ҚЫЗТЕКЕ

ҚЫЗТЕКЕ

– Мен 37 жылғы аман қалғандардың бәрімен араласқан адаммын. Біздің ұрпақтың бәрі сондай. Үлкен кісі – Мұхаң-Мұхтар Әуезовті көргем. Әңгімесін тыңдағам. Тұздас, дәмдес болдым. Соның арасында Сәбең, екі Ғабең, сондай-ақ, Тайыр Жароков, Ғали Орманов та бар. Біздің ұрпақтың бойында жақсы қасиеттер болса солардан жұққан. Жаман қасиетті біз өзіміз-ақ тауып аламыз. Ешкімнің көмегінің керегі жоқ.

 Менің тұтынатын қағидам бар. Ол (Әуезов) Мұхаңның: «Неге озып кеттің деп біреудің шаужайына жабысқанша, неге қалып қойдым деп өзіңді қамшыла» дегені. Солай болу керек. Ал, өнердегі бақталастық –бейшаралық.

Хадисте екі-ақ нәрсе қымбат деп жатады ғой. Бірі – денсаулық, екіншісі – уақыт. Сен денсаулығыңды, сосын уақытыңды қалай пайдаланасың, әңгіме сонда. Бірақ, осыны ұстанып жатқан қазақтың жазушылары, ақындары сирек деп білем. Оның ішінде өзім де бармын. Сондықтан, алдыңдағы ағалардың бойындағы қасиет те, замандастарыңыздың да қасиеттері, керек десеңіз, артта келе жатқан жастардың да қасиеті – мектеп. Марксизмнің «Три источнигі» сияқты, мұның үшеуі де үш бұлақ… Бұл қай ұрпақтың өкіліне болса да әсер етеді, күш-қуат береді. Сенің айтпағаныңды артыңнан келе жатқан ұрпақтың айтып жатқанын көресің. Оқымағаныңды солардың оқығанынан білесің. Өйткені, келе жатқан ұрпақтың жүгі сенікінен де ауыр.

Кейінгі ұрпақтың бізден гөрі бір ерекшелігі бар. Олар толып жатқан цензура, толып жатқан қырғи қабақ, толып жатқан қызғаныштардың барлығынан ада. Жастар біз тек атын естіп, «цитатын» ғана оқыған адамдардың шығармасының түпнұсқасын біледі. Олар – Флоренский, Бердяев, князь Трубецкой, Карсавин, үлкен Вернадцкий еңбектері. Біздің жасымызда оқу деген суға жазғанмен бірдей. Мен, мысалы үшін өздеріңнің шығармаларыңды газеттерден оқып, телевизордан көріп қуанып отырамын. Соның өзін бір жетіден кейін «Қалаға, мынауымды оқып, анауымды көрдіңіз бе?»,- десең, оқыдым, көрдім деймін. Бірақ, олардың мазмұнын тереңдеп айтып бере алмаймын. Бұл кәріліктің әсері, білдің бе? Бірақ, үйреніп қалған әдет – оқымай отыра алмайсың.

Қазір жастардың өзі, мына өздерің бастаған топ үш түрлі. Біріншісі, өзінің ұлттық дәстүр, қасиетін тәрк етіп жүргендер. Екіншісі – қосмекенді жәндік сияқты еуропалық мәдениет пен қазіргі өркениетті бірдей білсем дейтіндер. Бұлар – қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, творчестволық қызтеке сияқты не ананы оңдырып, не мынаны оңдырып жүрмегендер. Ал үшіншілері – өзінің халқының дәстүрін, фольклорын, тұрмысын, тарихын сақтап жүргендер. Сонымен бірге, олар Еуропаны да жақсы біледі. Оларды космополит деп айта алмайсың.

«Заң газеті».

12 наурыз, 2001 жыл