АБЫЛАЙДЫҢ АЙБЫНЫ

АБЫЛАЙДЫҢ АЙБЫНЫ

Тарих тағы даңқты хан Абылайдың шын аты - Әбілмансұр. Абылай-оның арғы атасы. Ол ел билеу ісінен гөрі жауынгерлік қимылға бейім адам екен. Сондықтан оны жұрт «батыр Абылай» деп атапты. Әкесі өлгенде хандық жолы үлкен баласы Абылайдікі еді. Бірақ пысық інісі ел жақсыларын өзіне қаратып алып, хандыққа ие болды (Бұл - атақты Әбілмәмбет ханның арғы атасы). Тиісті дәстүр бойынша әкесінің орнына ие бола алмағанына өкпелеп, Абылай батыр Үргеніштегі нағашысы Ғайып ханға көшіп кетеді.+

Ханның жиені әрі батыр Абылай Үргеніште абыройлы тұрады. Кейінірек Ғайып хан өлгеннен кейін оның жұрағаттары хандыққа ие бола алмайды, бақпен бірге дәулет те кетеді, күнкөріс қиынға айналады. Осы кезде жас Әбілмансұр «Сарыарқа - жерім, қазақ - елім» деп қазақ даласына жаяулап жол тартады.

Сол бетінде қалың Үйсін еліне келеді. Аяушылық етіп, ішіне тартушы жан болмайды. Адамға әсіресе нашарға рақымды Төле би дейтін би бар деп естиді. Жағалап соған келеді.

-Уа, шырағым, кімсің, қолыңнан қандай жұмыс келеді?- деп сұрайды би.

-Қазақпын. Қандай жұмыс тапсырсаңыз да, істеймін,- дейді бала.

-Кімнің баласысың, атың кім?

Бұл сұраққа Әбілмансұр:

-Сіздің балаңызбын, әкем сіз болыңыз. Сіз қойған ат менің атым болсын, - деп жауап қайырады.

Киімі тозған әрі кір, шашы ұйпа-тұйпа балаға Төле би сыртқы бейнесіне лайық «Сабалақ» деп ат қойды. Шомылдырып, бүтін киім кигізді, жап-жақсы жігіт болды.

Түйе бағу міндетін жүктеді. Биге қызметі ұнаған Сабалақ кейіннен жылқышы қызметіне ауыстырылды. Сенімі арта түсті.

Күндерде бір күн қазақ пен қалмақ арасында үлкен ұрыс басталды. Ер азамат соғыс майданына аттанды. Сол жорыққа қосылғысы келіп, Сабалақ атасынан рұқсат сұрады. Бидің босатқысы келмеді.

- Қантөгіс майданға барғаннан малыңды бағып, тыныш жүре бергенің артық қой, балам,-деді. Бұл сөзге Сабалақ шұғыл жауап қайтарды:

-Желкілдеген тудан, жер майысқан қолдан қалғаннан ер жігіттің өлгені артық, ата! - деді. Қайткенде де жорыққа аттанғысы келетінін ашық білдірді.

Баласының жауға зығырданы қайнап, ел намысы үшін жанын қиюға әзір екендігін сезген би сөзге де келген жоқ.

 

-Жолың болсын, балам!-деп батасын беріп, аттандырып салды.

Майданда Ғалдан Цереннің қызынан туған жиені, өзінің бас уәзірі Шоңтажының баласы Шарыш батыр жекпе-жекке шығып отыр. Онымен айқасуға ешкім шыға алмай, қазақ ханы Әбілмәмбет және бүкіл қазақ қолы тұйыққа тірелгендей болып отыр екен. Сабалақ хан алдына келіп, тізесін бүгіп, қолын қусырды да, Шарышқа жекпе-жекке шығуына рұқсат сұрады. Өзіне қараған қалың қолдан ержүрек бір адам шықпай, қиналып отырған хан оның кім екенін де сұрамады, рұқсат етіп, ізгі тілегін айтты.

Сабалақ барған бетінде Шарышты көтеріп алып: «Абылай, Абылай! Жар бол, Абылай!-деп, дүрс еткізіп жерге соғып, басын кесті де, «жау қаштылап» айғайға басты. Қалмақ тобы дүркірей қашты, қазақтар қуып, жауына ойран салды. Көп олжамен қайтқан қазақ тобы еліне қарай беттеп, бір жайлы жерге қонды. Көлік белі босатылып, шатырлар тігілді. Хан майданда жолы болған жігітті шақырып алып, Әбілмәмбет хан оның кім екенін сұрап білді. Содан кейін билерін, батырларын жинап, оларға оқиғаны бастан-аяқ айтты.

- Бұл жігіт менің шөбере інім екен, - деп бастады ол сөзін, - Мұның арғы атасы Абылай батыр менің арғы атамның бірге туған ағасы еді. Менің атам мұның атасына қиянат етті. Соған ренжіп, ол басқа елге көшіп кетті. Сол атам Абылай батырдан бір жұрағат бар деп естуші едім. Мына жігіт сол інім екен. Хандық жолы осынікі, мен бердім ініме. Қазірден бастап қазақ елінің ханы талай жорықта жолы болған атамыздың есімімен ұран көтеріп, үлкен жеңіске жеткізген осы жігіт Абылай болсын!

Айта қалғандай бұл ізгі бастаманы жиналған қауым біруыздан мақұлдады. Тек: «ол әлі жас қой, алдында ағасы тұр, әзірге ханның жәрдемшісі-сұлтан болсын» десті.

Әбілмәмбеттің ұсынысы бойынша, Сабалақтың атасы Төле биге тарту-таралғымен өкілдер жіберіп, одан ризалық алуды ұйғарды. Барған адамдар биден ризалық алып, өзін ертіп ала келді де, баласын сұлтан көтерген қуанышты думанға қатыстырды.

"Бабалар сөзі"