Орталық Азиядағы аймақтық экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы

Қазіргі таңда Орталық Азиядағы аймақтық экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы жаңа деңгейге көтеріліп отыр. 2018 жылдың қараша айында Түрікменстанда өткен конференция барысында, ұйымға мүше елдер сауда саттық жөніндегі жаңа келісімге қол қойды. Бұл жоба аймақтағы ықпалдастықты одан әрі нығайтып, бюрократиялық кедергіні азайтып, экспортты арттырып, әр мемлекеттің ұлттық экономикасын жандандырып, сауда мен қызмет көрсету салаларын цифрландыруға мүмкіндік береді. Бұл межені бағындыру үшін 2020 жылға дейінгі іс әрекет жоспары белгіленді.

Азия даму банкінің президенті Такехико Накаоның айтуынша, Орталық Азиядағы  экономикалық ынтымақтастық пен сауда саттық деңгейі артып келеді. Қытайды есепке алмағанда, аймақтағы экономикалық даму көрсеткіші 2016 жылы 3,5 пайызға жетсе, 2017 жылы 4,5 пайыздан асты. Ал 2018 жылдың қорытындысы бойынша, аталған өсім 4,8 пайызды құрап отыр.

Орталық Азиядағы елдер арасындағы достық қарым қатынас Қытаймен қызу сауда саттық жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар аймақтың қаржылық әлеуетін арттыруға Азия даму банкі ерекше үлес қосуда. Аталған банк 2022 жылға дейін 5 миллиард доллар бөледі, сол арқылы өңірдегі электрэнергиясын өндіру ісі дами түседі. Әрине, сауданы дамыту мен электр қуатын көбірек өндіру заман талабы болып отыр. Алайда Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтастық ұйымы мұнымен шектелмей, су ресурстарын басқаруды жетілдіріп, ауыл шаруашылығын өркендетіп, денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеріп, өңірдегі туризмді жандандыруды да қолға алмақ.

Қазіргі таңда орталық азиядағы экономикалық ынтымақтастық құрамына 5 ел кіреді. Олар: Қазақстан, Қырғыстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Тәжікстан. Сонымен қатар Әзербайжан, Моңғолия, Ауғанстан, Грузия, Пәкістан мен Қытай ұйымның серіктесі болып табылады.

2018 жылға дейін аталған өңірлік бағдарлама аясында 150 ге жуық жоба қолға алынып, бөлінген қаржы көлемі 30 млрд долларға жетті. Бұның бәрі аймақтық ұйымға мүше елдер арасындағы қарым қатынасты ғана нығайтуға бағытталғандықтан, өте жоғары деңгейде жүзеге асуда. Сондықтан да 2020 жылға дейін жоспарланған мақсаттың көбісі мерзімінен бұрын орындалды. 

Пікірлер