Қазақстандық артистер Грекия сахнасында өнер көрсетті

Қазақстандық артистер Грекия сахнасында өнер көрсетті

Қазақстандық артистер Грекия сахнасында өнер көрсетті. Абай атындағы опера және балет театрының ұжымы Афинаға «Ұлы дала аңыздары» спектаклін алып барды. Өте әсерлі де көркем, романтикалық сезімге толы спектакль қазақ халқының тарихы мен төл мәдениеті туралы сыр шертеді. Бас кейіпкерді Әсел Асқарова сомдады. Даңқты дала сұлтанының ақылына көркі сай, қайсар қызының  бейнесі арқылы қазақ даласында өрбіген оқиғаны Еуропа жұртына таныстыру жас актрисаға үлкен жауапкершілік жүктейді.  

 

Әсел АСҚАРОВА, АБАЙ АТЫНДАҒЫ МАОБТ СОЛИСІ:

Мен бұл  образды  алғашқы күннен  сомдап  келемін, керемет роль.  Оны орындау маған өте ұнайды. Біздің мәдениетіміз, салт-дәстүрімізді дәріптейтін маңызы зор мазмұны терең спектакль. Мұнда қазақтың от ауызды, орақ тілді абыз билеріне ғана тән ерекше қимылдар көрініс табады. Тың туынды көзі қарақты көрерменді бей-жай қалдырып көрген емес. 

 

Жаугершілік  заман мен бейбіт тұрмысты, ел бірлігі мен дала халқының ұлттық құндылығын ұлықтайтын бұл спектакльдің тұсаукесері Абай атындағы қара шаңырақта былтыр қойылған еді. Отандық көрермен оны  ыстық ықыласпен қабылдады. Ал шет елде алғаш рет көрсетілді.  Қазақстандық  композиторлардың музыкасы мен  көздің жауын алатын әсем ұлттық киімдер еуропалықтар үшін ерекше жаңалық болды.

 

Асқар БӨРІБАЕВ,  АБАЙ АТЫНДАҒЫ МАОБТ БАС ДИРЕКТОРЫ:   

Біздің мақсатымыз қазақ музыкасымен өрілген ұлттық балет көрсету болды.  Еуропада  біз өз әуенімізді әуелетіп, қазақ өнері мен ұлттық балетті көрсетуге тиіспіз. Өз артистерімізді шеберлігін паш етуге тиіспіз.  Мұндағы көрермен « Аққу көлі», «Баядерка»,  немесе  «Жизель» спектакльдерін сан рет көрген.  Сондықтан олар үшін қазақ даласы туралы бірегей балетті көру әлдеқайда әсерлі әрі қызық. 

 

Шынайы шығарма көрермен көңілінен шықты. Грекия парламентінің бұрынғы спикері  қойылымның бірегейлігіне тәнті болғанын айтады.

 

Вирон ПОЛИДОРАС, ГРЕКИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ БҰРЫНҒЫ СПИКЕРІ:

Біз Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту аясында осы бір тамаша балетті тамсана көрдік. Тың туынды арқылы ұлы дала халқының байырғы өмір өрнегін, тамыры терең тарихын танып-білдік. Сұрапыл соғыс жылдарындағы ауыр тұрмыс пен  кейіпкерлер  арасындағы сүйіспеншілік сезімі де шебер суреттеледі. Өз басым керемет әсерге бөлендім. 

 

Алматылық  артистер өнеріне  тәнті болғандар арасында  кезінде Грекияға  қоныс  аударған бұрынғы қазақстандықтар да көп болды.

 

Рима БӨКЕНОВА, КӨРЕРМЕН:

Ерекше әсер еткені соншалық, өзімді Қазақстанға қайта оралғандай сезіндім. Өйткені қазақтармен қанша жыл бірге тұрдым, сондықтан бүйрегім бұрады да тұрады. Бәрі ұнады, артистердің шеберлігі де, көздің жауын алар костюмдері де. Жалпы, қазақ елін елжіреп еске аламын. Осында көшіп келгендердің көбі дала пейіл, дархан мінезді қазақ халқын қатты сағынып жүр. 

 

Абай атындағы опера және балет театры ұжымының бұл гастрольдері Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған. Ал Грекия астанасына келесі жолы келгенде қазір құрылысы қарқынды жүріп жатқан  жаңа опера театрының сахнасында өнер көрсететін болады.