ҚИЯҒА ҰШҚАН ҚЫРАН БЕЙНЕ

ҚИЯҒА ҰШҚАН ҚЫРАН БЕЙНЕ

         

     Қазақстанда бүркіт қиясы көбінесе Алтай, Сауыр, Тарбағатай, Алатау, Көкшетау сияқты сілемді тауларда, сонымен бірге орманды алқаптарда әсіресе, биік қарағайлы, үйеңкілі жерлерде кездеседі. Қазақ кұсбегілерінің қолға түскен бүркітті «ой құсы» немесе «қыр құсы», «таулы жердің құсы» деуі де осыдан.

         Таулы жерді мекендейтін бүркіттердің тұлғасы кесек, көлденеңі ауқымды иықты, аңғары (екі аяғының арасы) алшақ, жауырыны сыртқа теуіп, мойын жүні мен балақ жүні салалы болып келеді. Тек бітім тұлғасы ғана емес, сыртқы түр түсінде де өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, қыр құсының жүні қара барқын тартып, бойындағы ақ теңбілдері ерекшелене, айқын көрінеді. Әсіресе, екі иығы мен құйрығының ағы мол болатындықтан көзге ұрып тұрады.

        Ал ой кұсы өзінің ықшам, жинақылығымен көз тартады. Жапырақтары сүйірлене жымдасып, жалпы түр-түсі сары бұйра мәрмәрдай мінсіз керінеді. Егер оның таранып сыланғаннан кейінгі тұғырдағы сабырлы кейпіне зер салсаңыз шебер мүсіншінің қолынан шыққандай ғаламат бір мінсіз тұлғаны көрер едіңіз.

Ақселеу Сейдімбек 


×