Аймақтар аламаны

Аймақтар аламаны

Аймақтар аламаны

Кең байтақ Қазақстанның 14 облысынан келген күміс көмей әншілер, мың бұралған бишілер, ерекше дарындылар мен түйе палуандар "Аймақтар аламанында!" Ерекше сайыс. Мега жоба. Республикалық байқау нағыз өнерлінің бағын жақпақ! 

16 желтоқсанда «Хабар» арнасында тұсауын кескен бұл ірі жоба агенттіктің төл туындысы. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен келген екі жүз өнерпаздың дарыны халыққа танылып жатыр. Әр сенбінің кешінде екі облыс бағын сынайды. Әр бағдарлама төрт сайыстан тұрады: «Ән сайыс», «Би жарыс», «Дарындылар додасы» және «Қазақ күресі». Жалпы байқау 4 турдан тұрады. Олар: іріктеу туры, ширек финал, жартылай финал және финалдық бәсеке. Бірінші айналымға қатысқан он төрт облыстың сегізі келесі айналымға жолдама алады. Ұпай бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізген тағы төрт облыс жартылай финалда кездеседі. Ақтық бәсекеде тиісінше ең үздік екі облыс бақ сынайды. Ең қызықты бөлім «Дарындылар додасына» қатысушылардың жасына шектеу қойылмады, онда сегіз жасар буынсыз акробаттан бастап сексен жастағы күш атасына дейін өнер көрсететін болады. Қалың көрермен халық таңдауын жасап, «Көрермен көзайымын» анықтау үшін дауыс беріп, атсалыса алады.

Жалпыхалықтық байқаудың мақсаты – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, өңірлердің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін дәріптеу. Жас таланттарды елге танытып, қазақ өнерінің көгіне жаңа жұлдыздарды шығару. Дүбірлі доданы мәдениет майталмандары, қоғам қайраткерлері, бір сөзбен айтқанда, өз саласының хас шеберлері бағалап, нағыз жүйріктерді сараламақ. Ұпай көрсеткіштері 4-тен 7-ге дейінгі аралықты құрайды. «Қазақ күресіне» төрешілік ететін – Астана қаласы «Қазақ күресі» федерациясының вице-президенті, халықаралық дәрежедегі төреші, кілем жетекшісі – Ғалым Құлекешов және белдесуде қызмет көрсететін төрешілер алқасы: ортадағы төреші – әлем жеңімпазы Ерлан Естек, қапталдағы төрешілер – ұлттық дәрежедегі төрешілер Әнуар Рахымбеков және Аян Ерназаров. Осы азаматтардың анықтаған жеңіс түріне сәйкес ұпай саны көтеріледі.

14 облыстың ішінен дараланып, оқ бойы озық шыққан үштікке қаржылай қомақты жүлде және барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен кәдесыйлар берілмек. Ендеше, күміс көмей әнші, мың бұралған биші, ботатірсек палуан мен тасада жүрген таңғажайып таланттардың басын қосқан телетартысты үзбей тамашалаңыз! Өзіңіз ұнатқан облысқа дауыс беріп, өз жүйрігіңіздің жанкүйері болыңыз!

Бағдарлама жүргізушілері: Тұрсынбек Қабатов, Әйкерім Қалаубаева
Эфир уақыты: жексенбі 13:30

Соңғы бағдарламалар

No results found.