Жамбыл Артықбаев: Қалың малдың бағасы мен отау үйдің бағасы бір-біріне сәйкес болған

Жамбыл Артықбаев – белгілі тарихшы. Ол тарихтан бөлек, археология, этнология салаларын зерттеп, бірнеше еңбек жазған ғалым. Әсіресе, 15-19 ғасырлардағы қазақ қоғамының этноәлеуметтік мәселелерін зерттеуге ден қойды. Біз бүгінгі бағдарламада қазақтың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлері төңірегінде әңгіме өрбітеміз.

Дархан Әбдуахит, журналист:

- Үйленуге қатысты жөн-жоралғы көп, солардың қайсын қазіргі заманда жаңғыртқан жөн деп ойлайсыз?

Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы, этнолог:

- Расында, маңыздысы - үйлену деп айтсақ болады. Қазіргі күні қарап отырсақ, қазақтың финанс мәселелері осы үйленуде туындап жатады. Үй болу, үй сатып алу деген мәселелер осы үйленуге байланысты шығады. Қазақ дәстүрі – қазіргі қазақ дәстүрінен ерекше. Айырмашылық үлкен. Қазақтың төл дәстүрінің ең басты ерекшелігі – қалыңмал төленеді. Қыз жағынан отау үй дайындалады. Яғни, қалыңмалдың бағасы мен отау үйдің бағасы бір-біріне сәйкес келеді. Отау үй ішіндегі интерьерімен келеді. Үйге қажетті дүниенің барлығы отаудың ішінде болады. Отау деп шағын ғана киіз үйді айтады. Соны қызы бар үй, соны қыз 7-8 жасқа келгеннен бастап отау үйін дайындай бастайды. Жасауы деген сол, жасаудың ішінде бәрі болады. Мінетін атына дейін бәрін дайындап, сөйтіп ұзатып салады. Яғни, қыз бала келіп, «жат жұрт» дейді ғой ұзатылған жеріне келген уақытында өзінің үйімен келеді. Яғни, бірінші күннен бастап келіннің өз шаңырағы, өзінің шаруашылығы болады. Бұл приципиально, мәселе әдет-ғұрып, салтқа байланысты айтылатын. Қазақ заманында мемлекеттен талап ету деген болмаған, мәселен неше ұлыңыз бар, сонша мал жинайсыз, қалыңмалына неше қызыңыз бар, сонша үйін, отауын дайындайсыз. 

Дархан Әбдуахит, журналист:

- Яғни, ерте қамданған?

Жамбыл Артықбаев,  тарих ғылымдарының докторы, этнолог:

- Ерте қамданады. Ерте дайындап қояды барлықтарын. Қыз бала бой жете бастағаннан-ақ, өзінің жасауын дайындауға кіріседі. Сондай дәстүрлерді неге бізге пайдаланбасқа? Біз қалыңмалдан, жасаудан қашан бас тарттық? 1920 жылы совет үкіметі арнайы декрет шығарды, қалың мал бергендерді соттай бастады. Қалыңмал деген қазақ қоғамының керемет, мықты тетігі. Үй болуды реттеп тұратын тетігі, соның гаранты. Материалдық жағдайы жоқ адам үйлене алмайды, сіздің материалдық жағдайыңыз болғаны, шаруашылық мәселесін шеше алатындығыңыз – сіздің болашақта үй мәселесін шешетіндігіңіздің кепілі. Отбасы мәселесін шешетіндігіңіздің кепілі. Басқаша амал жоқ. Негізі қазақ қоғамы – рыцарлар қоғамы ғой, 18-ғасырда ол рыцарлар қоғамы. Мен жақында ғана «Эпоха рыцарство» деген бір кітабымды шығардым. Мұнда 70-80 пайыз қазақ орташа, орташадан жоғары өмір сүреді. Жағдайы бар қалыңмалды төлеуге де, жасау беруге де жағдайы бар. Міне, осындай әлеуметтік деңгейді де талап етеді қалыңмал.

