымыздың үстіне үстемелеп саумал құйып жуасытқанды – жуас қымыз, сабадағы мол қордың үстіне күн сайын сүт құя отырып бірнеше күн жинаған қымызды – қорабалы қымыз деп атайды.

       Ал дайындау мерзіміне орай: Саумал, Түнемел қымыз (бір күндік), Құнан қымыз (екі күндік), Дөнен қымыз (үш күндік), Бесті қымыз (төрт күндік) деген атауға ие.

        Сондай-ақ, қазақ тарихында қымыздың қандай жағдайда ішілгені туралы да мәлімет бар. Мәселен, «Саумал» – жаңадан сауылып сабаға құйылған бие сүті, аздап пісілген, бірақ аши қоймаған түрі. Якуттар да мұндай қымызды «саамал қымыз» деп атайды. «Саумал ішсең – қымыз жоқ, бие мінсең – құлын жоқ» дегендей, саумалды кедейлер қымыз болмай қалғанда ішіпті.

        Сары саумал – күзде шөп әбден пісіп-жетілгенде сауатын саумал.

         Бесті қымыз деп төрт күн тұрып, әбден ашып, бабына келген қымызды атапты. «Берместің үйінде бесті қымыз да жоқ» дейтін халық мақалы осыдан қалса керек.         Қымыздың дәмін келтіріп және күшейту үшін қосылатын заттарға тоқталсақ: кепкен сүр қазы, қойдың еті, қойдың құйрығы, қалампыр, күшала, көк қылша, жылқының тобығы, қант, бал, мейіз, кептірілген өрік, құйма күміс (жамбы). Ал қымыздың ашытқысы: ұйытқы, қор, қораба, ерім, тұз сіңген жылқының жаясы, ашыған нан, ашыған бидай көже, жылқының жақ сүйегі, жылқының ортан жілігінің басы.

        Қымыздың құрамындағы «С» дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп болғандықтан, төрт түліктің ішінде биенің сүті ғана сүттің ерекше түрі альбуминдік қасиетке ие екен. Демек, бие сүті ананың сүтімен пара-пар деген сөз. Бие сүтінде кездесетін ақуыздар, майлар, көмірсутегілері басқа сүтке қарағанда ерекше. Бұл – бие сүтіндегі ғылыми дәлелденген қасиеттердің бір парасы ғана. Ал оның зерттелмеген, ашылмаған тұстары тіпті көп.

Абай ЖАНҒАБЫЛОВ медицина ғылымының докторы