«ТАМАША»ТАРЛАНЫ

 

«Тамаша» – тамаша болып, елдің жүрегін жаулаған тұста, М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театры Тұңғышбай Жаманқұловты Қазақстанның еңбек сіңірген артисі деген атаққа ұсынған екен. Сол кездегі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атаққа ұсыныл­ғандардың тізімін қарап отырып: «Мынау Тұңғышбай «Тамашаның» ұзыны ғой, – депті, депті де, – ал, енді қысқа бойлы Құдайбергені қайда?» – депті, депті де, – жоқ, екеуін ажыратпай бірге ұсынуымыз керек. Әйтпесе, халық бізді түсінбейді, ұнатпай қалады», – деп, екеуіне де бірден атақ бергізіпті.

Міне, осының өзінен, Құдайберген есіміне аса зор ілтипатын сезінеміз, еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін Құдайберген Сұлтанбаев есімін білмейтін жан жоқ десек, қателеспейміз.

Совхоз-колхоздарда жұмыс істейтін еңбеккерлер «Тамашаның» уақыты болып қалды деп, күрек-кетпенін тастай сала, теледидарға үңілетін кезең еді.

Жалпы, әзіл-сықақ кеші болсын, юморға арналған кездесулер болсын, екі дуэттің бірі – өте байсалдылық танытса, екіншісі – сол мінез арқылы күлкі тудыруға ұмтылатын заңдылық бар. Соған сәйкес актер Тұңғышбай Жаманқұлов байыпты сөйлеуге тырысып, актер Құдайберген Сұлтанбаев одан күлкі, юмор табуға бейімделді. Бұл екі тандем қазақ жұртының жүрегіне бірден ұялады.

Шөмішбай САРИЕВ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері