Ақпараттық және киберқауіпсіздікті қорғау

Бүгінде өз иесі туралы көптеген мәліметтерді сақтап отырған компьютерлер мен смартфондар заманында, әрі электрондық құжат айналымы арқылы мәмілелер жасалатын уақытта ақпараттың қорғалмауы материалдық шығын қаупімен қоса, жеке тұлғаның, сол секілді компанияның, кейде тұтас елдің абыройына нұқсан келтіруі мүмкін. Хакерлер ғаламтор кеңістігінде тоқтаусыз әрекет жасауда. Соңғы үш жыл ішінде киберқылмыскерлер 250 миллион банк картасын пайдаланушыларының деректерін ұрлап, миллиардтаған қаржыны жымқырған. Алайда хакерлер осымен тоқтап қалмай, жыл сайын одан бетер зиянды вирустық бағдарламаларды әзірлеп жатады.

Ақпараттық қауіпсіздік – көптеген елдің, соның ішінде Қазақстанның да ұлттық қауіпсіздігінің негізгі құрамдас бөлігі. 2011 жылы Қазақстанда қоғам және мемлекеттің ақпараттық саладағы мүддесін қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқығын қорғау мақсатында Ақпараттық қауіпсіздік тұжырымдамасы бекітілген. Оның жалғасы ретінде 2012 жылы Ақпараттық қауіпсіздік және криптология институты құрылған болатын. 

Жаңа компьютерлік вирустар күн сайын дерлік пайда болып отырады. Сол секілді олардан қорғану құралдары да күнделікті шығарылатыны хақ. Демек, бұл жерде ақпараттық қауіпсіздік архитектурасын құрып әрі басқарып тұратын білікті кадрларды даярлаудың маңызы зор. Елді қажетті маман санымен қамтамасыз ету үшін көптеген білім беру мекемелеріне арналған арнайы оқыту бағдарламалары әзірленуде. Мысалы, жақында Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде студенттерге арналған әзірше Қазақстандағы жалғыз киберполигон ашылған. Сарапшылардың пайымынша, бұл бастама деректерді қорғау ісіндегі өзіндік бір кибер әскердің дамуына әкелетін алғашқы қадам.

«Ақпараттық қауіпсіздік» ұғымы нені білдіреді? Киберқылмыскердің қылығын қалай айқындауға болады? Жеке мағлұматтарды ұрлап кетуден қалай сақтанған жөн?

Пікірлер