АТТАН ҚҰЛАҒАН АҚАЕВ

АТТАН ҚҰЛАҒАН АҚАЕВ

Республика деңгейінде біршама лауазымды қызметтер атқарған азамат Тоққожа Естенов Ә.Кекілбаевтың тапқырлығы, шешендігі жайлы мынадай бір тосын оқиғаны еске алады: «1998 жылы Алматы облысындағы Қарасай батырға арналған ескерткішті ашуға Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен көршілес Қырғыз елінің басшысы А.Ақаев қатысты. Жоспар бойын­ша арнайы тігілген киіз үйге Мемлекет басшыларын салт атпен алып жүруді жөн көреді. Мінген аты асаулау ма, әлде жылқыдан тосын мінез күтпегендіктен бейқам болды ма, орта жолда А.Ақаев мінген ат кенеттен тулап кетіп, ол аттан жығылып қалады. Мұндай оқыс оқиғадан кейін екі елдің басшылары алдында ұйымдастырушылар да, қонақтар да аса бір ыңғайсыз жағдайда қалды. Баршасының ұнжырғасы түсіп, көршілес екі елдің игі-жақсылары бір-біріне не айтарын білмей тосылып отырады. Осы мезетте Мемлекеттік хатшы Ә.Кекілбаев: «Алқалы әлеумет! Біздің қазақта жиен елге келгенде «Бай болсын!» деген ниетпен мыңғырған мал жататын жерге жиенді бір аунатып алатын көне дәстүр бар еді. Біз сол жолымыздан жаңылыппыз, атадан қалған үлгілі жолды, ұлы дәстүрді ұмытып кетіппіз. Байқадыңыздар ма, әлгінде айналайын Қарасай бабамның аруағы біздің жіберген сол бір ағаттығымызды түзетіп жіберді. Нағашылап келген жиенді бір аунатып, жауырынын жер иіскетіп алды. Міне, енді біз де өз парызымыздан құтылып, жеңілдеп қалдық!» деп қиыннан қиыстырғанда, дастарқан үстінде дағдарып отырған көпшілік шешеннің тосын тапқырлығына сүйсініп, жадырап сала беріпті. «Жақсы болудың жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ!» деп мәлімдеген Әбіш Кекілбаевтың көптеген лебізі қанатты сөзге айналды.

Мамай АХЕТ, филология ғылымының кандидаты