Дархан Әбдуахит, журналист:

- Қазір үш рет талақ айтып, өзінің шаңырағын талқандап жатқан жастар бар. Біз ата-бабаларымыз талақ айту деген дүниені білмеді емес, білді. Бірақ қабылдаған жоқ. Неліктен қабылдамады?

Жамбыл Артықбаев,  тарих ғылымдарының докторы, этнолог:

- «Талақ айту» деген қазақтың дәстүрі емес. Қазақтың дәстүрінде «талақ» деген мүмкін емес. Өйткені сіз болашақ жарыңыз үшін 47 мал төлеп  (қалыңмал) отырсыз. Қазақ дәстүрінде ескі, байырғы дәстүрлерінде талақ деген болмаған нәрсе. Өте сирек кездесіп қалуы мүмкін, хандардың кезінде ерте уақытта естиміз бір-екі әңгімені, бірақ, шын мәнінде, орта тапта, кез келген қоғамның дәстүрін жасайтын ол – орта тап, олардың ортасында бұл тіпті болмаған. Мүмкін емес. Өйткені айтып отырмын ғой, отбасы, ең алдымен, әлеуметтік және шаруашылық ұя болып құрылады қазақта. Кездейсоқ құрылмайды. Қыз айттыру процесі, үйлену процесі – ұядан үй жасауға арналған. Кездейсоқ емес. Оқып жүрді, кездесіп қалды, үйленді деген қазақ ұғымында болмайды. Алдын ала барлығы есептеледі, он жыл бұрын есептелінеді. Сондықтан да бұл жерде талақ деген мүмкін емес. Және сіз сол қыз үшін қаншама ақша төлеп отырсыз, 47 мал беріп  отырсыз, өзіңіздің аузыңыздан жырып, үй алып отырсыз, «талақ» деп айтсаңыз, үйден де айырылып қаласыз. Ал «жасауымен талақ жасау» деген сөз үйіңізге де талақ жасайсыз. Яғни, баспанасыз қаласыз деген сөз. Ол мүмкін емес.

ЦИТАТА. Әйел тастау қазақ арасында көп болмағанмен, кездесіп тұратын. Оның бірнеше себептері болатын. Біріншіден, әйел күйеуінің көзіне шөп салса, ол жағдай бұлтартпастай дәлелденген күнде айырылысудан басқа ештеңе қалмайтын.

Халел Арғынбаев, этнограф

Дархан Әбдуахит, журналист:

- Қазақ тойшыл халық дейміз, ысырапшыл халық дейміз, кейде дарақты деп жатамыз, ата-бабаларымыз расымен сондай болған ба?! Әлде бұл қазіргі заманның көрінісі ме?

Жамбыл Артықбаев,  тарих ғылымдарының докторы, этнолог:

- Бұл қазіргі заманның көрінісі. Меншігі бар адам ешқашан дарақы болмайды, меншік шаруашылығы бар адам, қашан да меншік шаруашылығын ойлайды да отырады, рационалды адам болады. Сіздің, мәселен, 100 жылқыңыз болса,  соны қайткен күнде де көбейткіңіз келіп, өсіргіңіз келіп отырады. Бұл өзі табиғаттың адамға берген қасиеті. Ал егер сізде меншік болмаса, сізге ештеңенің де керегі жоқ. Меншікке үйренбеген адам жаңағыдай бей-берекеттікке бара береді. Ысырап деген мәселе сол, мен банктен алдым, бірдеңе ғып төледім деген сияқты. Қазақ тарихында аса бір дарақы халық емес. Өте бір есепқор, бәрін рационалды, артық ештеңесі жоқ халық. Алдын ала есептеп отыратын халық. Кейде қазақтың ас беру дәстүріне қатысты айтуымыз мүмкін, мыңдап мал сояды екен деп. 19-ғасырдың ортасында  атақты би,  батыры болған Ерден Сандыбайұлы қайтыс болған уақытта ас берген екен. 650-дей жылқы аста сойылған, одан кейін екінші ас берілген, сосын үшінші ас берілген, әрбіреуінде 600 жылқыдан кетіп отырған. Бірақ оның барлығы елге таратылып беріледі. Біреуі бәйгеге, бәйгеге – 100 жылқы, аты бірінші келді, алып кетті. Біреу балуан күрестен ұтты, одан алды деген сияқты. Сонымен бірге осындай үлкен астарда саяси-қоғамдық мәселелерде шешіліп отырған. Астарда бастары қосылады-дағы, сол жерде шешеді. Хан сайлау сияқты мәселелер, көбінесе, сол астарда орындалып отырады. Мысалы, Әбілмәмбеттің асында Абылайды хан сайлау, Абылайдың асында Уәлиді хан сайлау деген сияқты. Кенесары да өзінің әкесі Қасымға 1841 жылы ас беріп, сол аста хан сайланды деген сияқты.  Осындай мәселелер, яғни, текке кеткен ысырап емес. Астың форматында неше түрлі шешімдер атқарылып жатады. Ал қазіргі күнгі тойымыз ол расымен де ысырап.

Цитата. Ас тек ер адамдарға ғана беріледі. Ал егер әйел адамдарға беріле қалса, қонақасыдан басқа, бәйге, күрес және де басқа қызғылықты сән-салтанаттар көрсетілмейді.

Ыбырай Алтынсарин, ағартушы ғалым

Дархан Әбдуахит, журналист:

- Біздің әңгімемімізді осы тұстан үзе тұрайық, сіз туралы дайындаған шағын материалымыз бар еді, соны тамашалайық, содан кейін жалғастырамыз әңгімені ...

Жамбыл Артықбаевты әріптестері жазба тарихпен қоса ұлттың ауыз әдебиетімен терең сусындаған ғалым ретінде құрметтейді. Әрбір дәуірдің дүниетанымы ауыз әдебиетінде,  этнографиясында жатыр. Қандай зерттеу болмасын, Жамбыл Артықбаев осы салаларға ерекше мән береді. Сондықтан да ғалымның еңбектері үнемі жоғары бағаланады.

БОЛАТ ҚОРҒАНБЕКОВ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

- Көптеген тарихшылардың қателігі, мысалы, өзі зерттеп отырған дәуіріне бүгінгі көзқарас тұрғысынан, өз көзқарасы тұрғысынан қарайды. Жоқ, тарихтың талабы олай емес. Тарихтың талабы әрбір назар аударған тарихи құбылысқа немесе сол заманның өзінің көзқарасы тұрғысынан қарау керек. Сол заманның логикасы тұрғысынан қарау керек. Міне, осы нәрсе Жамбыл Артықбаевтың басты ерекшелігі деп есептеймін.

Жамбыл Артықбаев Қазақстан тарихы мен этнографиясына қатысты мәселелер туралы бірнеше ғылыми еңбектердің авторы. 1997 жылы «18-ғасырдағы қазақ қоғамының этноәлеуметтік құрылымы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған ғалым осы бағыттағы жұмысын жалғастырып, соңынан бірнеше шәкірт ерте білді.

ЕРНАТ МЕЛСҰЛЫ, АУДАРМАШЫ:

- Дәрістер өткізсе, іздеп жүріп қатысамыз. Және бұл кісінің бір қыры – бұл кісі тек қана тарихшы емес, лингвистикалық жағынан да жаңашылдыққа құмар. Ол кісінің «The ancient kazakh language» деген жазбалары бар. Мен ағылшын тілі маманымын және осы ағылшын тілін қазақ тіліне ұқсастыру арқылы оқыту әдістемесін ұстанамын. Осы жағынан келгенде Жамбыл Артықбаевтың «Ежелгі қазақ тілі дегенді» ағылшын тілмен байланыстарыра отырып түсіндіретін жазбалары бар, бұл бір жағынан қызық, екінші жағынан құнды.

Жақында Жамбыл Артықбаевтың 19-ғасырдағы қазақ қоғамының тыныс-тіршілігін сипаттайтын еңбектері төрт том болып, жарыққа шықты. Бұл ғалымның бірнеше жыл бойғы тынымсыз еңбегінің бір белесі.

Дархан Әбдуахит, журналист:

- Біздің қазаққа қатысты айталытын тағы бір сипаттама – қонақжай халықпыз. Сол қонақжайлықтың түпкі негізі қайда жатыр?

Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы, этнолог:

- Қонақжайлық жалғыз қазақ емес, бүкіл әлем халықтарының көпшілігінде бар. Біз «қазақи қонақжайлық» деп көп айтамыз. Мен әлемде «мен қонақжай емеспін» деген халықты көрген жоқпын. Мен де көп жүретін адамдардың біреуімін, көп араласамын. Бәрі де қолдарынан келгенше қонақжай болады. Әрине, қонақжайлық, көбінесе, әлеуметтік жағдайына байланысты.  Қазақтың бір ерекшелігі – біз даланың халқы болғаннан кейін, жауынгер халық болғаннан кейін, көшіп қонуымыз көп болғандықтан, бір-бірімізге қайырымдылық жасап, көмектесіп отырамыз. Бұл өзі шарт. Даланың ауа райы да өзі құбылмалы болады. Сондай жағдайда кейде мал қырылып қалады, малынан айырылып қалады, жағдайы болмай қалады. Сол кезде бір-біріне көмек көрсетіп, қайырымдылық қолын созып отыру, бұл дала адамының өмір сүруінің негізгі ережесі. Көшіп-қонған уақытында енді отырықшы халықтың өкілдері өздерімен бірге ұн алып жүруі мүмкін, піскен нанын алып жүруі мүмкін, бізде ондай жоқ, біз қойымызды, өңгеріп алып жүре алмаймыз ғой, кешке қарай барып, тамақ ішкенде осыны сойып дейміз деп. Сондықтан да біз Аллаға сеніп, қазақтың дәстүріне сеніп, жүре береміз жолда пәленшенің ауылы кездесіп қалады-ау деген есеппен. Егер де дұрыс келген, салт-дәстүрмен келген адам болса, қазақ өзінің бауырына – туған қазағына қашан да көмектеседі, жағдайын жасайды. Ол үшін дұрыс келу керек, ауылға шауып келуге болмайды. Сіз ауылға баяу келуіңіз керек. Егер де төренің, атақты билердің ауылдары болса, ауылға жақындаған уақытта, 100 метр қалғанда аттан түсіп, ілтипатыңызды көрсетуіңіз керек. Атпен шауып келуге болмайды! Жаугершілік уақытта кез келген уақытта жау шабуы мүмкін, ал сіз жау шапқандай боласыз ғой, шауып келсеңіз, сондықтан да сізге қатаң жаза қолданады, егер ауылдың ішінде шауып кірсеңіз. Бұл сыйламағандық болып саналды. Екіншіден, үйдің алдынан бармайды, үйдің сыртынан барады. Сыртынан барады да «Сөйлесетін кім бар-ау?!» деп дауыстайды. «Ассалаумағалейкум» деп кіріп бармайды үйге. Үйдің иесі болды, үйдің ер жеткен азаматы болады, солар шығып, аттан түсіріп алып кіргізсе, кірді қонақ болып. Ал үйдің ішінде әйел адамдар қалып, ер азаматы бір жаққа жолаушылыққа кетіп қалатын болса, ол үйге түспейді. Ер азаматы бар басқа үйге түседі.

Цитата. Қазақ ұғымында қонақ үй иесінің қамқорлығында болуы керек. Қонақ болып отырған адам, ол үйдің жауы болса да өз үйінде оған өзі түгіл, басқаға да қиянат жасатпайды.

Дархан Әбдуахит, журналист:

- Қонақ күту әдебін бұзған қазақ халқында көп болған жоқ, бірақ дегенмен бар. Осыған қатысты ауыздан ауызға тарап, қазіргі күнге дейін жеткен ескі әңгімелерден есте қалғаны бар ма?

Жамбыл Артықбаев,  тарих ғылымдарының докторы, этнолог:

- Қазақтың қонақжайлығына байланысты көптеген әңгімелер, мысалдар айтылады. Неге айтылады? Бір жағынан қазақ жаугершілікпен, көшпелі жағдайда өмір сүрді, жаз жайлап Арқаға келеді, қыс қыстап Сырдың бойына барады, осы екі ортада жүрдік қой. Мыңдаған жылдар жүрдік. Екінші себебі, біз бүкіл қоғамдық тіршілігімізді этнос есебінде, мемлекет есебінде туыстық жүйеге байлаған халықпыз. Біз бір-бірімізді туыс санайтын халықпыз. Ата-бабаларымыз қазақ хандығын құрған уақытында сөйтіп ант берген, «бір-бірімізге туыс боламыз», «біреуіміз аға, біреуіміз іні боламыз» деп сөйтіп келіскен.  «Атамыз Алаш деп» түпкі атамыз Алашты атаймыз. Сол Алаштан тараған үш бала, үш баладан тараған қалған рулар деп айтамыз. Оның үстіне қазақта тағы да бір тәмсіл әңгіме бар. Атамыз Алаш өзінің жасы келіп қартайған уақытында үш баласы: Ақарыс, Жанарыс, Бекарысқа енші бөліп берді дейді. Малды төртке бөліп, соның үшеуін ұлдарына беріп, бір бөлігін өзінде алып қалды дейді. Қайтыс болатын жасқа келген уақытында ана үш баланы шақырып алды дейді, Ақарыс, Жанарыс, Бекарысты, сөйтіп шақырып алады да қолында өзінде қалған бір бөлік бар ғой, оны тағы бөліп берді дейді. «Сендерге берілетін мүлік - сендердікі емес, бірақ  сендер бағасыңдар, ие боласыңдар, бірақ сендердікі емес, бұл - ортақ енші болады. Алаштан қалған ортақ енші болады, Сендер көшпелі халықсыңдар, тамақтарыңды арқалап жүре алмайсыңдар жолға шыққанда, біріңді-бірің ақысыз күтетін болыңдар, міне, соған беріп отырғаным» деп бөліп берді дейді. Сондықтан мен сіздің үйге келетін болсам, «Дархан, Алаштан қалған бөлінбеген еншім қайда» деп, келе аламын. Өйткені атам Алаш қолындағы бір бөлікті тек қана қазақтың өз ішіндегі қонақжайлығына бөліп берген. Бірақ бұл сыртқы ұлттарға қатысы жоқ. Бұл тек қана қазақтың өз ішіндегі ғана заңды қонақжайлық.

Дархан Әбдуахит, журналист:

- Шүлен тарату деген керемет дәстүр бар. нағыз қайырымдылықтың үлгісі деп айтуға болар. Бірақ ұмытылып кетті. Неліктен?

Жамбыл Артықбаев,  тарих ғылымдарының докторы, этнолог:

