БӨЛТІРІКТІҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ

БӨЛТІРІКТІҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ

Бөлтірік әке-шешеден жастай айрылады. Бұғанасы қатпай байлардың қозысын бағып, отынын тасып, күлін шығарып, күнін көріп жүреді. Бірақ ішсе тамаққа, кисе киімге жарымайды. Бір күні жанашыр ауылдасы:

 - Әй, Бөлтірік, сегізге келдің сергелдеңде жүрсің. Жаным ашып айтамын, сонау Балқаш деген жерде Қоңырбай атты бай нағашың бар. Соның саясын паналап ер жеткенің дұрыс қой, - дейді.

Бөлтірікке ой түседі. "Бұл жерде жаны ашитын адамым жоқ, маңдайымнан сипайтын қол жоқ. Одан да түбі бір, туысы бір нағашымды паналағаным дұрыс болар. Етіне тояйын, тайына мінейін, киімімді бүтіндейін" деген шешімге келеді. Көп ұзамай сол жаққа баратын керуенге ілесіп, нағашысының ауылына келіп жетеді. Бөлтірікті көрген нағашысы қуанып:

 - Жиенжан, жақсы келдің ғой, не істерімді білмей отыр едім. Қолыңа шыбық ұстап, қозыға шық, - деп мал соңына салып қояды. Мұнда да ішсе тамаққа, кисе киімге жарымайды.

Бір күні Қоңырбай төңірегіндегі өзі теңдес байларды қонақка шақырады. Бөлтірік бұған қатты қуанады. Іштей "етк тоятын болдым, етке тоймасам да сүйек, сорпа тиетін шығар" деп ойлады. Байлар табақтағы сүйекті бір-бірден ұстап мүжи бастайды. Босағада отырған Бөлтірік балаға көз қырын да салмайды. Осы кезде үй сыртына бір топ атты адам келіп тоқтайды, ат дабырын естіген нағашысы Бөлтірікке:

 - Әй, сүмелек, мына келген кімдер екен көріп кел, - дейді.

 Бөлтірік тысқа шықса, бастарына сәлде ораған бес молда екен. Баланы көрген бір ересектеуі:

 - Үйде кім бар? - дейді. Сонда Бөлтірік жұлып алғандай:

 - Үйде өңшең иттер отыр, - дейді де ішке енеді.

  Нағашысы Бөлтірікке қарап:

 - Келген кімдер екен? - дейді. Бөлтірік бәріне естірте:

 - Бес қатын келіп тұр, - дейді. Отырғандар бір-біріне таңдана қарасып:

 - Еркек үстіне келетін қандай қатындар?!

 - Біздің тоқалдарымыз болмасын!

 - Аттарынан түсіріп, үйге кірсін де! - деп бұйырады нағашысы.

  Бір кезде Бөлтірік бес молданы бастап үйге кіргізгенде, бәрі таңданып балаға қарайды. Бірақ, ештеңе айта алмай, қызарақтап күлгенсіп бір-бірімен сәлемдеседі. Молдаларды отырғызып болған соң, босағадағы отырған Бөлтірікке нағашысы одырая қарап:

  - Әй, бала, сомадай болып отыра бермей, қонақтарға қой әкеп сой. Молдалардан бата сұрауды ұмытпа! - деп зекиді.

   Бөлтірік қойдың ішінен бір қара қошқарды ұстап алып келеді де, есіктің жабығын көтеріп:

  - Ал, молдекелер, бата қылыңдар? - дейді. Нағашысы қошқарды көріп:

  - Әй, иттің баласы, саған бірдеңе көрінген бе, семіз ісектер тұрғанда, қошқар әкелгенің қалай? - деп қолындағы қамшысын кетереді. Сонда Бөлтірік нағашысына тіке қарап:

  - Ұрсаңыз ұрыңыз, таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді. Иттің баласы болсам сізден аулақ кетпегенім ғой! Бұл - бір. Екіншіден, адам қожасы - қожа, қой қожасы - қошқар. Бұл қожа-молдаларға қошқар сойған лайық. Оған несіне намыстандыңыз, нағашы? - дейді.

  Отырған жұрт сасып қалады. Сонда әлгінде келгендердің ішінен жасы үлкен біреуі тұрып:

 - Баланың сөзі дұрыс, соя берсін, аллһау-акбар! - дейді.

  Нағашысы Бөлтіріктің соңынан шытынай қарап:

  - Кешіріңіздер, молдекелер, мына қу жетімге бір нәрсе көрінген шығар. Сіздерді әлгінде "қатындар" деп айтты бұл жетім, - деп күйінеді. Сонда қонақтардың бірі:

 - Біз де "үйде кім бар?" деп едік, "өңшең иттер отыр", - деп жауап берді. Сонда бұл балаға сүйек те тимегені ғой. Бізді қатын десе, басымыздағы сәлдеміз шығар. Бұл баланың тілегін орындап, ауылына тезірек қайтарған жөн болар түбі деген екен.

Бөлтірік кедейліктен үйлене алмай жүреді. Балқаш жақтағы нағашысына барғанда әуелі қозы, қой, бірер жылдан соң жылқы бағады. Ол ат үстінде ойнайтын әбжіл, мықты жігіт боп ер жетеді. Бұл өңірдегі палуан деген одан жығылады. Додапаз деген оған ілесе алмайды. Ақын біткен онымен айтысып жеңе алмайтын болады. Өзі көрікті, келбетті, насат, үнемі тауып сөйлейтін Бөлтірікке бозбала, әсіресе қыз-келіншектер үйірсек болады.

Бірде бие сауын кезінде құлын ағытып, салып тұрған Бөлтірік жеңгесімен сырласады.

 - Шырайлым, еліңді сағындың ба? Иә, сағындым.

 - Неге еліңе қайтпай жүрсің?

 - Жалғыз келіп ем, екеу болып қайтсам деймін.

 - Е, е бәсе ішім сезеді-ау, біздің еркежанға көңілің ауған екен ғой.

 - Иә, жеңеше, өзің ептестірсең деймін.

 - Нағашыңнан таяқ жеп жүрмейік.

 - Оның есебін өзім табамын.

 - Қалай?

 - Әуелі еркежаныңды көндір, екеумізді кездестір, уәде байласайық. Біз аттанатын түні нағашым ауылда болмасын. Өзің сылтауратып оны төркініңе ертіп кет. Сонда біздің қашқанымызды сенен көрмейді. Бөлтірік байдың тоқалына осылай ақыл береді. Жеңгесі оның ақылын бұлжытпай орындайды. Сонымен, Бөлтірік өзінің сүйген қызын бір түнде алып қашады. Екеуі екі атпен түнделетіп жүріп отырып, Қосащыдағы ауылдың тұсына жетеді. Бұл Мәнеке байдың ауылы еді. Жылқы қарап жүрген байдың екі жігіті олардың ізін кесіп, соңына түседі. Ауыл сыртындағы өзеннен өте бергенде, әлгі екі жылқышы оларды ұстап алып, Мәнеке байға алып барады.

- Мына бір-екі жігітті ұстап алдық. Жылқыны ұрлап жүрген осылар болса керек. Бізге жөнін айтпады. Мына біреуінің қолы темірдей екен, әліміз келмеді. Өзіңіз сөйлесіп көріңізші? Мәнеке бай бұл екеудің тегін емес екенін сезеді де:

 - Аттан түсіп, сусын ішіңдер, - дейді. Екеуі аттарынан түсіп үйге кіреді. Бөлтірік қасындағы сусар бөрікті, кемер белдікті сұлу «жігітіне» қарап:

 - Бұл да өз аулымыз. Енді жігіт боп шіренбей-ақ қой. Шешініп отыр, - дейді. Қыз үстіндегі еркек киімдерін шешіп тастап, сырлы тегенедегі сары қымызды өзі сапырып, отырғандарға кесе жағалатады. сонда абрып Бөлтіріктің қалындығын еркекше киіндіріп алып қашқанын біледі олар.

  Бөлтірік әңгіме дүкенін қыздырады. Бірде термелеп, бірде пернелеп талай әңгіме, жырдың басын қайырады. Таныса келе Мәнеке би:

 - Ыстыда Бөлтірік деген шешен бала бар деуші еді. Сен сол екенсің ғой, - деп мал сойып күтіп ертеңіне аттандырыпты. Міне, Бөлтірік осылай үйленген екен дейді.

Толқын Мұхамадиева