Рауан Кенжеханұлы, Ұлттық аударма бюросының басшысы

- «100 жаңа кітап» жобасы жайында қысқаша мағұлмат бере кетсеңіз?

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, Елбасының бастамасы бойынша осыдан тура екі жыл бұрын осындай өте ауқымды, бірнеше бағыттан тұратын мемлекеттік бағдарлама қолға алынды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ішінде өздеріңіз жақсы білетін мына, қазақ әліпбиін латын графикасына өткізу, мына біз іске асырып жатқан жаңа гуманитарлық білім, қазақтың «100 жаңа оқулық», одан бөлек «Туған жер», «Сакралды география», одан кейін мына қазіргі әлемдегі қазіргі қазақ мәдениеті деп аталатын бірнеше бағыты бар. Соның ішінде жаңа гуманитарлық білім «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» деген жоба бар. Бұл жобаның негізгі мақсаты - дүниежүзіндегі ең ілгері деген оқу орындарында қолданылатын ең озық деген оқулықтарды қазақ тіліне аударып, біздің оқу орындарына тегін таратып, сол арқылы Қазақстандағы жоғары мектептегі гуманитарлық бағыттар бойынша беріп жатқан білімнің сапасын көтеру. Бұл әлемнің бірде бір елінде баламасы жоқ, осы Қазақстанда ғана іске асырылып жатқан осындай аудармаға байланысты ғылыммен, біліммен елдегі білім сапасын көтеруге және оны баршаға қолжетімді ету бағытында іске асырылып жатқан, шын мәнінде, өте ауқымды жоба. Біз бұл жобамен баспа үйлеріне, үлкен оқу орындарының басшыларымен кездесіп, сөйлескен кезде барлығы таңғалып, Қазақстанда Мемлекеттің басшысы өзі бастамашы болып, мемлекет өзі жағдай жасап, осындай жобаны іске асырып жатқандығына қайран қалады.

- Бүгінгі таңда қанша оқулық аударылды және олар қай саланы қамтиды?

- Бұл жобаны іске асыру үшін Ұлттық аударма бюросы деп аталатын қоғамдық қор құрылған. Бұл қор коммерциялық емес және үкіметтік емес ұйым. Оның мақсаты - осы ғылыми аударма ісіне үлес қоса алатын, атсалыса алатын мамандардың барлығын біріктіру. Ал енді аударма сапасына келетін болсақ, оған біздің елде жауапты мемлекеттік орган жоқ аударма сапасына баға бере алатын. Аударма сапасына баға бере алатын ол оқулықтарды қолданатын орта. Оқытушылар, студенттер, ғалымдар. Сондықтан да сапаны қамтамасыз етудің де негізгі тетігі, біздің білуімізше, ол осы істі білетін аударманың ішкі тетіктерін түсінетін мамандарды мейілінше кеңінен тарту. Сол үшін ең алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бізге қажетті бағыттар бойынша, гуманитарлық бағыттар бойынша сабақ беретін мұғалімдер кеңінен тартылды. бір оқулықтың төңірегінде 10-15 адамға дейін еңбек етеді. Бұл оқулықтар типографияда әрқайсысы 10 мың данамен басылып шығып, Қазақстандағы 112 жоғары оқу орнына тегін таратылады. Қазір 48 оқулық аударылып көпшілікке таныстырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолға алғалы бері бір жыл өткеннен кейін біз алғашқы 18 оқулықты таныстырдық. Ал енді міне, сәуірдің 12-сі күні биыл 2019 жылы сол бағдарламаның іске аса бастағынан екі жыл толды. Сол күні біз келесі 30 оқулықты таныстырдық көпшілікке, сонымен саны 48. Бұл оқулықтар философия, тарих, тіл білімі, шығыстану, экономика, кәсіпкерлік, педагогика, психология, әлеуметтану, мәдениеттану деген секілді осы гуманитарлық бағыттағы пәндердің бәрін қамтиды.

- Болмаса мына вариант «Цифрлық Қазақстан». Цифрландыруға еліміз күн өткен сайын жаңа бағытта ауысуда. Қағазбастылықтан құтыламыз деп жатырмыз. Осы тұста 100 жаңа кітапты қайтпекпіз? Электронды түрде кітаптар жарық көре ме?