- Қазақтың әдемі дәстүрлерінің бірі – ас деп отырмыз, аста да үлкен қайырымдылық шаралар іске асады. Ас та үлкен саяси мәселелер шешіледі, асты қазақтың парламенті, парламентінің отырысы деп айтуға болады. Сонымен бірге арнайы қайырымдылық акциялары өткізіледі. Оны – шүлен тарату деп атайды. Бұл туралы мен аздап жазып жүрмін. Өзімнің нағашы аталарымның ішінде Шүленбай аталатын аталарым болған. Неге деп әкемізден сұрадық жас кезімізде. Шүлен тарату – мырзалықтың бір көрінісі деп түсіндіруші еді бізге әкеміз. Сосын бір мысал келтіретін: Қарағанды маңайында Жәңгір деген төре болыпты. 19 ғасырдың соңы, 20 ғасырдың басында өмір сүрген атақты төре екен. 4 мыңдай жылқысы болған екен дейді Жәңгір төренің. Сол Жәңгір төренің үлкен баласымен «Халық жауы» болып жүрген уақытында лагерьде бірге болдық деуші менің әкем. Сонда Жәңгірдің үлкен баласының айтқан әңгімесі деп бір әңгіме айтушы еді. Жәңгір мал жиналып, дәулеті тасқан уақытында үлкен ақсақалдардың айтуымен өзінің де азаматтық деңгейі жоғары азамат болса керек, малының – жылқысының әрбір бестен бірін таратуға шешім қабылдайды. Бестен бірін таратып елінің бастасын алайын деп. Содан белгілі бір күні мал да сойылып жатыр, елді күтіп жатыр, бір жағынан жылқышылар жылқыны айдап өтіп, әрбір бесіншіні құрықпен ұстап, кез келген адамға беріп жатыр. Ол жерге сіз де барып қалуыңыз мүмкін, мен де барып қалуым мүмкін. Кедей-кепшік те барып қалады. Әрбір бесінші жылқыны шап беріп ұстайды да, кезегі келген адамға «ал рақметіңді айт» дейді де бере береді. Бір бес жылқыны айдап әкелген уақытта ішінде Жәңгірдің үлкен баласының мініп жүретін бәйге аты кездесіп қалған ғой, бесінші болып тұрған жаңағы жерде. Содан жылқышылар шап беріп, ұстауын ұстайды, бірақ өзінің бәйге аты құрыққа түсіп қалғаннан кейін баласы жүгіріп келіпті. Жәңгірге: «Әке, мынау менің бәйге атым еді, мұның орнына менің есебімнен бір үйір жылқы беріңіз» дейді. Сонда әкесі «Болмайды, жоқ. Бұл ретімен осылай бесінші болып келіп тұр, алсын, осыған бұйырып тұр» кезегі келген адамға беріп жіберген қайнама бір қазаққа.

Дархан Әбдуахит, журналист:

- Уәдесінде тұрған, сөзінен қайтпаған сонда?

Жамбыл Артықбаев,  тарих ғылымдарының докторы, этнолог:

- Соның реті келіп қалған, сөйтіп бәйге атты алып кеткен. Ал бәйге атының құны сол кезде бір үйір жылқы болатын. Міне, осындай шүлен тарату дәстүрі. Шүлен таратуды қазіргі уақытта да аздап жасап жатады. Соны қазір дәстүр түрінде, атын «Шүлен тарату» деп айтып, өткізсе, әдемі болар еді.

Дархан Әбдуахит, журналист:

- Ағайын арасындағы қарым-қатынас, ағайыншылдық принцип деген дүние бар. Сол ұстанымнан айырылып бара жатқан жоқпыз ба? Қалай ойлайсыз?

Жамбыл Артықбаев,  тарих ғылымдарының докторы, этнолог:

- Негізінен қазақ ағайындылық жүйесі қызық. Бір ата деген, бір ауыл – кәдімгі бір ата, қазақтың бұрынғы бір ауылы, ол жерде 5-6 үй болады, 10 шақты үй болды, ол – бір ата. Енді келіп осындай бір аталардың бірнешеуі келіп қосылған уақытта жеті ата дейді. Міне, осы бір ата мен жеті атаның арасындағы туысқандықтың барлығын қазақ – ағайындылық дейді. Жақын ағайындар ол. Бұл кез келген отбасыға, шаруашылық бірлігіне өте қажетті ұжым. Сіз бүкіл тіршілігіңізді осы жерде шешесіз. Шаруашылық жасасаңыз да, көшсеңіз де, бүкіл тіршілікті бір атаның ішінде, жеті атаның ішінде жасайсыз. Үйленсеңіз, той өткізсеңіз, бір ата - жеті атаның көмегіне сүйенесіз. Егер де малыңызды біреулер айдап әкететін болса, бір ата – жеті атаның көмегімен соны қайтарып аласыз. Бір ата – жеті атаның өзінің биі болған, батыры болған. Көсемі болады, қара жұмыс істейтін адамдары болады. Ішінде байы болады, кедейі болады. Кедейі байына барып қызмет жасай береді, малың бағады, қойын, жылқысын бағады. Арланбайды. Өйткені өзінің ағайыны. Өз ағайынына көмектесіп жатырмын дейді. Өз ағайының малын бағып отырмын дейді. Өзіне қажет болған уақытта сол бай ағайынның малынан алады, қанша керек сонша алады. Енді кейде бір сараңдарда да кездесіп қалатын шығар байлардың, бірақ ол сараңды ауыздықтауға биі бар. Ақсақалдар бар. Егер кедейді қыстауды татсап кететін болса, анау байға ешкім сәлем бермейді, ол қоғамдық жиындарға келе алмайды. Міне, ағайындық принцип осылай жұмыс істейді. Сондықтан ағайындық намыс болғаннан кейін, ағайындық ұжым болғаннан кейін шаруашылық қатар өседі. Қазіргі күні біз осы мәселеден айырылып бара жатырмыз.