– Әрине, ол кітаптардың электронды нұсқалары жарияланып, қолданушыларға, студенттерге еркін оқуға танысуға мүмкіндік бар. Бұл оқулықтарды біз таңдаған кезде оларға қойылатын талаптың бірі қазіргі заманға сай болуы.  Соның ішінде көп оқулықтар тек қана мәтін түрінде ғана емес, сол оқулықтарға қосымша жүретін электронды ресурстар бар, интерактивті тапсырмалар бар. Әр оқулықтың өзінің веб-сайты бар қазір. Сондықтан біз осы талаптарды ескере отырып, оқулықтарды іріктеп таңдаған кезде оқулықпен жүретін осындай заманға сай қосымша платформалардың болуын талап ретінде қоямыз. Кітаптың электронды нұсқасынан бөлек, әр кітаптың негізінде сол оқулықтың тарауларын қорытып, ықшамдап видеолекциялар топтамасы жасалып жатыр. Яғни, Қазақстанға келген дүниежүзіндегі ең осындай ілгері оқулық қазақ тіліне аударылғаннан кейін сол оқулықтың мазмұнын жақсы білетін, сол пәнді беріп жүрген Қазақстандағы ең мықты деген оқытушыларды, профессорларды тарта отырып, өздеріңіз секілді мамандардың көмегімен видеолекциялар түсіріп жатырмыз. Қазір дүниежүзінде осындай онлайн курстар арқылы білім алып жатқан адамдардың саны 100 миллионнан асқан екен. Қазақстанда да біздің студенттер арасында оған қызығушылық өте жоғары. Сол себепті осы «Қазақстанның ашық университеті» деген бастама «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында соның бір нақты нәтижесі ретінде әлі де ұзақ жылдар біздің білім беру жүйесіне біздің студенттерге, білім қуған, жаңалық іздеген адамдарға қызмет етеді деп ойлаймыз.

- Аударма бюросының басшысы ретінде, осы саламен айналысып жүрген азамат ретінде өз пікіріңізді айта кетсеңіз. Біздің студенттерімізге дәл осы оқулықтар білім нәрімен сусындауына қаншалықты көмектесуде?

– Мүмкіндігі бар, қолы жеткен жастар үлкен іріктеуден өтіп, «Болашақ» бағдарламасы арқылы сырттағы үлкен оқу орындарына барып оқып жатыр. Ал мына бағдарлама ондай мүмкіндікке ие болмаған, бірақ өз бетімен оқығысы келетін студенттерге тура сол секілді «Болашақтың» тізімінде бар, ең жақсы деген оқу орындарында қолданылатын, сол оқу орындарында сабақ беретін профессорлардың, ұстаздардың оқулықтарын қазақ тіліне аударып, біздің оқу орындарын алып келіп отыр. Сол себепті бұл жоба біздегі жоғары оқу орындарының, біздің жоғары мектептегі мазмұнының деңгейін дүниежүзіндегі ең ілгері деген оқу орындарының деңгейіне көтеруге жол ашып отыр. Ал енді оны тиімді пайдалану, оны мейілінше тиімді қолдану ол сол оқу орындарында жұмыс істейтін ұстаздардың, қазір оқып жатқан студенттердің қолындағы мәселе. Мемлекет оған керемет жағдай туғызды. Тек ашып, тауып, оқыса, дүниежүзіндегі қазір сол саладағы бар ең жаңа, ең қазіргі талапқа, заманның талабына сай деген білімді алуға толық мүмкіндік бар. Жоба қолға алынған кезде, бұл жоба мынандай жылда бітуі тиіс деген талап немесе шектеу қойылған жоқ. Өйткені жобаға кірісер кезде біз өзіміздің аудармашылық әлеуеттті әлі білген жоқ едік. Өйткені оған да күш керек. Ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне бірден аударып кететін мамандар бар, бірақ соншалықты көп емес. Сондықтан осы ортаның тиімді жұмыс істеп, сапалы аударма жасайтындай қауқары қаншалықты екендігін түсінуіміз керек болды. Қазір біздің ойымызша, 30 оқулықтың төңірегінде алып шығуға толық мүмкіндігіміз бар. 100 оқулықтың барлығын бір жылда жасап тастауға болмайды. Тым қатты ұзақ созуға тағы болмайды. Сол себепті осы жыл сайын 20-30 оқулық жылдамдықпен қозғалсақ онда алдағы бір-екі жылда аяқтауымыз керек.

Пікірлер