Дархан Әбдуахит, журналист:

- Жетімін жылатпау, жесірін жылатпау деген дүние де осы ағайыншылдыққа байланысты нәрсе ?

Жамбыл Артықбаев,  тарих ғылымдарының докторы, этнолог:

- Иә, бұлар ағайыншылық дәстүрдің ең бір әдемі көріністері... Айтып отырмын ғой, бір үйдің баласы сияқты ғой, мысалы таңертең сіз өзіңіздің үйіңізде тамақ ішпеуіңіз мүмкін, бірақ ақсақалдың үйіне барып, сәлем беріп, қымызыңызды сол үйден ішіп кете бересіз ары қарай ақсақалдың айтқан бағытымен. Айтса: «Ана жерде жігіттер егінді суаруға кетті, сен де бар, сол жерде көмектес» десе, сонда барасың, «Жоқ, ана жерде жылқының бір шаруашылығы бар, жылқыға барып көмектес» десе, сонда барасың. Сөйтіп ел ақсақалдың айтқанын тыңдап, бір-біріне көмектесіп отырады. Сол сияқты ақсақалдар жағдайы жоқ, кем-кетігі жоқ адамдарды мүмкіндігінше қолдап, оларды да ашықтырмайды, далаға тастап кетпейді, өздері көшіп, 1-2 ағайынды «әй, қыстауда қала берсін» дейтін қазақ болмайды, өйткені ертең бетіңе шіркеу болады. Туыстық жүйе адамның имандылығын сақтауға да мүмкіндік береді. Өйткені туыстық жүйеде тұрғаннан кейін сіз, бай ма, кедей ме, сізге бәрібір. Өйткені туысың. Ал мынау ақсақал байды да ауыздықтайды, керек болса, кедейге де жұмыс істеткізеді.

Цитата. Туысқандық қатынас өлгеннің артында қалған мұраға иелік етуге ғана байланысты емес.  Туысқандық қатынас бір-біріне әртүрлі жағдайда көмек көрсету кезінде де анық байқалады.

Халел Арғынбаев, этнограф

Дархан Әбдуахит, журналист:

- Үйдің жақсы болмағы – ағашынан, ұлдың жақсы болмағы – нағашыдан дейді. Бұл әшейін айтыла салған сөз бе? Әлде, шын мәнінде, мән-маңызы бар деп ойлайсыз ба?

Жамбыл Артықбаев,  тарих ғылымдарының докторы, этнолог:

- Өте мағыналы сөз. Нағашы деген сөз түркі-моңғол халықтарына ортақ сөз екен. Мен қалмақтарда болып келдім, Элистада, конференцияларына қатысып. Олар да нағашы дейді, нагацы дейді, жиен дейді, дзэнь деп айтады. Бұл универсалды сөздердің біреу көне заманнан келе жатқан. Нағашыға расында да тартады екен, генетиктердің небір жақсы зерттеулері бар, әрбір ер азаматтың миы – өзінің нағашысынан, сіздің қасиетіңіз өзініңіздің қызыңызға кетеді, ал қабілетіңіз ұлыңызға кетеді, ми, ұлыңыздағы ми, бірақ, нағашы жағынан, қазақтың «қатын алма, қайын ал» дейтін сөздерінің барлығы да сол қайынжұрттың тікелей әсеріне байланысты балаға. Ерте уақытта – матриархарт дәуірі деп айта береміз, әйел билігі жоғары болған, жалпы отбасы әйелге байланысты құрылды ғой... отбасын құрған әйел, отбасын құрған еркек емес. Қазіргі модель бұл әйелдікі, қазіргі күнгі қазақ отбасы бұл қазақ әйелінің жасаған моделі, сондықтан әйелді таңдаған уақытында көбінесе әйелдің жұртына, төркініне қарайды, бұл қазақтың дәстүрі бойынша «қатын алма, қайын ал» деген сөзбен көрініп тұрады. Бұл ерте уақыттан келе жатқан дәстүр, бұл дәстүрді басқа халықтар да сыйлайды. Бекер айтылмаған сөз.

Дархан Әбдуахит, журналист:

- Қай бағыттағы дәстүрлерімізді қазіргі таңда сақтауға талпынуымыз керек?

Жамбыл Артықбаев,  тарих ғылымдарының докторы, этнолог:

- Этнография ғылымында салт-дәстүрлерді бірнеше топқа бөледі. Соның ішінде шаруашылыққа байланысты дәстүрлер аталатын бір цикл бар. Бірақ біздің шаруашашылық өміріміз өзгеріп кетті. Кешенді шаруашылық өзінше бір жеке дәстүрлер қалыптастырады, біз соған еліктеп отыруымыз керек қой деп ойлаймын. Бұл жағынан ештеңе істей алмаймыз. Сонымен бірге әдет-ғұрыптың бір тобын календарлық әдет-ғұрыптар деп айтамыз. Яғни, күнделікті өмірде жыл мезгілінің өзгеруіне байланысты сондай өзгерістер, мәселен соның ішіндегі ең бір ... халқымызға керек, ең жақсы бір дәстүр – ол Наурыз мейрамы. Жылдың басы. Календарлық мейрамдарымыз Наурыздан басталады, бұл күн мен түннің теңелген уақыт. Сонымен бірге тарихы да сонау көне заманға, неолит дәуіріне дейін барады. Және қазақтың ең бір жақсы адами түсініктерін Наурыз өз бойына жинақтаған. Мен бірнеше жыл болды осы Наурызға қатысты дәстүрлерімізді сол баяғы ескі тарихқа сүйеніп отырып, жаңғыртайық деп ұсыныс айтып жүрмін. Соны ішінде, мәселен, жастарға да ыңғайлы болуы керек біздің дәстүрлеріміз. Мысалы наурыздық карнавал, я болмаса маска-шоу, әдемі киімдердің жарысы, ұлттық киімдердің, сонымен бірге адами құндылықтардың ең бастысы – қайырымдылық қой, Наурыз қашанда қайырымдылық мерекесі болған, өйткені қазақтың тәртібі бойынша Наурыз көжені әрбір үй дайындайды, соны бөліседі, өзі ішу үшін емес, жұртпен бөлісіп ішу үшін дайындайды. Байлар болса, жағдайы бар адамдар болса, алдын ала дайындалады адамдарды шақырып, қайырымдылық шараларын атқарады. Мемлекет болса, хандық болса, Наурыз күні құлдарына азаттық береді. Қазақтың дәстүріне сүйенсек, осындай бірнеше деңгейде қайырымдылық акциялары өткен. Байырғы дәстүрлеріне сүйенсек. Міне, осындай календарлық дәстүрлер. Енді үшінші цикл бұл өмірлік әдет-ғұрыптар дейді. Бұл баланың туу, үйлену дәстүрлерінен бастап адамның қайтыс болғанына дейінгі ... о дүниеге шығарып салғанға дейінгі дәстүрлер. Міне, осының барлығы біз үшін маңызды.

Дархан Әбдуахит, журналист:

- Уақытыңызды бөліп, бізге сұхбат бергеніңізге алғыс айтамын. Алдағы жұмысыңызға табыс тілеймін, рақмет сізге!

Пікірлер